Жамбыл жаңалықтары

«Жеңіс» саябағы жаңғыруда

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасына сәйкес Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын жаңғырту жұмыстары жедел қолға алынған болатын. Қазір мұнда қауырт тірлік. Саябақты мүлде жаңа қырынан сәулеттендірудің бір сәтке де саябыр таппауының себебі де бар. Өйткені, тараздықтар биыл 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесін осында атап өтеді.

Саябақты қайта жаңғырту үшін жергілікті бюджет есебінен 370 миллион теңге қаражат бөлініп, игерілуде. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы аясында жаңғырту жұмыстарына бірнеше компания жұмылдырылған. Бас мердігер – «Жасыл Ел Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сонымен қатар «Мелиоротор», «ДрайзерСтройПроект», «Жаңа-Кемер Құрылыс», «Фортис» серіктестіктерінің де өздеріне жүктелген міндеттемелері бар.

Біз арнайы барғанда саябақтағы қызу еңбектің үстінен түстік. Бір топ жұмысшы «Мәңгілік алау» және халқымыздың қаһарман ұлы Б.Момышұлының ескерткіші орналасатын тас тұғырды бетоннан құйып жатты. Негізі, тұғыр дайын болса, облыстық қазақ драма театрының алдындағы Б.Момышұлы ескерткіші осында көшіріліп әкелінеді. Енді бір топ «Мәңгілік алау» күндіз-түні жанып тұруы үшін оған табиғи газ жүйесін жүргізуде. Электр сымдары да жер астымен тартылып жатыр. Сонымен қатар, саябақ ішіндегі тал-дарақтар да ретке келтіріліп, бұтақтары күзелуде.

Нысанның қарсы алдында, көлденең жатқан Жансүгіров көшесі де алыстан көз тартады. Жағалай орналасқан талдар кесіліп, жол бойы тағы бір жолаққа кеңейтіліпті. Асфальт төсеу жұмыстары кеше ғана аяқталыпты.

– Мұнда құрылыс жүргізіп жатқан мердігерлерден бөлек, «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің экскаватор, кран, «КамАЗ» секілді ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері мен жауапты мамандары, жұмысшылар қауымы жұдырықтай жұмылуда. Жұмыс уақыты таңғы сағат 7. 00-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін жалғасуда. Міндетіміз – кесілген, шабылған талдарды жүк көлігіне тиеп, өзге де қоқыстарды шығару. Қазір шамамен күніне 10 «КамАЗ» қоқыс шығарудамыз. Ала таңнан қара кешке дейін тыным таппай жұмыс жасауымыздың себебі – межелі уақытқа дейін белгіленген жұмыстарды аяқтауымыз керек. Өйткені, айтулы мерекені тойлауға небәрі бір айға жетер-жетпес уақыт қалды, — дейді «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шебері Арайлым Арыстанова.
«Мәңгілік алау» және Б.Момышұлының тұғыртасы гранитпен қапталады екен. Саябақтың кіреберісіндегі үлкен қақпаның екі қапталы бүгінде бетоннан құйылып, дайын тұр. Білгеніміздей, қақпаға саябақтың аты екі тілде жазылатын көрінеді.

– Мұнда облысқа аты мәлім 48 батырдың есімдері жазылған арнайы тақтайшалар орнатылған «Батырлар аллеясы» бой көтеріп, «Даңқ» монументі орнатылады. Монументке облыс аумағынан кезінде Ұлы Отан соғысына аттанған жауынгерлердің тізімі жазылады. Бүгінде олардың тізімі облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы арқылы анықталуда, – дейді «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Мұхамеджан Арзымбетов.

Сонымен қатар, осы аумақта соғыс және тыл ардагерлеріне арналған мұражайдың іргетасы қалануда. Саябақта интернационалист жауынгерлерге де арналған мемориал орнатылмақ.
Мұндағы бұдан бұрын орнатылған Ауған соғысы, Семей ядролық сынақтар және Чернобыль атом электр станциясындағы болған апатқа қатысушыларға арналған ескерткіштің орны ауыстырылып, оның келбеті қайта өңдеуден өткізілмек. Негізгі нысандардың құрылысы аяқталғаннан кейін саябаққа кеспекше тастар (брусчатка) төселіп, абаттандыру, көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстары жүргізіледі.
Ал, таяу арада «Зербұлақ» каналының Қазыбек би және Қонаев көшелері аралығындағы жағалауында демалыс орны жасақталып, веложолдар салу ісі қолға алынбақ.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР