Жеңісті жақындатқан полковник Дармаханов

0 1

Талай боздақтың жас өмірін қыршынынан қиған Екінші дүниежүзілік соғыс қазақ елі үшін де орны толмас қайғы-қасірет әкелді. Сол бір зұлматты жылдарда қара жамылмаған үй кемде-кем шығар. Мұны майдан даласына өз өңірімізден аттанған 100 мыңнан астам жерлесіміздің, бестен бір бөлігіне жуығы ғана туған жеріне аман-есен орлауынан-ақ аңғаруға болады. Оның көбісі елге мүгедек болып оралса, майдан даласында қаза тапқандары да аз емес. Хабар-ошарсыз кеткендері қаншама?..

1945 жылғы Ұлы Жеңіс туының желбіреген сәтін өз көзімен көрген жамбылдық 8 мыңнан астам Ұлы Отан соғысы ардагерлерінен қазір көзі тірі қалғаны небәрі 58 ғана. Соның бірі – Тараз қаласының тұрғыны, запастағы полковник Халиулла Дармаханов. Ол биыл 98 жасқа толып отыр. 1922 жылы қазіргі Түркістан облысы Түркістан қаласында дүниеге келіп, 19 жасында Түркістан аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылған сарбаз алдымен Пенза артиллериялық училищесіне оқуға жіберіледі. Училищенің жеделдетілген курсын бітірген жас жауынгер 20 жасында кіші лейтенант атағын алып, 143-жеке армияның миномет батареясы командирі ретінде майданға аттанады.
– Ұлы Отан соғысы басталғанда педогогикалық училищенің соңғы курс студенті едім. Сол кезде өз еркімен сұранып, Пенза қаласындағы Пенза әскери миномет училищесіне оқуға түстім.Училищеде әскери ұрыс-қимылдардың әдіс-тәсілін жете меңгердік. Соғыстағы материалдық жағдайды қамтамасыз ету, калибрлі қару және минометтерді пайдалану, химиялық қарудан қорғану, артиллериялық құралдар байланысын меңгеру секілді тәсілдерді үйрендік. Соның ішінде оқ ату және жер үсті артиллериясы ережелері бағдарламасын терең меңгеруімізге тура келді. Өйткені бұл бағдарлама өзім секілді курсанттардан математика, геометрия, тригонометрия заңдылықтарын жетік меңгеруді талап етті. Уақыты келгенде училищені аяқтап, үстімізге артиллеристің офицерлік қара түсті, иығында алтын тәрізді жапсырмасы бар формасын кидім. Одан кейін майдандағы жорығымыз басталды. Біздің артиллерия Мәскеуден Сталинградқа бағыт алды. Түнде жас офицерлер тобы Қамысты қаласына келіп тоқтады. Майдан штабында бізді бірнеше бөлікке бөлді. Мені Ленский жеке әскери миномет полкінің Бас қолбасшылығы резервінің взвод командирі лауазымына тағайындады. Сол күні-ақ жан алысып, жан беріскен сұрапыл соғысқа кірісіп кеттік. Түн ауа полкқа 2-ші батальонның командирі лейтенант Николай Хлебников келді. Ол осы шабуылда бірінші фронт взводының басқарушысы жараланғанын айтты. Ізінше менің әскери міндетім осы лауазымды атқаруға ауыстырылды және бақылау пунктінен жауға оқ ату міндеті жүктелді. Жауға өз бетімше соққы жасап және өзіндік әскери біліктілігім арқылы жау шебін бұзу үшін маған кезінде алған математикалық білімімді пайдаға асыру қажет болды. Өйткені артиллериялық отты қаруды пайдаланғанда жаумен есеп айырысу үшін уақыттан есе жібермей, секундтарды сәтті пайдалана білу керек еді. Жауынгерлерге атуға бұйрық берерде офицер шапшаңдықпен қоса сұңғылалық танытуы тиіс. Төбемізден ышқына әрі ысқырып келген снаряд секілді тажалдың қай жерге құлайтынын, оның қай тұстан атылып жатқанын дыбысы арқылы айыра білу де бізді жеңіске жетеледі, – дейді ардагер.
