Жеңіс күні – Отан қорғаушылардың ерлігі мен батылдығының символы

0 1

Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!
Құрметті сарбаздар мен офицерлер!
Құрметті жамбылдықтар!
Сіздерді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығымен және Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл екі мерекенің қатар аталып өтілуі айрықша мазмұнға ие! Олай дейтініміз Қазақстан Қарулы Күштерінің сарбаздары мен офицерлері әкелеріміз бен аталарымыздың даңқты жауынгерлік дәстүрлерін лайықты түрде жалғастырып және мемлекетіміздің тәуелсіздігін қорғау жолында абыройлы қызмет етуде.
1945 жылдың мамыр айы фашизмді жеңген күн ретінде тарихта қалары сөзсіз әрі уақыт өткен сайын мәні арта түседі. Бұл мереке Қазақстан халқы үшін маңызы зор. Екінші дүниежүзілік соғыс майданына Жамбыл облысынан 120 мың адам аттанған. Олардың көпшілігі туған жерінен жырақта жер құшты. Соғыстың зардабын тартпаған отбасы кемде-кем.
Жеңіс күні – Отан қорғаушылардың ерлігі мен батылдығының символы. Бұл жеңіс баршаға ортақ. Оған бәрі бірдей үлес қоса білді. Тыл еңбеккерлері әскерді үздіксіз азық-түлікпен, киім-кешекпен, қару-жарақпен және оқ-дәрімен қамтамасыз етіп, оны жақындатуға өз үлестерін қосты.
Майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерліктері туралы естеліктер халықтың, кейінгі ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталмақ. Біз олардың құрметіне ескерткіштер тұрғызып, есімдерін көшелер мен алаңдарға бердік. Ешкім де ұмытылмайды, ештеңе де ұмытылмайды! Батырларға мәңгілік тағзым!
Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын! Біздің сүйікті Отанымыз – Қазақстан Республикасының өркендеуі жолындағы жұмысымыз жемісті бола түссін!
Сіздерге зор денсаулық пен амандық, берекелі өмір және жарқын болашақ тілейміз!

Құрметпен,
облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.