"Гүлдәурен"

Жерлесіміздің жарқын жетістігі

Written by Aray2005

Белгілі журналист, педагог-ғалым Әуесбайдың Қанаты Қазақстан Педагогикалық Академиясының корреспондент-мүшесі боп сайланды. Бұл ғылыми атақ Академияның жалпы жиналысында көпшілік дауысқа салу арқылы беріліп отыр. Әуесбайдың Қанатына мүшелік диплом мен куәлікті салтанатты жағдайда Академия президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асқарбек Қабікенұлы табыс етті. Академияның корреспондент-мүшесі атағы ғылым кандидаты немесе докторы ғылыми дәрежесі бар білім, ғылым мен мәдениет саласының көрнекті өкілдеріне беріледі.
Қанат Әуесбай – филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия ұлттық университетінің доценті, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, Еуразия шығармашылық гильдиясының мүшесі (Ұлыбритания, Лондон), БАҚ өкілдері арасынан ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясымен оқыған тұңғыш журналист. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері, БАҚ өкілдері арасындағы республикалық «Нұр Сұңқар» байқауының жеңімпазы. Қазақ және ағылшын тілінде Ұлыбританияда жарық көрген «Батыс көрген. Ұлыбритания қазақтың көзімен» кітабының авторы. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «ҚР Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
«ARAI» ұжымы атынан әріп­тесімізді жоғары марапатымен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз!

Арайлықтар

ПІКІР