Оның сапындағы жауынгерлер Сталинград үшін шайқас, Курск және Ленинград түбіндегі соғыстарда жау әскерінің көптеген техникасын талқандап, жаяу әскерлерді жоя отырып, бірнеше тұтқындарды қолға түсірді. Соның ішінде Дон, Балтық маңы, Бірінші Белорусь соғыстарының құрамында жан аямай шайқаса жүріп, 2-3 мәрте жараланды. Соған қарамастан әркез әскери госпитальда емделіп шығып, қайтадан қатардан табылды. Бүгінде ардагер Отан қорғау жолында жауға күйрете соққы беріп, фашистерді жеңу мақсат етілген сұрапыл соғыста миллиондаған адамның қаны төгілгенін, бабалар ерлігін өскелең ұрпақтың мәңгілік жадында сақтауы тиіс екенін айтады.
– Жеңіс бізге оңай келген жоқ. осыны жастар жадынан шығармаса екен. Қазір жастардың білім алып, адал еңбек етуіне бар мүмкіндік жасалған. Ақылмен, біліммен жастар ел-жер үшін тер төгіп, мемлекетіміздің гүлденуіне ат салысуды ойласа, Отанға деген патриоттық сезімін жүрек түкпірінде сақтаса бейбіт заманның бастан кетпейтіні анық. Біз секілді қиын-қыстау заманды бастан өткерген кез келген майдангердің тілейтіні елдің амандығы. Біздің көргенімізді, қасірет-қайғы атаулыны кейінгі ұрпақ енді қайтып көрмесін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, іргеміз бүтін болсын, – дейді қарт жауынгер.
Майданда көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Халиулла Дармаханұлы Ұлы Отан соғысының I дәрежелі орденімен, екі Қызыл жұлдыз орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарымен және басқа да көптеген құрмет белгілерімен марапатталған. Былтыр Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннен Халиулла ақсақалға Мәскеуден арнайы хат та келді.
Соғыстан кейін ол бейбіт әскери қызметке оралып, 20 жыл бойы Ленинград және Орта Азиялық әскери өңірлерінің құрамындағы жас жауынгерлерді әскери саланың қиын да күрделі машықтарына баулыды. Бір кездері облыстық төтенше жағдайлар департаментін де басқарды. Денсаулық жағдайына байланысты запасқа шыққаннан кейін де Х.Дармаханов 7 жыл облыс әкімдігінің мемлекеттік мұрағатының басшысы болып қызмет етті. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2003 жылы «II дәрежелі Достық» орденімен, 2004 жылы «Тыңға 50 жыл» медалімен марапатталған.
Бүгінде бақилық болған өмірлік жары Алла Владимировна екеуі 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірді. Негізінен ол өмірлік серігін Мәскеу стансасында жолықтырған екен. Айтуынша, кілең қысқа шашты көптеген жас әйелдердің ішінен бір ұзын, қызыл шашты қызды көзі шалады. Қызбен сөйлесу барысында оның Полтавадан екенін, ата-анасынан айырылғанын біледі. Жауынгер жанашырлықпен оған көмектесуді ойлайды. Осылайша екеуі бірге Ленинградқа жол тартады. Кейіннен екі жас бір-біріне бауыр басып, отбасын құрады. Қазір 6 немере, 5 шөбересі бар. Немересінің бірі – подполковник Руслан Дармаханов бүгінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық штабының әскери дайындық бөлімінде қызмет етеді. Оның бойындағы мамандыққа деген сүйіспеншілігі, офицерлік дайындығы, жауапкершілігі мен парасаттылығы атасы Халиулладан дарыған секілді. Бұл да Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, кейін елді қалпына келтіру жолында аянбай еңбек еткен полковниктің ерекше қасиеті болса керек.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.