Жеңіс-75

Жеңіс сарбазы

Written by Aray2005

Соғыс ардагері Рақыжан Ерсейтов жайлы мөлтек сыр

Өткен 2019 жылдың соңына таман Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев маған телефон соғып, кейінгі кездері Рахаң жайлы (Рақыжан Ерсейтов) баспасөз беттерінде аз жазылып жүргенін айтты. Ағамыздың атын бұлай ескерусіз қалдыруға болмайтынын, ағайдың тарих бетінде қалған атқарған істерін жастардың құлағына құйып, замандастарының есіне салып тұру керектігін ескертіп еді. Одан бері біраз уақыт өтсе де, Батекеңнің өтінішін орындауға мүмкіндік болмады.
Осыдан бес жыл бұрын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысының қатысушысы, Сарысу, Талас аудандарының Құрметті азаматы, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Жамбыл облыстық Ардагерлер ұйымының Құрметті ардагері, Талас ауданын 20 жыл басқарған Ерсейтов Рақыжан ағамызбен ауыр науқастанып жатқан кезінде жолығып, әңгімелескенбіз. Сол әңгімені кезінде ағамыздың өзінің қарсы болуымен баспасөз бетінде жарияламап едік. Енді міне ағаның өзінің өмірден өткенінен 5 жылдан кейін, Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында ол кісінің жарқын бейнесін еске ала отырып, жариялауды жөн көрдік. Ағамыз өзі қиналып жатса да бойына бар күшін жинап, біраз әңгімесін айтып еді…

– Рақыжан Ерсейтұлы, сіздің қатарларыңыз соғыс кезінде әскерге баруға жасы жетпеген, мектеп оқушылары еді ғой. Сіз майданға қалай аттандыңыз?
– Иә, соғыс басталған жылы біз мектеп оқушысы едік. Мен бастауыш сыныпта оқитынмын. 1935 жылы мектепке кіріп, 1944 жылы Байқадамда 7-сыныпты бітіргенмін. 8-сыныпқа келгенде оқитын бала да, оқытатын мұғалім де аз болып, аудан басшылары Жұмаділда Ынтымақов екеумізді Жаңаарық ауылына мұғалім қылып жіберді. 1941 жылы мектепте комсомолға өту үшін жасымды бір жасқа өсіріп, құжаттағы туған жылымды 1926 жылғы қылып өзгерткенмін. Ел басына ауыр күн туғанда, ауылда кемпір-шал, бала-шағаның арасында азамат басымызбен қарап жүрудің өзін ұят көріп, 1943 жылы әскерге сұранғанымда, «Әлі жассың, келесі жылы шақырамыз» деп қалдырған болатын.
Содан 1944 жылдың желтоқсанында құжаттарыма сәйкес жасым 18-ге толып, әскерге алындым. Соғыс аяқталып қалса да сол 1926-1927 жылы туған 41 баланы Байқадамнан соғысқа аттандырды. Олардың ішінде кейін елге аман-есен келіп, үлкен қызметтер атқарған Жұматай Адамбаев, Төкен Омарбеков, Құлынтай Кенжебеков, Қабыл Ібіжанов, Фазыл Құлжанбеков, Төребек Божымбаев сынды біраз жігіт болды. Алғашқы кезде бізді Оралдағы резервте тұрған әскерге қосты. Ол жерде біраз әскери жаттығулардан өтіп, Оңтүстік әскери округінің 3-Украин майданында соғысып жатқан 17-әуе күштері әскерінің 322-атқыштар полкіне жіберілдім. Осы армияның құрамында 1945 жылдың ақпан айынан 1950 жылдың тамыз айына дейін әскери қызмет еттім. Сол дивизияның құрамында Украинаның Харьков, Румынияның Бухарест, Констанция, тағы да басқа қалаларын жаудан тазарту операцияларына қатыстым. Румынияға барған кезде бірге болған молдаван солдаттары қашып кетті. Сөйтсек олардың тілдері де, шыққан тегі де румындармен бірдей екен. Румынияның Констанция қаласында тұрған кезде 336-атқыштар полкының штабында күзетте болдым. Соғыс 1945 жылы 9 мамырда жеңіспен аяқталғанымен жау жерінде тұрған Кеңес әскерлері үшін соғыс біте қоймады. Елге бірден қайтармады. Қайта жаттығу, әр түрлі әскери дайындықтар күшейе түсті. Себебі Американың атом бомбасын жаруы, Жапониямен соғыс, одан кейінгі «қырғи қабақ соғыс» деген саясаттың кесірінен болды мұның бәрі.
– Сіз сонда соғыс біткеннен кейінгі ішкі диверсиялық соғыстарға да қатысқан болдыңыз ғой?
– Әрине, соғыс бітіп, Жеңіс тойы тойланғаннан кейін де соғыс жүріп жатты. Әсіресе, немістер Еуропаның басып алған қалаларынан айырылғысы келмеді. Алты жыл әскерде болғандағы негізгі міндетіміз – негізінен өзіміз жаудан азат етіп алған елдеріміздің жау жағына шығып кетпей, Кеңес одағымен достастықтағы мемлекеттер етіп қалыптастыру болды ғой.
Румынияда демократиялық қоғам құруға біз дивизиямызбен қатыстық. Олар да бірден беріле қойған жоқ. Соғыс бітті дегенмен, астыртын дұшпандық әрекеттер жүріп жатты. Түнде казармаға, комендатураға шабуыл жасап, солдаттарды өлтіріп кету, қоймаларды тонау сияқты оқиғалар болып жатты. Бірде түнгі күзетте №1 нысанда (дивизияның қару-жарақ қоймасы) тұрған кезімде қараңғыда бір «сиыр» мен тұрған постқа жақындап келе жатқанын байқадым. Абайлап қарасам, аяқ жағы тым жуан. Мал арасында өскен қазақ баласы емеспіз бе, қанша мал көріп жүріп мұндай жуан сирақты сиыр көрмеппін. Содан секем алып, барып айдап жіберейін десем, постыны тастауға болмайды. «Стой, кто идет?!» деп команда берсем, жауап бермейді. Екінші рет «Стой, стрелять буду!» десем, оған да тоқтамады. Не істерімді білмей біраз абдыраңқырап тұрып, ақыры үшінші рет тағы да ескерттім. Оған да қарамаған соң жаңағы «сиырдың» жоғарғы жағын алып, бір оқ аттым. Негізі себепсіз оқ атуға да болмайды. Сол кезде барып, жаңағы «сиырым» төртке бөлініп, дереу қашпақ болды. Сол сәтте екінші рет біреуін аяғынан атып, жаралап, жаңағы қашқанды ұстамақ болып соңынан жетіп бара бергенімде қарауыл бастығы капитан «Кто стрелял?» деп жаныма жетіп келді. Жаңағы жаралы жауды және тағы біреуін ұстап алдық. Сөйтсек, олар үлкен бір диверсиялық топтың мүшелері екен. Олардың аты-жөндерін, жасырынған жерлерін барлығын біліп, қолға түсірдік. Осы жасаған «ерлік әрекетім» үшін дивизия командованиесінен Алғыс алдым.
Мен енді жауапты әскери міндеттерді атқаруға лайық жауынгер ретінде үлкен сенімге ие болдым. Сөйтіп, сырттағы күзеттен штабқа, дивизия командирі – генералдың жеке күзетіне ауыстырылдым. Штаб бастығы полковник генерал сырттағы жұмыстарымен айналысып кеткен кейбір кездерде маған өзінің бір қағаздарын көшіртіп жаздыратын. Менің қолтаңбам ұнап, ол командирге айтып мені өзіне көмекшілікке ауыстырып, писарь етіп алды. Дивизияның штабында писарь болу деген – әскердегі абыройлы қызмет. Генерал штабта жүрген кезде де үнемі жеке күзетінде боламын. Осылай абыройлы қызмет ете жүріп, бірде постта күзетте ұзақ тұрып, шаршағандықтан әрі «сменщигім» келе қоймаған соң бұрышта тұрған орындыққа сәл отырып едім, көзім ілініп кетіпті. Бір кезде бір ақ сақалды, ұзын бойлы келген қарасұр кісі келіп «Өлдің ғой, балам!» деп, жағымнан тартып жіберген кезде көзімнің оты «жарқ» ете қалды. Орнымнан атып тұрсам төменгі қабаттан баспалдақпен бір топ өңкей сарыала киінген дөкейлер жақындап келіп қалған екен. Есіктің алдында автоматымды көлденең ұстап тұрған маған солардың біреуі «Генерал өзінде ме?» деді. Мен «Пароль?» дедім. Ол маған «Солдат, ты что не знаешь нашего командующего? Я тебя сейчас в гаупвахту закрою!» деп айқайлап еді, үлкен генерал «Отставить, солдат правильно поступает. Ты лучше назови пароль» деді. Анау парольді дұрыс айтқан кезде барып өкшемді сарт еткізіп, есікті ашып, жол бердім. Жаңағы келген генералдар мен полковниктер Армия командирі генерал-лейтенант Судец бастаған үлкен әскерилер екен. Менің айтайын деп отырғаным, жаңағы ғайыптан пайда болған қария мені оятпағанда мен сол бетіммен, әскери посттағы генералдың күзетінде ұйықтап кеткенім үшін алатын жазамды ойға алудың өзі қорқынышты еді. Қазір қаншама жыл өтсе де сол қарияның мені бірнеше рет ажал аузынан алып қалып отыруы – елімнің тілегі, атамның әруағының қорғап, жебеп жүруі екен ғой.
Кейін Украинада Харьковте тұрдық. Сол жердегі бендеровшілерден де көп қиыншылықтар көрдік. Сыртқы жаумен соғысудан көрі ішкі жаулармен соғысу мүлдем басқа екен. Біздің әскердің алдына қойған міндеті – фашистік Германияға қарсы соғысып, оларды елімізден қуып шығу болса, бұл бендеровшілер соларға жақтасып, Кеңес жауынгерлерінің ішінен іріткі салуды көздеді. Жансыздарын жіберіп, деревнялардағы халықты Кеңес әскерлеріне қарсы қойып, ашық соғысқа шықпай, сатқындық әрекет жасаумен айналысты. Оларды жою операцияларына қатыстық. Осы операцияға қатысу барысында «Батылдығы үшін» медалімен марапатталдым.
Бұдан кейін де Еуропаның біраз мемлекеттерінің, Чехословакия, Венгрия жерлерін жаудан тазарту операцияларына қатысып, шетелдерде қырылып қалған аты-жөні белгісіз қаншама боздақтарды көзіміз көрді. Окоптардың ішінде көмусіз жатқандарын бір жерге жинап, «Белгісіз жауынгер» қорымына жерледік. Ауылда жүріп, жасымды өсіріп, әскерге сұранғандағы арманым – немістерді қырып, жеңіске жету еді. Енді міне, сұм фашистердің жақтастарымен – ішкі жаулармен соғысу болды міндетіміз. «За боевые заслуги» және бірнеше әскери медальмен марапатталуға лайық болдым.
– Аға, сіздің әскери формаңыз әуе әскери флотының формасына ұқсайды екен?
– Иә, әңгіменің басында айттым ғой, мен қызмет қылған әскери округ Оңтүстік Украин соғыс флотының №17 әуе-әскери армиясы болды деп.
Кейін біз 336-әуе полкі құрамымен Ярославль облысына ауыстырылдық та, сол жерде 1948-ден 1950 жылға дейін авиаполигонда қызмет еттік. Полигонда фанерден және жерге әк төгу арқылы ұшақтардан басқа да нысандардың сұлбасын жасаймыз. Ұшқыштар бомбалаушы ұшақтармен ұшып өтіп, жаңағы сұлбаларды атқылап кетеді. Жерде командир бақылап отырады да, кезекпен шақырады. Жердегі қызметкерлер қайсы ұшқыш дәл тигізді, қайсыныкі мүлт кетті, соның бәрін қағазға жазып, сызып әкелеміз. Сонда мен бір өзбек ұшқышының көрсеткіштерін көбейтіп әкелемін.
Полк командиріміз кейде үйіне көмектесуге жіберіп тұратын. Әйелі татар ұлтының қызы екен. Мені «бауырым» деп, жайшылықта да үйіне шақырып, неше түрлі тамақ пісіріп, қонақ ететін. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген ғой, қаны бір адамдар бір-біріне бауыр тартып тұрады екен. Елді, ата-анаңды, жерді сағыну деген адамға қатты әсер етеді екен. Румынияда жүргенімізде бір күні алаңда радиодан концерт беріліп жатқан. Бір уақытта Роза Бағланованың әні басталғанда қатарда тұрған солдаттардың арасынан қазақ жігіттер атып шығып, радио түбінде бағананың басында ілулі тұратын рупордың түбіне жиналып, бір-бірімен құшақтасып, ал келіп еңіреп жылайық. Міне, сағыныш деген қандай? Розаның әні командирдің айқайына, «Атамын, қатарға тұрыңдар!» дегеніне қарамастан, қазақтардың бауырластығын арттырып жіберді. Қашан ән біткенше бала жігіттер қорсылдап, пысылдап көз жастарын тыя алмады.
– Соғыстан кейін әрмен қарай да елге әскери маман ретінде қызмет ету ойыңызда болмады ма?
– Әрине, болды ғой. Әскери міндетіміз аяқталып, үш жігітті – мені, Сұлтан Сатығұлов және Қарағандыдан Зекен деген азаматты әскери училищеге жіберетін болды. Барамыз дедік. Содан үшеумізді командиріміз Бондаренко шақырып алды да, есікті жауып қойып, ақылын айтты. «Сендер әскери боламыз деп әуре болмаңдар. Алты жыл болды елдеріңе барған жоқсыңдар. Міне, мына мен әскеримін. Не үйім жоқ, тұратын жерім жоқ. Қайда айдаса сонда барамыз. Не отбасым жоқ. Сендер де сондай боласыңдар ма? Одан да елдеріңе қайтыңдар!» деп үгіттеді. Содан біз Зекен екеуміз бармай қалдық, Сұлтан барыпты. Әскери жолды таңдапты.
Жеңісті Румыния жерінде қарсы алдық. Соғыс біткен соң, бес жылдан кейін ғана 1950 жылы кіші лейтенант офицер дәрежесімен елге қайтарылдым. Әскерде жүріп, 1946 жылы КПСС мүшелігіне кандидат, 1949 жылы КПСС мүшелігіне қабылдандым. Осылайша бүкіл еліміздің басына төнген қауіп-қатерден елімізді арашалауда біздің де үлесіміздің бар екеніне шүкірлік етіп, халқымыздың алдындағы арымыздың тазалығынан елге ашық жүзбен қарай аламын…

