Жамбыл жаңалықтары

Жетекші партия – жүйелі өзгерістердің қозғаушы күші

Сейсенбі күні облыстық қазақ драма театрын­да «Нұр Отан» партиясы облыстық фи­лиа­лы­ның ХХІІІ есеп беру-сайлау кон­фе­рен­циясы өтіп, онда филиалдың соңғы екі жылда атқарған жұмыстары кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, басқосуда бас­та­уыш партия ұйымдарының бел­сен­ді­лігін арттыру, ішкіпартиялық тәр­тіпті ны­ғай­ту, партия активінің жауап­кер­шілігін жо­ғарылату мәселе­ле­рі­не де баса назар аударылды.
Алқалы жиынға «Нұр Отан» партия­сы­ның хатшысы Қаныбек Жұмашев, партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов, партия облыс­тық филиалы Саяси кеңесінің, Саяси кеңесі Бюросының мүшелері, партия Тараз қалалық, аудандық филиалдарынан сайланған делегаттар, этно-мәдени бірлес­тік­тердің, үкіметтік емес ұйымдардың жетек­шілері, саяси партиялардың өкілдері, жергілікті атқарушы биліктің, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов филиалдың соңғы екі жылда атқарған жұмыстары мен жетістік­тері, алда тұрған межелі міндеттері туралы баяндады.
Бүгінде аймақта 337 бастауыш партия ұйымы және онда 69 039 партия мүшесі бар екен.
Айта кету керек, биылғы шілде айынан бері партияның 20 бастамашыл жобасы қолға алыныпты. Мысалы, бастауыш ұйымдардың жұмысы мен есептілігін цифрландыруға көшіру бағытында «Партия­ның автоматтандырылған дерек­қоры», «Е-Жарналар», «Е-Талдау» сынды жаңа форматтағы жобалар жүзеге асуда. «Е-құжат айналымы», «Балаларға арналған тегін IТ-сыныптар» жобалары да қазірдің өзінде тиімділігін дәлелдеуде. Баянды бастамалар аясында бүгінгі күнге Тараз қаласы мен аудандарда балаларға арнал­ған 12 тегін IТ-сыныбы ашылған. Аталған ІТ-сыныптарда межеленген 1 300 оқушы білім алуда. Өз сөзінде партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Сәтті қадам» сынды әлеуметтік мәні зор жобалардың нәтижесіне де тоқталды.
– Биылғы Жолдау тікелей халық тұр­мы­сын арттыруға байланысты болған­дық­тан, партия филиалдары фрак­ция мүше­лері арқылы нақты жұмыстар жүр­гіз­уі қажет. Тараз қаласындағы қажетті инфра­құрылыммен қамтамасыз етілген 462 гектар жер учаскесінде жаңа екі ықшамауданның құрылысы жүріп жат­қа­нын баршаңыз білесіздер. Бұл ретте «Президенттің бес әлеуметтік баста­ма­сы­ның» бірінші бағытында көтеріл­ген әр­бір отбасына баспана алудың жаңа мүм­кін­дік­те­рін беру мәселесін облыс жұртшылығы арасында түсіндіруді белсенді жүргізу міндеті тұр.
Сонымен қатар, Елбасы Жолдауындағы «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек» деген тапсырмасы аясында да жүйелі жұмыстар атқарылады. Мемлекет басшысының келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауына байланысты, партиялық кадрлық резервті қалыптастыруда жастарға басымдық беру керектігі ескерілетін болады, – деген Ерқанат Нұрбапаұлы өзге де межелі міндеттерді тілге тиек етті.
Сондай-ақ, конференцияда партияның облыстық филиалы бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Жарылқасын Айтақов атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Комиссия тарапынан жүргізілген тексерулер мен талдаулар барысында партияға кіру және мүшелік жарна төлеу, бухгалтерлік есеп пен шығыс сәйкестігін бақылау, партия бюджетін орындау және оның тиісті түсімдермен толықтырылуы, берілген лимиттер мен филиалдардағы материалдық құндықтардың сақталуы сияқты мәселелер басты назарда болғанын айтты. Мұнан соң партия облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Бақтияр Алдашов бақылау жұмыстарының нәтижелерін сөз етті. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаржы бөлінген нысандардағы кемшіліктерді тілге тиек етіп, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардағы жөнсіздіктерді ашып айтты. Сонымен бірге жиында партияның Меркі аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков, партия Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова жүзеге асқан жұмыстарды баяндады. Жарыссөзге жазылып, мінберге көтерілгендердің барлығы баяндамашының есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.
Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев партия тарапынан жасалып жатқан іргелі істерге тоқталды. Ол Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыру жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етіп, «Нұр Отан» партиясы осы өзгерістердің бірінен де қалыс қалмай, жергілікті жерде орындалуына зер салатындығын жеткізді. Сонымен қатар, партияның өз ішінде де ауқымды жаңғырту жұмыстары басталғанын атап өтті.
– «Нұр Отан» партиясы біздің еліміздегі жүйелік өзгерістердің негізгі қозғаушы күштерінің бірі болуы тиіс. Партия бастамашы болған барлық жаңа бағдарламалар мен жобалар осы мақсаттарда жұмыс істейді. Партия азаматтық қоғамды, соның ішінде Партия платформасы арқылы белсенді жұмыс жасайтын жақтаушыларды тартуға тиіс. «Нұр Отан» партиясының Елбасы саясатына қатысты барлық сындарлы қоғамдық және саяси қозғалыстарды біріктіретін шығармашылық күш ретіндегі позициясын нығайту қажет. Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясымен қатар бұл міндет Қазақстан Республикасы Президентінің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру мониторингі жөніндегі қоғамдық кеңесті, ҮЕҰ және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңесті қамтиды. Ең маңызды бастамаларды талқылау үшін біз «NurOtanTrends» және «NurOtanTalks» сияқты жаңа форматтағы пікірталас алаңдарын жасадық. Бұл бағыттағы жұмыстар жандана түсетін болады, – деген Қаныбек Бекболатұлы өңірдегі бастауыш партия ұйымдары жұмыстарының жолға қойылғанын тілге тиек етіп, жоғары бағасын берді.
Конференция жұмысын қорытындылаған аймақ басшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы А.Мырзахметов өңірдегі өркенді өзгерістерге, Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттерді орындау барысындағы оң бастамалар мен халықтың әлеуметтік мәселелерін шешудегі жанды жұмыстарды кеңінен тарқатып, партия филиалының алдағы жоспары мен мақсатының ауқымды екендігін жеткізді. Өңір басшысы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда алдыңғы шепте партия мүшелері тұруы керектігін айтып, нақты тапсырмалар берді.
–Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауында халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту бағытындағы бірқатар мәселелер кеңінен айтылған. Стратегиялық құжатта көрсетілгендей, өңірде сала-сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Мәселен, әлеуметке қатысты ауызсу мәселесі. Облыста 377 елді мекен болатын болса, соның 50 пайызында ғана орталықтандырылған су құбырлары бар. Қалған елді мекендер әлі күнге дейін басқа су көздерін пайдалануда. Су құбырлары бар елді мекендерді талдасақ, тарифтің жоғары болуы және қондырғылардың ескіргендігінің әсерінен суды толығымен пайдаланбай отыр. Енді не істемек керек?
Осы жағдайларды талдай келе, елімізде тарифті жеңілдетудің жолы бар екенін білдік. Яғни, республикалық бюджеттен тарифке төленетін субсидия бар. Бірақ, біз оны пайдаланбай отыр екенбіз. Алдағы уақытта соны пайдаланатын боламыз. Бүгінде оның құжаттары дайындалып жатыр. Биылғы бюджет бекітілгенде 10 елді мекеннің ауызсу мәселесі қаралған болатын. Сол бюджет қайта нақтыланғанда 9 елді мекен тағы кіріп, биыл 19 елді мекенге ауызсу бергелі отырмыз. Келесі жылдың бюджетіне де бірнеше елді мекеннің құжаты дайындалып жатыр. Яғни, жоспар түзілді, нақты индикатор нәтижесінде ауызсу мәселесін шешетін боламыз. 3-4 жылдың ішінде халық отырған 134 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етудің тетігін таптық, – деген Асқар Исабекұлы өңірде газ, электр, кәріз су жүйелерін жүргізу мақсатында бірқатар ілкімді істер қолға алынып отырғанын тілге тиек етіп, ол жұмыстардың барысын бақылау «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының міндетіне жататындығын жеткізді.
Конференция соңында партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің құрамы сайланып, Саяси кеңестің алғашқы отырысы өтті. Саяси кеңес отырысында партия облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының жаңа құрамы сайланды.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР