Қоғам

Жеңісті жақындатқан жампоздарды желіден де табуға болады

Written by Aray2005

Erlik.kz сайтында жамбылдық майдангерлер туралы мол мағлұмат қамтылған

Тарихы терең Тараз қаласында соңғы жылдары тарихи-мәдени кешендер, скверлер, парктер ашылып, қала тұрғындары мен қонақтары бір мезгіл серуендейтін орындар бой көтеруде. Соның бірі – өткенге ой жүгіртіп, батыр бабаларымыз жайлы ұрпақ алдында өнеге айтуға мүмкіндік жасалған «Ерлік» мемориалдық кешені. Бұл тарихи кешенде Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына аттанған, қайта оралған, белгісіз кеткен және Кеңес Одағының Батырлары, тағы басқа да тұлғалардың есімдері тасқа қашалып, мәңгі тарихта қалдыру көзделген болатын.

Кешенде орналасқан колон­налардағы азаматтар тізімінің барлығы дерлік облыстық, қалалық, аудандық әскери комиcсариаттардың әліпбилік тіркеу кітап-журналдарынан алынып жинақталды.
Бұл тізімді түгендеуді басқарма басшылығы, облыстық, қалалық, аудандық архив мекемесінің директорлары мен қызметкерлері атқарып шыққандығын да айта кеткен жөн.
Аталған игі шара әлі де жалғасын тауып, Erlik.kz арнайы сайты ашылды. Сайтқа облыс бойынша жинақталған 106 000 азаматтың тізімі электрон­ды нұсқада енгізілген. Кез келген оқырман ғаламтор арқылы сайтқа кіріп көптеген мәліметтер ала алады.
Басты бетте Кеңес Одағының Батырлары, жамбылдық майдан­герлер, отты жылдардың тарихы және галерея орналастырылған. Сонымен бірге ұсыныс-пікірлер қалдыру мақсатында байланыс телефондар мен мекенжайы туралы да ақпар бар. Сайт қолда бар жаңа мәліметтермен толықтырылып, жаңартылып отырады.
Сонымен қатар қалалық, аудандық әкімдіктер жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен қазіргі таңдағы көзі тірі ардагерлермен кездесіп, әңгіме-сұхбат, фото, видео, естеліктері жинақталды.
Жинақталған мәліметтер негізінде «Жеңіс сарбаздары» атты айдар ашылып, ардагер қариялардың естелік әңгімелері, отбасы, құжаттары, медальдары, куәліктері және басқа да мәліметтері енгізілді. Осылайша жеңісті жақындатқан жерлестерімізді тарихта мәңгі қалдыруға өз үлесімізді қосуды мақсат тұтып отырмыз.
Соғыс жылдары оқ пен оттың арасында қан кешкен майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Сара МӘДИЕВА,
облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары

ПІКІР