ТҮЙІН

Иә, Ұлы Отан соғысына қатысушы, бейбіт күндегі әскери дәрежесі майорға дейін өскен Рақыжан Ерсейтов ағамыздың «Халқымыздың алдындағы арымыздың тазалығынан елімнің бетіне ашық жүзбен қарай аламын» деген сөзінің астарында үлкен мағына жатыр. Қашаннан «қара тілдің майталманы» атанған ағамыз аз сөзбен-ақ үлкен ойды айтуға шебер. Өмірінің бастауын неше түрлі қиыншылықпен бастап, Тағдырдың талай тәлкегіне түссе де сынбай, өзін бесіктен белі шықпай жатып 1930-32 жылдардың ашаршылығымен, одан есін жия бергенде қан-майданымен шынықтырған Кеңес үкіметіне барынша адал болып, соғыстан кейінгі бейбіт заманда да елге қызмет жасады. Алты жыл бойы ішкі жаулармен айқасқан, әскери тәртіппен қалыптасқан азамат өмірінің соңына дейін «Тәртіп» деген биік те қасиетті ұғымды жоғары ұстап, Бауыржан ағамыздың «Тәртіпке бағынған ел – құл болмайды» деген ұстанымын санасында мықты сақтады. Сол темірдей тәртібінің арқасында Қазақстандағы халқы айрандай ұйыған, батырларының саны бойынша алдына ешкім шыға алмаған Таластай атақты да, айбынды ауданның басшысы болып, 20 жылдан аса елге қызмет етті. Артта қалушы ауданды Республиканың алдына шығара білуінің өзі – «ЖЕҢІС САРБАЗЫ» деген атына сай абырой. Бүгінгі жастарымызға кімді үлгі етеміз десек, осындай Отан үшін от кешкен Рақыжан Ерсейтов ағамызды үлгі етейік, ағайын!

Сатыбалды ДОСЫМБЕКОВ,
Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері

ПІКІР