Қоғам

Жерасты өткелі қашанғы «жетімсірейді»?

Өркениеті озық елдерді айтпағанда өзіміздің Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларда жаяу жүргіншілер үшін салынған жерасты өткелдері тұрғындардың жолдан өтудегі қауіпсіздігін сақтаудан бөлек, қаланың қазынасына айтарлықтай табыс әкеліп отырғаны белгілі. Ал, Тараз қаласының Жамбыл даңғылы бойында орналасқан жерасты өткелі бүгінде «жетімнің» күйін кешіп тұр. Шындығы керек, ол жерден тұрғындар түнде тұрмақ, күндіз өтуге қорқады. Себебі, іші тастай қараңғы, жарықтары істен шыққан. Өткелдің тұрмыстық қалдықтар тастайтын орынға айналғаны соншалық, қоқыстан аяқ алып жүре алмайсыз. Кезінде күрделі жөндеуден өтіп, сенімгерлік басқаруға берілген өткелді күтіп ұстау, жалпы тазалығы назардан тыс қалғаны айдан анық көрініп тұр. Бұған жауаптылар не дейді? Біз осы мәселені саралап көрген едік.
Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі берген мәліметке сүйенсек,Тараздағы жалғыз жерасты өткелі 2015 жылы қазына қаржысынан қаралған 17 миллион 400 мың теңгеге ағымдағы жөндеуден өткен екен. Соның арқасында өткел ішінің қабырғалары әрленіп, жарық жүйесі тартылып, мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына арналған құрылғы орнатылған. Кіреберіс тұсы плас­тик шатырмен жабылған. Осылай­ша, жаңғыртудан өткен жерасты өткелі кейіннен сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда, сеніп тапсырылған дүние дәл қазір адам қарауға аянышты күйде. Бұның себебін білмек мақсатта Тараз қаласы әкімдігі қаржы бөлімінің есігін барып қаққанымызда, мұндағы коммуналдық меншік секторының меңгерушісі Молдажан Әбсатов өткелді сенімгерлік басқаруға кезінде жеке кәсіп­кер Әмірбек Тілебаевқа жалынып жүріп берген­дерін, бүгінде ол азамат нысанды мемлекет меншігіне қайтадан қайтаруды қалап отырғанын айтып таңғалдырды.
– Бұл Тараздағы жалғыз жер­асты өткелі. Ол 1970 жылдары салынып, ел игілігіне ұсынылған. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде иесіз қалып, нысан бертін келе мемлекет меншігіне өтті. Сөйтіп, осыдан 3 жыл бұрын ағымдағы жөндеуден өтіп, жеке кәсіпкер Әмірбек Тілебаевқа сенімгерлік басқаруға берілді. Бірақ, ол бүгінде жерасты өткелінен азар да безер болып, қашып отыр. Себебі, оның ішіне киоскі орнату қолайсыз. Оның үстіне күндіз адам көп бара бермейді. Мәселен, сол жерден қанша адам өтетінін әдейі бақылап көрген кезіміз де болды. Әрлі-берлі 100 адам өтетін болса, соның 30 шақтысы ғана жерасты өткелін пайдаланады. Сіздер көрген жағдайға біз де қанықпыз. Бір жолы қоқыс мәселесін кәсіпкер Ә.Тілебаевқа айтып, өткелді тазалаттырдық. Бірақ, ертесіне келіп қарасақ, түнде біреулер ішін ластап, қоқыс тастап кетіпті. Жалпы, оның іші күнде болмаса да аптасына бір мәрте тазаланып тұрады. Оның ластануы, осындай күйге ұшырауы, мүмкіндігі шектеулі жандар­дың мініп-шығуына арналған эскалатордың қондыр­ғы­лары да қолды болуы – адамдардың сана-сезімінің төмендігінің, тентектердің бүтін дүниені қиратып-бұзуға бейім тұратындығының салдары. Ә.Тілебаев «Жерасты өткелін мемлекет меншігіне қайтып алыңдар» деп осы жерге екі күннің бірінде келеді. Біз түсіністікпен қарауын, анда-санда ішін тазалап тұруды өтініп, райынан қайтарумен келеміз. Себебі, ол мемлекет меншігіне өтсе, оны күтіп ұстауға қаржы керек. Басқа кәсіпкерлерге берейік десек, олар да қарауына алуға құлық танытып отырған жоқ, – дейді Молдажан Мәдижанұлы.
Ол жерді біз де арнайы барып көрдік. Алқам-салқамы шыққан электр сымдарының үзінділері, кейбір жері сырмен әлде қара маймен сызылған қабырға, әсіресе, қоқыс пен жағымсыз иіс қолқаңды қабады. Өткел аузында орналасқан дүңгіршекке жапсырылған жарнама қағазының тозығы жетуі де бұл жердің шын мәнінде қараусыз қалғанын сездіріп тұрғандай. Осы орайда, жеке кәсіпкер Әмірбек Тілебаевқа хабарласып, мән-жайды сұрадық.
– Жерасты өткелі маған жеті жылға берілген. Соның үш жылы өтті. Енді қалған төрт жылға шыда­май­ты­ным анық. Негізінен, оның маңында менің екі-үш киоскім бар. Жерасты өткелімен адамдар көп жүрмейтін болғандықтан, елге қызметті жердің бетінде ұсынуға тура келді. Соның өзінде, пайдадан гөрі, шығынға батып отырмын. Қазір ол киоскілердің біреуі ғана жұмыс істеп тұр. О баста өткел ішіне жарық тартып, бейнебақылау құрылғыларын орнатып, халыққа мәтін теру, құжаттарды көшірмеден өткізу, студенттерге арналған және кеңсе тауарларын сату секілді қызметтер ұсыну мақсатында оның ішін пластикпен бөліп жатқанымызда-ақ, әлдебіреулер түнде келіп, бейнеқұрылғыларды сындырып, бар дүниені қиратып-бұзып, тонап кетті. Қазір орнатпақ болған дүңгіршектің қаңқасы ғана тұр. Арнайы күзет қоюға менің шамам келмейді. Ел үшін тегін дәретхана салмақшы болып едім, қалалық әкімдік өткел маңынан жер бермей қойды. Мемлекет меншігіне қайтарайын десем, қалалық қаржы бөліміндегілер «әне-мінемен» уақытты созып жүр. Анығын айтқанда, «Сіз секілді патриоттар болмаса, бұл нысан тозып кетеді» деп, қаржы бөлімі мені жіпсіз байлап отыр, – дейді ол.
Қалалық қаржы бөлімін­де­гі­лер мен кәсіпкердің сөзіне сүйен­­сек, тақырыпқа арқау болған жерасты жолы қазір босқа тұр. Айтуларынша, ол жермен адам­дар онша көп өтпейді, сондықтан, шағын кәсіп үшін тиімсіз. Бірақ, ТарМПУ ректорының міндетін атқарушы Орынқыз Көпбосынқызы осыдан 3-4 жыл бұрын «ARAI» газеті нақ осы мәселені көтеріп, нәтижесінде жерасты өткелі жөндеуден өткен кезде жергілікті билік нысанды жоғары оқу орнының қарауына берсе, өз иеліктеріне алатындарын айтқаны есте. Біз, ол кісіге де хабарласып, бұрынғы ойынан айнып қалмап па, соны білген едік.
– Ол кезде мемлекет тарапынан жерасты өткеліне жөндеу жұмыстары енді жүр­гі­зі­лейін деп жатқан еді. Сол кезде оқу орнының ректоры Дария Қожамжарова­ның ұйғарымымен өт­кел­ді қауіпсіз қатынау жолы ғана емес, студенттерге қажетті материал­дар сататын сауда нүк­те­лерін орналастыру үшін, көшір­ме жасайтын, мәтін теретін ар­на­йы орын ретінде пайдалансақ деп, ой түйгеніміз рас. Қазір бұл ойы­мыз­дан айнып қалдық. Бірін­ші­ден, жүзіктің көзінен өткендей етіп жөндеу жүргізілген өткелдің сиқы қазір адам шошырлық. Оны қайта қалпына келтіріп иелігімізге алға­нымызбен, машақаты шаш етек­тен болатыны анық. Одан бөлек, мен қазір ректордың міндетін ат­қа­ру­шы ретінде кесімді шешім қа­был­дай алмаймын. Жалпы, бұл ой­ла­нуды қажет ететін дүние, – деп О.Көпбосынқызы қысқа қайырды.
Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков өткелге орнатылған электр шамдары мен жүргізілген электр сымдарының тоналуы, ішінің қоқысқа толуы, оның бұзақылардың жиылатын орнына айналуы ішкі істер қызметкерлерінің жұмысына сын болып тұрғанын айтады.
–Тараз қаласында қан­ша­ма патрульді автокөлік бар. Солар­дың бірі болмаса, бірі осын­дай бассыздыққа жол бе­рі­ле­тін аумақтарды анда-сан­да ара­лап тұруына болады ғой. Бірақ, олардың шаһарда бір бағ­­дар­шам істен шықса, жол қоз­ға­лысын реттеу үшін сол жер­ге келмейтінінен-ақ, мұндай мә­се­ле­ге бас ауырт­пай­тын­дық­та­рын аңғаруға болады. Ең болмаса олар жерасты өткелінің кіреберіс екі жағынан бейнебақылау ка­ме­расын орнатып, өткелге топ болып немесе жалғыз жарым кіріп, ұзақ аялдап қалған адам­дар­дан жауап алса, кімнің нені бүлдіргені анықталар еді. Тағы бір айта кетер жайт, жолдың үстін жұрт кесіп өтпес үшін арнайы темірден тосқауыл қойып, жол белгісін орнатып, заңсыз жолды кесіп өткен жүр­гіншілерді тәр­тіп­ке шақырса, тұрғындар амал жоқ жердің астымен жүруге дағ­ды­ла­на­ды. Бұдан бөлек, ол жерге билік зергер, қолөнер шебері, етікші, кілт жасайтын мамандар мен іс­мер­лер­ді топтастырса немесе гүл са­ты­латын алаңға айналдырса, тәу­лік бойы арзан бағада шағын сауда нүктелері жұмыс істеп тұрса, мұндай келеңсіздік тумасы анық. Осы өзге қалалар алақандай жер­ді емес, бүкіл бір көшені арбатқа ай­нал­дырып жіберіп жатқанын көріп жүрміз ғой. Неге солардан біз үлгі алып, оны өз тәжірибемізде қолданбаймыз, – деп Сансызбай Жорабекұлы үлкен ой салды.
Расында да, аталған жерасты өткелі аға буын ақсақал айт­қан­дай қызу сауда алаңы немесе қара­пайым халықтың әжетін аша­тын қызмет көрсету орнына ай­нал­са, өткелдің тазалығы мен амандығына мұнша бас ауыртпас едік. Әрі қолынан іс келетіндер нәсібін сол жерден табар ма еді. Қалай болған күнде де, жергілікті билік бұл мәселені біржақты шешудің жолын табуы қажет.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Тараз қаласы

ПІКІР