Жергілікті өнім көлемін ұлғайту керек

0 7

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев макарон өнімдерін өндіретін «Та-Мак» фабрикасы мен құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын «Жамбылгипс» зауытына барды.

Гүлмира Қонқашева басқаратын фабрика 2006 жылдан бастап жайма қамырларын «Арзу» маркасымен шығарып, бүкіл Қазақстанға танылып келеді. Сонымен қатар мұнда макарон және түрлі кеспелер де өндіріледі.
Бүгінде кәсіпорынның өрісі кеңейіп, екі ауысымда 50 адам еңбек етуде. Гүлмира Қонқашева өңір басшысына технологиялық жұмыстарды таныстырды, орау цехындағы қызметкерлер қораптарға дайын өнімдерді өлшеп салуда. Жоспарда – жоғары сұрыпты ұннан лағман қамырларын өндіретін жаңа цех ашу. Қазіргі таңда автоматтандырылған желі іске қосылуда. Өнім 250 және 500 грамдық қораптарға оралады.
Бердібек Сапарбаев облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевқа кемінде тоқсанына бір рет өндірістік кәсіпорындарды аралап, қалыптасқан жағдайды мұқият зерделеп, туындаған проблемаларды шешуге жәрдемдесуді тапсырды.
Жақында «Жамбылгипс» акционерлік қоғамы кәсіпорнына француздық «Saint Gobain» компаниясы иелік еткен болатын.

Енді өндіріс ошағына жүйелі түрде инвестиция салынуда. Директор Андрей Проченконың айтуынша, гипсокартон шығару желісін жаңғыртуға шамамен 1 миллион еуро салынған, құрғақ құрылыс қоспаларын шығару желісі 500 мың еуроның қаржылай қолдауына ие болған. Жетекші еуропалық өндірушілерден заманауи ұнтақтау жабдықтары, неміс жүк тиегіштері мен алдыңғы тиегіштері сатып алынған. Бүгінгі таңда кәсіпорында 140 адам еңбек етеді, өндірістің кеңейгенін ескере отырып, олар біртіндеп тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшуді жоспарлап отыр.
– Парижде біздің зауытқа үлкен үміт артады. Қомақты инвестициялау және сауатты басқару арқылы кәсіпорын Еуропадағы үздік ондыққа кіре алады деп санайды, – деді Андрей Проченко.
Зауыт басшылығы Ресей және Қырғызстаннан келген тұтынушыларға дайын өнімді жөнелту үшін кәсіпорын аумағына дейін екі шақырым теміржол салу мәселесі бойынша көмек сұрады. Сондай-ақ гипс өндірушілері 300 мың текше метр құрылыс қоқыстарынан арылуы тиіс.
«Жамбылгипс» акционерлік қоғамы болашаққа нық сеніммен қарайды. Ағымдағы жылы мұнда құрғақ құрылыс қоспалары өндірісінің көлемін 140 мың тоннаға, гипсокартон өндірісін төрт миллион шаршы метрге дейін жеткізу көзделіп отыр.
– Біз үшін кәсіпорындардың жұмыс істеп, кеңеюі маңызды. Өз қызметкерлерінің жалақысын уақытында төлеп, әлеуметтік міндеттемелерін уақытында орындауы да негізгі мәселенің бірі. Облыс билігі өндірісті қарқынды дамытуға барынша қолдау көрсетеді, – деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.