"Топжарған"

Жерлесіміз – жыл үздігі

Жамбыл спорты қай кезде де жарқын жеңістері мен тау қопарған толағайларымен танылған. Сондай-ақ, Әулиеата топырағы талай талантты бапкерлер мен жаттықтырушыларды да тудырғаны белгілі. Мұндай азаматтардың еңбегі де ешқашан елеусіз қалған емес. Осындай құрметке жуырда Тараз қаласындағы №10 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Асқар Шалов бөленді.

Астана қаласындағы «Қазмедиа орталығында» өткен еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Асқар Орынбекұлы өткен жылғы жемісті жұмысы үшін «Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман» номинациясымен марапатталып, облысқа арнайы жүлдемен оралды.

Жыл үздігін жамбылдықтар ыстық ықыласпен қарсы алып, майталман маманға облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының ұжымы құрмет көрсетті.
Жалпы, Асқар Орынбекұлы өмірінің 27 жылын спорт саласына арнаған жан. Ол жаңа марапатты талай жылғы еңбегінің жемісі деп біледі.

– Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бері спорт саласында келемін. Әртүрлі спорт мектептерінде әдіскерлік қызмет атқарып, алты жыл бұрын қалалық №10 мектепте ұстаздық қызметке орналастым. Бүгінде шәкірттерімнің алды бапкерлік қызметте жүрсе, кейінгілері де спорт саласында өз орнын тапты. Ал, мектепте мұғалімдік етіп жүрген жылдарымда «Алаңдағы тоғызқұмалақ» ойынын ойлап тауып, бұл туындым «ЭКСПО-2017» көрмесінде көпшілік назарына ұсынылды. Ал, былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ойынның ерекшелігін дәлелдеп шықтым. Міне, осы еңбегім ескеріліп, биыл «Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман» атанып отырмын. Бұл жүлдем жамбылдықтардың ортақ олжасы деп білемін, – дейді А.Шалов.

Иә, осындай өнертапқыш, өз саласына жан-тәнімен берілген мамандар өңір спортын өрістететіні сөзсіз. Біз де жерлесімізді жеңісімен шын жүректен құттықтай отырып, жұмысына тек жеміс тілейміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР