Қоғам

«Жеңіске» жеткен жетістік

Күнделікті күйкі тірлік демесек те, апта бойына жұмыстан бас алмай, шаршаңқырағандардың кейбірі бір күнгі демалысында қармағын алып, балық аулауға кетсе, енді бірі ауылға барып атқа мінгенді немесе аңға шыққанды жөн санайды. Әйтеуір, әркім қал-қадірінше таза ауада тыныстап, жаны сүйген ермегіне қол созу арқылы бойына күш-қуат жинап қайтады. Ондайға мүмкіндігі жоқтарға, әсіресе тағдыры тас қабырғаға телмірткен ықшам аудан тұрғындары, оның ішінде зейнеткерлерге саябақ атаулының бір мезгіл бой сергітіп, жан семірту үшін таптырмайтын орын екені анық. Бір айта кетерлігі, Тараз қаласында біз білетін алты-жеті саябақ бар болса, оның кейбірі тұрғындардың бос уақыты мен демалыс күндерінде сейіл құруына жарап тұрған жоқ. Анығын айтқанда, саябақтардағы тал-дарақтың қураған, күзелмеген бұтақтары, жалпы, күтім көрмегені көңіл құлазытқаннан бөлек, көзге қораш та көрінеді. Солардың бірі – Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы. Бүгінде осы саябақты жаңғырту жұмыстары жедел қолға алынып, талдары күзеле бастағанын көзіміз шалған соң, арнайы бардық. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Жандос Өмірзақовты сол жерде жолықтырдық. Ол облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен жаңғырту жұмыстары қолға алынғанын, осы мақсатқа барлығы 370 миллион теңге бөлінгенін айтты.

– Саябақтың аумағы 15 гектарды құрайды. Жоба бойынша алдағы уақытта мұнда Ұлы Отан және Ауған соғысы мен тыл ардагерлеріне арналған музей бой көтереді. Ел қорғаған ерлердің есімін ел жадында сақтау үшін олардың аттары арнайы тасқа қашалып жазылмақшы, яғни жаңадан ашылатын «Жауынгерлік даңқ аллеясы» мемориалды композициясы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне арналады.
Қаланың әр жерінен орын тепкен «Ауған соғысы ардагерлеріне арналған» ескерткіш пен «Мәңгілік алау» және Б.Момышұлы ескерткіші осында көшіріліп әкелінеді. Саябақ Жеңіс күніне арналған ірі шаралардың бірі – «Мәңгілік полк» жүріп өтетіндей әлеуетке ие болады. Даңқты жауынгер, батыр бабамыз – Бауыржан Момышұлының ұрпақ тәрбиесіне қатысты айтқан қанатты сөздерін де тақтайшаларға жазып қою жоспарда бар. Саябақтың алдындағы Жансүгіров көшесі кеңейтіліп, бұрынғы «Еуразия» кинотеатры жастар орталығына айналдырылмақ. Бұдан бөлек, осы жылы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябаққа да жаңғырту жұмыстары жүргізілмекші. Әзірге, 1 сәуірге дейін қала тұрғындары мен сәулетшілерден саябақтың келбеті, онда қандай нысандар орналасатыны жөнінде ұсыныстар қабылдануда. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» демекші, көпшілік тарапынан айтылған ұсыныстар екшеліп, сараланғаннан кейін жаңғырту жұмыстары басталады, – дейді ол.

Тағы бір айта кететіні, саябақ арқылы өтетін Қарасу өзенінің Қазыбек би көшесі мен Зербұлаққа дейінгі аралығындағы жағалауы ретке келтіріліп, түрлі демалыс орындары ашылады деп күтілуде. Саябақ ішінен жаяу жүргіншілерге және велосипедке арналған жолдар пайда болмақ. Аталған саябақтың жаңғыртылатынынан толық хабардар тұрғындардың бірі – Салтанат шағын ауданының тұрғыны, зейнеткер Зада Жолдасбаева.

– Менің жасым 70-те. Осы маңға жақын тұратындықтан, тек мереке кезінде ғана емес, әркез 3 жасар немере қызымды ойнату үшін осында келіп тұрамын. Жалпы, Т.Рысқұлов ауданындағы Луговой ауылынанмын. Ол жақтан да кейде немерелерім келе қалса, қаланың ішіндегі көрікті жерлерді аралатып тұратын жайымыз бар. Осы саябақтың жаңғыртылатынын, жалпы, бұл жер демалыс орны ғана емес, ұрпақ үшін патриоттық тәрбиенің көзі болатынын көпшілік жарыса айтып жүр. Жұртшылықтың қарбалас тірліктен бір сәт сергіп, бой жазуы үшін осындай демалыс орындарының көрікті болғаны дұрыс. Алдағы уақытта бұл жер заманға сай жаңғыртылып, көз тартар гүлзарлар мен айналаға жарығын шашатын шамдар орнатылатыны бізді қуантуда. Десе де, осындай көпшілік орындарда әжетхана болса деген көптің тілегінің ескерілуі жөнінде өтінішіміз бар, – дейді Зада Қаратайқызы.

Саябақ маңында қызу жұмыстың қолға алынғаны ондағы еңбек адамдарының дамылсыз қимылынан анық байқалады. Тал кесетін ара мен түрлі техниканың даусы құлақ тұндырады. Жаңғырту жұмыстары сеніп тапсырылған «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыс-жөндеу учаскесінің басшысы Талғат Зәуірбековтің айтуынша, әзірге іске 50 адам мен эксковатор, кран, «КамАЗ» секілді бірқатар техникалар жұмылдырылыпты.

– Жаңғырту жұмыстары 15 наурызда басталды. Содан бері саябақтағы ретсіз өскен тал-дарақ кесіліп, ағаштар бұталды. Кіреберістегі ескі субұрқақ бұзылып, орны тегістелді. Бұрынғы тас төсемелер түгелдей алынып, жаңасына алмастырылады. Мұндағы стела да алынбақ. Жаңғырту жұмыстарын 9 мамыр – Жеңіс мерекесіне дейін бітіруіміз қажет. Алдағы бір-екі күнде «Мелиоратор», «ДрайзерСтройПроект», «Жаңа-Кемер Құрылыс», «Фортис» секілді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер негізгі жұмысты бастайды, – дейді Талғат Бөкейханұлы.

Осы ретте, кезінде сенімгерлік басқару арқылы саябақты пайдалануға алған бір мекеме оны гүлдендірудің орнына жүдетіп, жұмысын қожыратып жібергенін айта кеткен орынды. Әлгі мекеме жұртшылықтың дұрыс демалуын қамтамасыз ете алмағаны өз алдына, саябақ ішіндегі қоқыс қалдықтарына қарап, олардың тазалыққа да жете мән бермегенін байқауға болады.
Мүмкіндікті пайдалана отырып, саябақты жаңғыртуға жан жылуын жұмсап отырған облыс басшылығына деген қала жұртшылығының риясыз сезімін жеткізгенді жөн көрдік.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР