Жемқорлықпен күресуге көрнекі құралдар көмектеседі

0 0

Жамбылдықтар сыбайлас жемқорлықпен күресте көрнекі ақпараттық құралдардың көмегіне жүгінуді жөн көріп отыр. Нақтысын айтқанда, бұл мақсатта көпқабатты тұрғын үйлердің сыртына салынған суреттер – муралдар пайдаланылмақ.
Аймақтағы осы тақырыпқа арналған алғашқы композиция күні кеше Тараз қаласының «Астана» (12) шағын ауданында пайда болды. Өнер туындысын бұл тақырыпқа арнауға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің жанынан құрылған «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі бастамашы болған. Ал тың идеяның жүзеге асуына Тараз қаласының әкімдігі қолдау көрсетіпті.
5 қабатты тұрғын үйдің бір жақ қабырғасын толықтай алып жатқан туынды «Жемқорлыққа жол берме!» тақырыбына арналған. Онда әр адамның адал жолды таңдау арқылы саналы қоғамның барлық игілігіне қол жеткізуіне болатыны көрсетілген. Атап айтқанда, суреттің астында парақорлықпен қор болған қараңғы өмір бейнеленсе, жоғарғы бөлігінде адал білім, сапалы медицина, сапалы жол, тұрғын үй мен таза қалаға жемқорлықсыз ғана жол ашылатыны суреттеледі. Ал туындының ортасында аталған жақсылыққа жол таба білген бақытты отбасының бейнесі орналасқан.
Мың бояулы бұл муралдың негізгі ерекшелігі – композицияның құрылымын толықтай «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері жасап шыққан. Сондай-ақ қағаздағы сызбаның қабырғаға түсуіне департамент бюджетінен бір тиын да жұмсалмапты. Бұл бағыттағы шығындардың барлығын шаһар басшылығы өз мойнына алған. Агенттіктің облыстық департаментінің бас маманы Айбек Әжібаевтың айтуынша, осының арқасында көзге қуаныш сыйлап, санаға ой салған көркем туынды төңірегіндегі жұмыстар екі аптаның ішінде тәмамдалған екен.

Мұратхан Әлімхан

Leave A Reply

Your email address will not be published.