Жамбыл жаңалықтары

Жеңіс мейрамы «Жеңіс» саябағында тойланады

Биыл 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесін тараздықтар мен қала қонақтары Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында кең көлемде атап өтетіні белгілі. Көлемі 15 гектарды құрайтын саябаққа жаңғырту жұмыстарын жүргізу 15 наурызда қолға алынғаннан бастап еңбек көрігі қыза түскенін қала жұртшылығы жақсы біледі. Мерейлі мереке қарсаңында біз де саябаққа арнайы барып, ондағы құрылыс жұмыстарының қарқынымен тағы бір танысып қайтқан едік.

Аталған уақыт аралығында саябақ алдындағы І.Жансүгіров көшесінің жағалауы мейлінше кеңейтіліп, тағы бір жол жолағы қосылды. Демалыс орнының қақ ортасына «Мәңгілік алау» мен Кеңес Одағының Батыры Б.Момышұлының ескерткіші қойылып, олар алыстан менмұндалайды. Оған барар жолдың екі шетіне көрнекті әрі үлкен әріптермен «1941-1945» деп жазылыпты. Жол-жөнекей бес жұлдыз, қазақтың қошқар мүйіз оюы пішіндес болып орнатылған гүлзарлар көздің жауын алады. «Батырлар» аллеясында облыстан шыққан 48 Кеңес Одағы Батырларының есімдері ескерткіштің қос қапталынан орын тепкен арнайы тақтайшаларға жазылып, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 105 мыңнан астам жамбылдық жауынгердің тізімі «Даңқ» аллеясы» стеласынан көрініс тапқан.

Осы тұста саябақтағы көгалдандыру, көгеріштендіру және басқа да құрылыс жұмыстарын өз көзімен көруге келген Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовпен сұхбаттасудың да сәті түсті.
– Жалпы, саябаққа жаңғырту жұмыстары үш кезең бойынша жүргізілуде. Бірінші кезең бойынша «Ерлік» мемориалдық кешенін жасақтауға басымдық беріліп жатыр. Мұндағы «Мәңгілік алау», батыр Б.Момышұлының ескерткіші, «Батырлар» аллеясына қатысты жұмыстар толық аяқталған. Енді тек, абаттандыру, саябаққа келушілердің тыныстауы үшін арнайы орындықтарды орнату сынды шаруалар қалды. Бір сөзбен айтқанда, алғашқы кезеңдегі жаңғырту жұмыстары 95 пайызға аяқталып отыр. Екінші кезекте алдағы уақытта соғыс және тыл ардагерлерінің түрлі шараларын ұйымдастыру үшін мұражай бой көтермек. Қару-жарақ техникаларынан жасақталған ашық аспан астындағы көрме орнату да жоспарда бар. Саябақтың Қазыбек би және Қонаев көшелері аралығында орналасқан «Үшбұлақ» каналының бойынан демалушылар үшін арнайы жағажай ашылып, суға қайықтар жіберілмек. Сондай-ақ, каналдың оң жағалауынан веложол салынады. Саябақты қайта жаңғыртуға жергілікті бюджет есебінен 370 миллион теңге бөлінді. Екінші кезеңнің жұмыстары биылғы қазан айында аяқталады деп күтілуде, – дейді Ғалымжан Райылұлы.

Жалпы, жаңғырту жұмыстарын жүргізуге «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер ретінде танылған. Аталған серіктестіктің құрылыс-жөндеу учаскесінің басшысы Талғат Зәуірбековтің айтуынша, саябақ ішіндегі «Мәңгілік алауға» жарық, газ жүйелерін тарту жұмыстары аяқталған. Қуатты құрылыс техникалары бүгінде канал маңынан салынатын жағажайды ретке келтіру қамына кірісіпті. Негізгі мердігер кәсіпорын мен ортақ мүддеге жұмылған «Мелиоратор», «ДрайзерСтройПроект», «Жаңа-Кемер Құрылыс», «Фортис», «Энерджи Тараз» «Темірбайлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің құрылысшыларын қосқанда мұнда 300-ге жуық адам жұмыс істеуде. Одан бөлек, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты бірді-екілі әскери бөлімдердің сарбаздары да қол ұшын созуда.

Саябақ іші «Мәңгілік полктің» жүріп өтуіне ыңғайластырылып жасалғаны да көңілге қонып-ақ тұр. Әскери шеруге қатысатын сарбаздар да сапта жүру дайындығын бастап кетіпті.
Мұндағы құрылыс жұмыстарының жүргізілу қарқыны саябақты қайта жаңғыртудың бірінші кезеңі 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне дейін аяқталатынына күмән келтірмейді. Ең бастысы, саябақтың қазіргі сән-салтанаты қала тұрғындарының көңіліне қуаныш ұялатуда.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР