Жеңімпаздар Мәскеуде облыс намысын қорғайды

0 0

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Химия және химиялық технология» кафедрасы және «Еврохим МХК» АҚ компаниясының ұйымдастыруымен «Минералды тыңайтқыштар» тақырыбында кейс әдісі аясында халықаралық чемпионаттың іріктеу кезеңі өтті.
Кейс әдісі командада жұмыс істеуді үйренуге, сөйлеу дағдыларын дамытуға және презентация дайындауға мүмкіндік береді. Бірақ ең бастысы, «ЕвроХим» компаниясы ұсынған материалдар негізінде шынайы өндірістік мәселелерді шешуде практикалық тәжірибеге ие болудың бірегей мүмкіндігін тудырады.
5 жыл ішінде байқауға Ресей мен Қазақстанның 12 жоғары оқу орнынан 1000-нан астам студент қатысып, олардың дені бүгінде компанияда сәтті жұмыс жасауда.
Биылғы чемпионатта Ресей мен еліміздің 25 білім ордасының студенттері бақ сынап, тау кен ісі, минералды тыңайтқыштар, логистика және сату кезеңдері бойынша сынға түсті.
Іріктеу кезеңінде қатысушыларға «ЕвроХим» компаниясының материалдары бойынша кейсті шешу міндеттелді. Және үміткерлердің ұсыныстарын «ЕвроХим» өкілдері мен М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың профессор-оқытушылары құрамынан құралған сарапшылар бағалады.
Байқау қорытындысында «Алмаз» командасы бас жүлдені жеңіп алса, «NPK» командасы екінші орынға тұрақтады. Үздік үштікті «Минерал» командасы түйіндеді. Енді «Химия және химиялық технология» кафедрасының құрама командасы келер жылдың ақпан айында Мәскеу қаласында өтетін финалдық кезеңде облыс намысын қорғайтын болады.

А.Нұрлыбаева, А.Дәрменбаева,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың
«Химия және химиялық технология»
кафедрасының оқытушылары

Leave A Reply

Your email address will not be published.