Жеңістің жемісті жобасы

0 228

Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, жұмыссыздықты жоюды көздеген мемлекеттік бағдарламалардың арқасында бүгінде талай жамбылдық табыс тайқазанын тасытып жүр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы кәсіби білім алып, қайтарымсыз грант иеленіп, өз кәсібін ашқандардың бірі – Жеңіс Сүлікбаев.

Т.Рысқұлов ауданының Луговой ауылында бұған дейін техника жөндеу орталығы болмаған екен. Он мыңнан аса халқы бар, көптеген тұрғынға қажетті қызмет көрсету орнын алғаш болып тәуелсіздіктің құрдасы Жеңіс Наурызбайұлы ашыпты. Орталық қызметіне жүгінетіндердің қарасы қалың екеніне кейіпкерімізбен сұхбаттасуға барғанда куә болдық.
Бастапқыда «Техник-бағдарламашы» мамандығын оқып, меңгерген Жеңіс Сүлікбаев біраз уақыт жұмыс таппай жүрген екен. Кейін мемлекет тарапынан жұмыссыз азаматтарға көрсетіліп жатқан қолдауды естіп, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, нақты ақпарат алады.
– Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы арқылы Тараз қаласындағы №12 Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінде оқып, «Автомеханик-автоэлектрик» мамандығын алдым. Оқуды тәмамдаған соң 505 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болдым. Сол қаражатқа автокөліктің ақауын анықтайтын диагностика аппаратын алдым. Өз үйімнің ауласынан шағын техника жөндеу орталығын салып, автокөлікті жөндеуге қажетті өзге де құрал-жабдықтарды түгендедім. Сөйтіп міне, өздеріңіз көріп тұрғандай жекеменшік техника жөндеу орталығын аштым. Қазір әкем қасымда көмекші. Ол кісі бұрын кеңшарда механизатор болып талай жыл еңбек еткен. Темір тұлпарлардың тілін түсінетін нағыз маман, – дейді Жеңіс Наурызбайұлы.
Әкелі-балалы Сүлікбаев­тардың автокөлікті жөндеудегі қызметіне ел де риза. Жалпы ауданда автокөліктің ақауын анықтап, сапалы жөндей алатын екі-ақ маман бар екен. Соның бірі – Жеңіс. Ауылдастарының көңілінен шығу үшін Жеңіс те барынша тырысып жүргенге ұқсайды.
– Көп көліктерге жаңа бөлшек салу керек болғанда оны басқа жақтан іздеуге тура келеді. Кейбір бөлшектерді аудан тұрмақ, Тараздан да таппай жатады. Сондықтан алдағы уақытта орталығымның қасынан автобөлшектерді сататын дүкен ашсам деймін. Және оны басқа облыстан әкелсем, тиімді болғалы тұр. Шүкір, күнделікті түсіп жатқан табыс ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Түскен табысты қалай болса солай жаратып, желге ұшқандай етпей, тиімді іске салсам деймін. Және жөндеу орталығымды да бұдан ары кеңейтіп, тағы да басқа керекті құралдарды орнату ойымда бар, – дейді жас автомеханик.
Сөз соңында Жеңіс Наурызбайұлы жұмыссыздарды қолдап, кәсіп ашуға мол мүмкіндіктер сыйлаған ел билігіне риясыз алғысын жеткізді.
– «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» демекші, тәуелсіз елімізде білім алып, денсаулығымызды, өмірімізді қорғап, кәсіп, өнер үйреніп, жеке тұлға болып қалыптастық, өстік. Отан бізге не берсе, біз соны халқымызға қызмет ету арқылы қайтарамыз. Әркім өз саласында еткен еңбегімен ортақ Отанымыздың өркендеуіне үлес қосуда. Осы жолдан айнымайық, өркениет биігіне жұрт болып жұмыла бірге жетейік. Барша отандастарымды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Бейбітшілігіміз, егемендігіміз мәңгілік болсын! Елімнің болашағы жарқын, іргесі берік болғай! – дейді тәуелсіздіктің құрдасы Жеңіс Наурызбайұлы.
«Ұлым» дейтін елі барда, жалынды жастар да ортақ мүддеге жұмыла біледі. Талапшыл жасқа берілген қайтарымсыз гранттың қайтарымы – табыс көзін ашумен қатар, бүтін бір аудан халқына қажетті қызметті іске қосуында. Қолдаудың қайтарымы осы болса керек-ті.

Қамар ҚАРАСАЕВА,

Т.Рысқұлов ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.