"Заң және біз"

Жемқорлықты жүгендеудің жолы қандай?

Written by Aray2005

Облыстық мәслихат аппаратының ұйымдастыруымен мемлекеттік әкімшілік қызметшілер мен депутаттар арасында еліміздің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының орындалуы талқыланған дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған облыстық мәслихат депутаттары мен аппараттың мемлекеттік әкімшілік қызметшілері қатысты.

Дөңгелек үстел түріндегі басқосу жиынына облыстық мәслихаттың аппарат басшысы Б.Күзембеков төрағалық етіп, «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы мемлекеттік бағдарламасының талаптарын орындау жөніндегі» іс-шарасын түсіндіру туралы күн тәртібіндегі мәселені таныстырып өтіп, кіріспе сөзінде аппараттың мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне Әдеп кодексі жайлы түсіндірді.
Ал депутат Г.Умаров жұмыстың бәрі мәселені шешілудің төте жолын іздеуден басталатындығын айтты.
– Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық әрекеттердің бастауы осында жатқаны анық. Осыдан келіп сізге қол ұшын созған «танысқа» көрсеткен «қызметінің» ақысына қомақты «сыйлық» ұсынасыз. Тереңірек зерделеп қарасаңыз, осылайша қоғамдағы орын алып жатқан сыбайластық әрекеттерге өзіңіздің де қатысыңыз бар болып шығуыңыз мүмкін. Сондықтан мемлекеттің дамуына тежеу салатын қоғамдық дертке қарсы күресте әр адам адал ұстанымын танытқаны жөн, – деді.
Жалпы, дөңгелек үстел отырысында депутаттар аталған бағдарламаны қолдана отырып, белсенділік танытуға, халық арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін үлес қосуға шақырды.
Сондай-ақ, жиынға қатысушылар күн тәртібіндегі мәселені қорытындылай келе, облыстық мәслихат депутаттары, аппараттың мемлекеттік әкімшілік қызметшілері өздерінің лауазымдық қызметтерін атқару барысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының талаптарын қатаң басшылыққа алуы керектігі туралы қаулы етті.

«ARAI»-ақпарат

ПІКІР