"Топжарған"

Жерлестеріміз жетінші орынға жайғасты

Төменгі лиганың алғашқы ойынында «Тараз» сырт алаңда қызылордалық «Байқоңырмен» тең түсті. Жерлестеріміз 90 минут түгесілгенше толассыз шабуылдағанымен, бірде бақ, бірде бап шаппай, сол бойы есеп аша алмады.

Жасыратыны жоқ, дәл қазір «Таразды» спорт сарапшылары бірінші лиганың басты фавориті санайды. Өйткені, клуб сапында Самат Отарбаев, Илья Воротников, Предраг Говедарица, Бекзат Бейсенов, Константин Дудченко, Абзал Таубай, Бауыржан Байтана сынды Қазақстан футболына жақсы таныс ойыншылар доп тебуде. Мұндай құраммен «Тараз» «Байқоңырды» қалпақпен қағып алады деп жанкүйерлер сенген. Алайда, жерлестеріміз жеңіске жетпек түгілі, мықты шабуылшылар құрамымен бір гол да соға алмады. Рас, бірінші таймның соңында «Байқоңыр» ойыншысы айып алаңында шабуылшымызға қарсы дөрекі ойнап, ойын тәртібін бұзды. Бірақ, төреші бұны көрмеді ме, әлде «көрмес, түйені де көрместің» керін келтірді ме, әйтеуір 11 метр айып добын белгілемеді. Дәл осындай жағдай екінші таймның бел ортасында да қайталанды. Бірақ, бұл біздің тең ойынымыз үшін жұбату бола алмайды. Жерлестеріміз 90 минут бойы допты өз бақылауларында ұстады, сәт сайын алға ұмтылды. Сонда командаға не жетпеді? Осы сауалға қазір «Тараздың» бас бапкері Ваит Талгаев та бас қатырып отырған шығар.

Сонымен, «Тараз» бір ұпаймен турнир кестесінде өзінің «сүйікті» 7-орнына жайғасты. Олай дейтініміз, Қазақстан Премьер-лига ойындарында жерлестеріміз осы 7 және 8-орындардан айналшықтап шықпайтын. Міне, төменгі лигада да осы межеден аса алмай отырмыз.

Ал, бірінші лигада көш бастап тұрған команда – «Қыран». Екінші орынға «Алтай» тұрақтаса, «Каспий» үздік үштікті түйіндеп тұр. Былтырғы маусымда бізбен бірге төменгі лигаға сырғыған «Оқжетпес» төртінші орында. Бесінші орынға «Байқоңыр», алтыншы орынға «Мақтаарал» жайғасқан.

Енді «Тараз» 8 сәуір күні сырт алаңда үздік үштікте тұрған «Каспиймен» күш сынасады. Одан кейін 14 сәуірде алматылық «Қайраттың» екінші құрамын өзімізде қабылдаймыз. Оның артынша 18 сәуірде Қазақстан Кубогының 1/8 кезеңінде жерлестеріміз «Ертіспен» ширекфиналдық жолдамаға таласады. Байқап тұрсаңыздар, «Таразға» бір сәтке де босаңсуға уақыт жоқ. Сондықтан, алда тұрған сындардан командамыз сүрінбей өтіп, биік белестерді бағындырады деп сенеміз.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР