"Алтын бесік"

Жерді бақылаудағы жаңашылдық

«Геопортал» жүйесіне алқашқы қосылған Шу ауданы бұл істе көпке үлгі

Жасыратыны жоқ, өңірімізде пайдаланусыз бос жатқан жерлер көп. Ал, олардың нақты аумағын білу, егіс алқаптарының толық игерілгеніне көз жеткізу секілді істерді атқаруда «Геопортал» жүйесінің маңыздылығы айрықша. Сондықтан, бү­гін­де еліміздің бірқатар облыстары өз өңірлерінде бос жатқан алқаптарды навигациялық бақылау технологияларының көмегімен анықтауға әлдеқашан көшіп қойған. Ол үшін мүдделі мекемелер жерді қашықтықтан зондтау деректерін геоақпараттық технологиялар арқылы өңдеу және талдау қызметтерін көрсетумен айналысатын түрлі компаниялардың көмегіне жүгініп жатқан жайы бар.

Негізінен, жерді қашықтықтан зондтау бойынша геоақпараттық технологиялар арқылы өңдеу және талдау қызметтерін ұсыну саласы елімізде 2000 жылдардан бері қарай дами бастағанын айта кетуіміз керек. Қазір осы сала бойынша өз қызметтерін ұсынып жүрген жеке бизнес өкілдерінің қатары көп. Десе де, «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының өкілдері ерте көктемде біздің өңірге де арнайы ат басын бұрып, тиісті сала мамандарын өз жұмыс жоспарларымен таныстырған болатын.
Мемлекетіміз цифрландыру жүйесіне көше бастаған қазіргі уақытта облыста қандай мекемелердің «Геопортал» жүйесін енгізуге талпынып жатқанын білмек мақсатта, облыс әкімдігінің бірді-екілі басқармаларына хабарласқан едік. Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Ербол Райымбеков облыс аумағында 14 миллион 426 мың гектардан астам жер барын, алайда, жерді зондтау технологиясын әзірге қолға алмағандарын айтты.
– Облыстағы ауыл шаруашылық мақсаттағы жер көлемі 4 миллион 448 мың гектарды құрайды. Өзге де санаттағы аумақтар жетерлік. Басқарма тарапынан жерді зондтау бойынша жұмыстар жүргізу әзірге қолға алынған жоқ. Алдағы уақытта «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы өз шарттарын ұсынса, бұл істі бастауға әзірміз. Десе де, Шу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі осыдан екі жыл бұрын «Геопортал» жүйесіне қосылып қойғанын айта кеткім келеді, – деді Е.Райымбеков.
Осыдан кейін біз «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының президенті Ерғазы Нұрғалиевпен тілдесіп, біршама мағлұматқа қанықтық. Ол Шу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі Ұлттық компанияның «Геопортал» жүйесіне қосылған еліміздегі ең алғашқы пайдаланушы болып табылатынын, ол ауданда ғарыштық және геоақпараттық жүйелердің көмегімен пайдаланусыз жатқан жерлерді анықтау жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Сол сияқты, былтыр облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысы бойынша облыстағы орман алқаптары аумақтарына мониторинг жүргізілген екен.
Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Әділ Жақыповтың айтуынша, былтыр «Геопортал» жүйесін енгізудің арқасында орман қоры жерлерінің 11 мың 283 гектарының өртке оранғаны, одан бөлек, 4 мың гектардан астам алқаптың бос жатқандығы анықталып, ол жерлерге орман ағаштары отырғызылуда екен.
Байқасақ, жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесін пайдалану, мониторинг жүргізу аймақ экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қоспақ. Оны осыдан екі жыл бұрын «Геопортал» жүйесін енгізуді қолға алған Шу ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Өтепов растап отыр.
– Біз «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен келісімшарт жасасып, «Геопортал» жүйесін енгізгенімізде, маңайымдағылардың «Мұның не пайдасы бар?» деп таңданғаны рас. Қазір осы тірліктің рахатын көріп отырмыз. Бұрынғыдай қай жерде не барын, қанша жер бос жатқанын долбарлап айтудан құтылдық, – дейді ол.
«Геопортал» жүйесіне отандық және шетелдік ғарыштық аппараттардың түсірмелері арқылы жер көлемін есептейтін, арақашықтықты анықтайтын, JPEG форматты кезекші карта мен маршрут, масштаб өзгерту және тағы басқа функциялар енгізіліпті. Соның арқасында бұрнағы жылы 4 бірдей ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің пайдаланусыз жатқаны анықталған. Нақты айтқанда 140 мың 679 гектарды құрайтын егістіктің 22 мың 397 гектары пайдаланусыз қалғаны белгілі болған. Оның ішінде 1 мың 225 гектары суармалы жер екен. Нәтижесінде, «Ерназар», «Теңлік», «Қанағат», «Қайнар-5» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жер учаскелері өзге шаруа қожалықтарына таратылып беріліпті.
Біз өзге аудандар немесе мекемелерге «Геопортал» жүйесін енгізу үшін қандай талаптар қойылатынын, мүдделі мекемелер қанша көлемде ақы төлеуі қажеттігін «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы «Геосервис орталығы» сату бөлімінің басшысы Нұрлыбек Нәбиевтен сұраған едік. Ол ғарыштық мониторинг жүйесіне қосылуға биыл біздің облысымыздан бірнеше аудан қызығушылық танытып отырғанын айта келе, оларға көрсетілетін қызметтердің қажетті техникалық сипаттамасы пысықталып жатқанын жеткізді.
Жалпы, осыдан екі жыл бұрын Шу ауданы «Геопортал» жүйесін әзірлеп, оны іске қосу үшін 3750000 теңгеге «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен келісімшарт жасасқан. Былтыр осы мәміле негізінде 1200000 теңгенің 600 мың теңгесін қызмет көрсеткені үшін төлесе, қалғанын қосымша функциялар енгізгеніне берген. Сондықтан, мүдделі мекемелер о баста бір шығындалып, «Геопортал» жүйесін енгізіп алса, қалған жылдары тек қызмет көрсетілгеніне немесе қосымша функция енгізгені үшін ғана ақы төлеп отыратынын ескеріп, ертерек қамданса дейміз. Себебі, бұл жаңашылдық жердің жағдайын зерделеуде таптырмайтын әдіс.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР