"Нұр Отан"

Жеңімпаз «жүректен жүрекке» жобасы

Written by Aray2005

«Бүркіт Deluxe» мейрамханасында «Қазақстанның үздік әлеуметтік жо­ба­лары» республикалық байқауының өңірлік кезеңі қорытындыланып, же­ңім­паздардың есімдері белгілі болды. Биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отыр­ған шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, бай­қау комиссиясының жетекшісі Мұратхан Шүкеев және «Қазақстанның үздік әлеу­мет­тік жобасы-2014» республикалық жобасының жеңімпазы Анжелика Сарьян қатысты.

Салтанатты жиында алғашқы болып сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев биылғы сәуір айынан басталған байқау өңірде екі кезеңде, алдымен аудандық, қалалық деңгейде өтіп, одан іріктелгендері өңірлік сайыста бақ сынағанын жеткізді. Жалпы, байқауға 5 бағыт бойынша 16 жоба іріктеліп алынған. Олардың қатарында Тараз қаласынан – 4, Шу ауданынан – 3, Қордай және Меркі аудандарынан – 2-ден, Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас аудандарынан – 1 жобадан бар.
– Биыл «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың 2018 жылдың 18 сәуіріндегі №004 қаулысына сәйкес елімізде «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауын өткізу туралы үлкен партиялық бастама көтерілді. Бұл әлеуметтік жобалар байқауының ең басты мақсаты – өмірлері қиын жағдайға тап болған мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға көрсетілетін әлеуметтік қызметтер сапасын арттыру мен өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған, – деген Мұратхан Жүнісәліұлы облыста мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қызмет көрсету және әлеуметтік мәселелерді шешу бағытындағы үкіметтік емес ұйымдардың өте аздығы осы жоба барысында ашық байқалғанын тілге тиек етті. Бұдан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков байқау қатысушыларына сәттілік тіледі.
– Құрметті байқауға қатысушылар мен қонақтар! Міне, алтыншы жыл қатарынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Жамбыл облысының әкімдігі, әлеуметтік сақтандыру қорының бастамасымен осындай үлкен байқау өткізілуде. Байқаудың басты мақсаты халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету болса, осы мақсатта 2013 жылы облыстық бюджеттен 45 миллион теңге қаржы бөлініп, оған 500 адам қамтылды. Биыл 29 жобаға 274 миллион теңге қаржы қаралып, 3 мыңға жуық азамат осы әлеуметтік жобаға тартылуда, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Жиынға қатысқан онкологиялық аурумен ауыратын науқастарға қолдау көрсететін «Амазонка» қоғамдық бірлестігінің басшысы Анжелика Сарьян аталмыш байқауға қатысушылардың қатары жылдан-жылға толыға түскенін, алдағы уақытта бұдан да көбейетініне сенімді екенін атап өтті.
Байқау комиссиясы шешімімен байқаудың аймақтық кезеңінде бірінші орынды «Тараз» қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Жүректен жүрекке» жобасы иеленсе, екінші орынға Жамбыл ауданынан «Айналайын» балалар мен жасөспірімдер орталығы» жастар клубы» қоғамдық бірлестігі ЮНЕСКО-клубының «Этно Арт Фест» жобасы лайық деп танылды. Үшінші орын облыстық «Онкологтар ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің «Уақытылы диагностика – денсаулық кепілі» жобасына бұйырды. Жеңімпаздар енді «Үздік әлеуметтік жобасы» байқауының республикалық деңгейінде өз жобаларын таныстыратын болады.
Осы орайда, «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының облыстық кезеңінде «Жүректен жүрекке» жобасы бойынша І орын алған «Тараз» қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ақбөпе Қаленовамен аз-кем тілдескен едік.
– Ақбөпе Тарғынқызы, алдымен сізді облыстық байқаудан жеңімпаз атануыңызбен құттықтаймыз! Осы орайда, сіз ұсынған «Жүректен жүрекке» жобасының мақсаты жайлы айтып өтсеңіз?
–Рақмет. Бала деген кез келген отбасының бақыты. Баласыз болашақ жоқ. Мемлекет басшысының «Қазақстан — 2050» Стратегиясында атап көрсеткендей, әйел баласының отбасылық тәрбиедегі алатын орны бөлек. Медициналық қызмет көрсету барысында мүмкіндігі шектеулі әйелдерде көптеген қиындықтар кездеседі. Әсіресе, ондай азаматшаларға арнайы кеңес беруден бастап, емдеу орталықтарының тиісті құрал-жабдықтарының жоқтығы, медицина қызметкерлерінің оларға деген дөрекілігіне байланысты ата-аналардың дені баладан бас тартып жатады. Осындай қиындықтарды ескере келе, 2015 жылдан бастап «Тараз» қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі «Жүректен жүрекке» атты жобаны іске асыра бастады. Жобаның мақсаты – мүгедектігі бар жүкті әйелдерге және дені сау жүкті әйелдердің құрсағындағы баласының патологиясы анықталған жағдайда оларға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсету. Осы мақсатта жедел байланыс желісі де ұйымдастырылды. Жүктіліктің басталу кезеңінен бастап баланың дүние есігін ашқанға дейінгі бақылау мен көмек көрсету шаралары жүзеге асырылады. Әрбір әйел затына қиыншылықтарға мойымай, өз жанұясының тыныштығын қорғай білуіне көңіл бөлуіміз қажет. Сол үшін күнделікті телефон желісі жұмыс атқарады, аптасына екі рет мүмкіндігі шектеулі әйелдерге патронажды бақылау жүргізіліп отырады. Сондай-ақ, айына бір рет семинар-тренингтер өткізіліп, «Аяулы ана» клубында түрлі кездесулер ұйымдастырылады.
– Өзіңіз жоғарыда атап өткен қиындықтарға тап болған азаматшаларды қайдан табасыздар?
– Қазір интернеттің дамыған заманы ғой. Біз ғаламтор арқылы, яғни, әлеуметтік желілерге хабарландырулар береміз. Ал, қиындыққа тап болған аналар сол арқылы бізге хабарласып, көмек ала алады. Мәселен, 2015 жылы құрылғаннан осы күнге дейін біз 173 отбасына көмек қолын ұсындық. Олардың арасында түрлі жағдайларға тап болғандар бар. Біздің жұмыстың психологиялық тұрғыдан ауырлығын ескерсек, ол азаматшалардың атын атауға болмайды. Дегенмен, жатырда жатқан баланың ақауы болса оны алдырып тастауға немесе туыла салып бөбектер үйіне өткізуге бел буғандарды райынан қайтарып, сәбилердің ата-анасының аялы алақанын сезінуге мүмкіндік береміз.
– Қоғамдық бірлестікте бұл бағыттағы жұмыстармен қанша адам айналысуда?
– Қазір бірлестікте 15 адам жұмыс жасап жатыр. Барлық мамандардың білімі жоғары, кез келген жанға көмек беруге машықтанған. Әсіресе, психолог мамандарымыздың жұмысы ауыр да, жауапты.
Осы орайда айта кетерлігі, біз «Жүректен жүрекке» жобасын алғаш жандандырып жатқанымызда бірлестіктің бір мүшесі қиын жағдайға тап болып, бірінші топтағы мүгедек әйелдің босануына өзіміз көмектестік. Қазір ол кісінің баласының бойында ешқандай кемістік жоқ. Міне, осы сынды оқиғалар біздің тәжірибемізді шыңдап, серпінді жұмыс жасауға мүмкіндік беруде.
– Әңгімеңізге рақмет!

Айжан Өзбекова

ПІКІР