Жемқорлықсыз келешек бүгіннен басталады

0 1

«Ел боламын десең бесігіңді түзе» дейді халық даналығы. Сол себептен желкенін керген жемқорлыққа қарсы күрестің мектеп партасынан басталғаны дұрыс. Бүлдіршіндерге ел мен жерді сүюді дәріптеп, ең әуелі олардың рухани жан дүниесін жетілдіруге басымдық берілуі керек. Қысқасы жемқорлық дерті өскелең ұрпаққа мықты рухани тәрбие беру арқылы ғана ауыздықталады.
Бұл орайда Н.Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернатының педагогикалық ұжымы да қоғамды дендеген дертпен күреске шама-шарқынша үлес қосып келеді. Жақында мектеп оқушыларымен «Адал ұрпақ – Мәңгілік ел болашағы» деп аталатын акция ұйымдастырылды. Оқушыларға рухани-адамгершілік пен азаматтық-патриоттық тәрбие беруді мақсат еткен шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті бастығының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, департамент жанындағы «ANTIKOR» штабының төрағасы Қасымхан Төлендиев, облыс әкімдігі білім басқармасы дене шынықтыру ғылыми-тәжірбиелік орталығының директоры Аманғали Жартыбаев, облыстық «Педагог тәлімгері» журналының бас редакторы Гүлнар Есмаханова қатысты. Шара қонақтары оқушылар арасында өткізілген «Жемқорлыққа жол жоқ!» тақырыбында ұйымдастырылған эссе, сурет, қабырға газеті байқауларының жеңімпаздарын марапаттады.
Қазіргі таңда мектеп-интернатта өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесіне сай «Адалдық дүкені» жұмыс жасайды. Бұл дүкен арқылы оқушылар өздеріне қажетті оқу құралдарын мектепте көрсеткен жетістіктеріне сай жинаған фишкаларын кассалық жәшікке қалдыру арқылы ала алады. Сатушысыз дүкенде оқушылардың өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесі қалыптасқан. Сол арқылы біз оқушылардың моральдық, ішкі парасаттылық, адалдық қасиеттерін арттыруды көздеп отырмыз.
«Адалдық сағаты» сынып сағаттары да шәкірттердің бойына адалдық – парасаттылықтың ең биік шыңы екенін сіңіріп келеді.
Болашақ бүгіннен басталады. Ендеше келешекте жемқорлықсыз қоғам қалыптастыру үшін бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде жауапкершілік танытуымыз керек.

Ельмира ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
облыстық Н.Тілендиев атындағы
мектеп-интернатының директоры,
«ANTIKOR» штабының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.