Жер халыққа жұмыс істеуі керек

0 11

Бүгін Жамбыл ауданы Аса ауылында аудан әкімі Сәкен Арубаев өңірде өткен жылы атқарылған жұмыстар мен осы жылға арналған міндеттер туралы аудан тұрғындары алдында қортынды есеп берді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен есепті жиында былтыр өнеркәсіп өнімдері 0,5 пайызға артығымен орындалып, негізгі капиталға салынған инвестиция 1 миллиард 700 мың теңгеге өскені айтылды. Сондай-ақ, осы жылы құны 47,5 миллиард теңгені құрайтын 10 жоба іске асырылмақ.
– «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша ауданда 23 жоба қаржыландырылса, 3 жобаның құжаттары қаралу үстінде. Өндіріс орындарының ұлғаюымен қатар дала еңбеккерлерінің табыстары да көңілге қонымды. Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім 43,8 миллиард теңгені құрап, 6,5 миллиард теңгеге өсті, – деген Сәкен Қаланұлы елді мекендерге ауыз су, газ құбырын тартып, жол салу, ауылдарды жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамту, тұрғын үй салу үшін жер беру, білім, денсаулық, спорт, құрылыс, жұмыспен қамту секілді әрбір салада атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталып, егжей-тегжейлі баяндады.
Жиын барысында аудан тұрғындарының кейбірі онлайн байланыс арқылы, тағы бірі залда сөз алып, Жасөркен ауылындағы ағын су тапшылығын жою, жер кезегіне тұру, Қаратау ауылының көшелерін жөндеу және жарықтандыру, Қапал ауылын интернетпен қамту, Шоқай ауылына жаңа мектеп салу, жайылымдық жердің тарылуы секілді мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, облысқа танымал бірқатар қоғам белсенділері де ауданда ең өзекті деген бірді-екілі түйіткілдерді алға тартты. Өз кезегінде С.Арубаев аталған мәселелерге қатысты тұщымды жауап қайтарды. Жиынды қортындылаған Б.Сапарбаев тұрғындар көтерген мәселенің облыс әкімдігі тарапынан назарға алынатынын, мәселе нақты қай кезде шешімін табатынын атап өтті.
– Өткен жыл еліміз үшін оңай соққан жоқ. Мемлекеттің, қоғамның, жұртшылықтың бірлесе қимылдауының арқасында індет пен экономикалық дағдарысты біршама еңсердік. Билік барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындады. Мәселен, індет кезінде облыста 534 мың адам әлеуметтік көмек алды. Жамбыл ауданы облыс орталығына ең жақын орналасқан аудан. Өндіріс орындары қалаға тиіп тұр. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек. Қазір кейбіреулер суармалы жер болсын, жайылымдық болсын уақытында алып алып, қазір ол жерлер игерусіз жатыр. Осыны зерделеп, бос жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарып, оны шын мәнінде жұмыс істейтін адамға беру қажет. Жер халыққа жұмыс істеуі керек. Бастысы егісті нарық сұранысына қарай еккен жөн, – деді Бердібек Машбекұлы.
Сондай-ақ облыс әкімі С.Араубаевқа ауданда мал санын жылына 5-6 пайызға дейін арттыру, өміршең жоба ұсынған тұрғындарға қайтарымсыз қаржы мен төмендетілген несие беру, егін шаруашылығын дамыту, әсіресе, жерді егіске дайындау, тұқым сапасына мән беру, суармалы жерді ұлғайту, ұсақ шаруа қожалықтарды ірілендіру, кәсіпкерлік саланы дамыту, орта мектеп түлектерінің ішінде табысты және елге белгілі азаматтармен жұмыс істеу, оларды демеушілікке тарту секілді бірқатар тапсырма берді.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.