Жер қойнауын пайдаланушылар уәде үдесінен шығуы керек

Облыс әкімі табиғи байлықты игерушілерге міндеттерін мүлтіксіз атқаруды ескертті

0 5

Жер қойнауындағы қазба байлықтарды тиімді пайдалану – ел экономикасын дамытудың негізгі көзі. Дегенмен қазынаны қажетке жаратуда айрықша назар аударатын мәселелер баршылық. Ең маңыздысы – қазба байлықтарды өндіру адамдардың өміріне, қоршаған ортаға залалын, зиянын тигізбеуі керек. Осы ретте жер қойнауын пайдаланушыларға үлкен жауапкершілік жүктелгенімен, өкінішке қарай, міндеттемелерді дұрыс орындамай жүргендер де бар. Жамбыл өңірінде жерасты байлықтарын игерушілердің басын қосып, мәселені арнайы жиында талқылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қойылған талапқа селқос қарағандарға жеке тоқталды.

Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтің айтуынша, өңірімізде қазіргі уақытта 319 жер қойнауын пайдалану объектісі тіркелген.
– Кең таралған пайдалы қазбалар бойынша берілген 50 лицензияның 38-і және 9 жеңілдетілген рұқсат республикалық маңызы бар «Меркі – Шу – Бурылбайтал» жолын қайта жаңғыртуға қатысты жол салушы мердігерлерге және кен іздеушілікке арналған 1 лицензия берілді. «Қазфосфат» серіктестігі, «Казақмыс корпорациясы» акционерлік қоғамы, «АК Алтыналмас» акционерлік қоғамы, «Ер-Тай», «Восточное рудоуправление», «Амангелді Газ» серіктестіктері және тағы басқа өндірістерді қоспағанда, бірқатар инвестициялық жобалар, оның ішінде «ЕвроХим Тыңайтқыш» серіктестігінің минералды тыңайтқыштар өндіретін химия зауытын салу, «MONTERRA QASAQSTAN» серіктестігінің тау-кен металлургия комбинатын салу және алтын кен орындарын игеру, «Qazaq soda» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кальцийлендірілген сода өндірісі жобалары жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ 2020 жылы «Жамбылгипс» акционерлік қоғамы бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы инвестор – «Saint-Gobain» компаниясына беріліп, қазіргі таңда компаниямен акционерлік қоғамның салық, жалақы, келісімшарт міндеттемелері бойынша қарыздары толығымен өтеліп, жұмыстарын бастады.

Кең таралған пайдалы қазбалар бөлігінде 2020 жылы 2019 жылдың қорытынды лицензиялық келісімшарт есебіне сәйкес міндеттемелерін ішінара орындамаған 59 бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жолданды,– деді Аслан Ұланұлы.
Атқарылған шара нәтижесінде әлеуметтік сала және жергілікті инфрақұрылымдарға қаржы бөлу міндеттемесі бойынша (4 миллион теңге аударымдар жүргізілмеген) 3,2 миллион теңге аударылып, жою жұмыстарына арналған аударымдар бойынша (860,4 мың теңге аударымдар жүргізілмеген) 999,4 мың теңге көлемінде орындалған. 4 келісімшарттың қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған. Жер қойнауын пайдаланушы «Игілік Тараз» серіктестігі, ЖК «Мирзабаев Р.», ЖК «Шамахсутов» бойынша келісімшарттық аумақтан шығып кетуі салдарынан қоршаған ортаға залал келтіргені және «Құлан ТБ» серіктестігі көмірді заңсыз өндіргені үшін тиісті шаралар қолдану мақсатында облыс бойынша экология департаментіне хат жолданыпты.
Жиынға онлайн режимде қатысқандардың да өз міндеттерін орындауы талқыланды. Солардың ішінде «ЮжКазНедра» аймақаралық департаментінің басшысы Алексей Коротковтың қойылған сұраққа нақты жауап бере алмағанын Бердібек Машбекұлы біздің аймаққа деген қарым-қатынасының айғағына балап, сынға алды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Б.Сапарбаев табиғи байлық барша халықтың игілігі екенін еске салып, жер қойнауын пайдаланушылар өздеріне жүктелген міндетті орындап, талапқа сай жұмыс істеулерін тапсырды.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.