Қоғам

Жеті анаңызды білесіз бе?

Қазақ халқында ұлттың ұлағатты ұранына, ұрпақ, тек тазалығының қуатты құралына айналған қасиетті де қастерлі дәстүрлер, шүкір, жеткілікті. Соның ішінде бірінші кезекте ойға оралатыны, әрине, жеті аталық ұстаным. Тарихшы ғалымдардың деректеріне сүйенер болсақ, жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі Керей мен Жәнібек хандар іргетасын қалаған қазақ хандығының тұсында қалыптасып, мүлтіксіз орындалуы қатаң бақылауға алынған, ұлттық міндет деңгейіне көтерілген, яғни өз ата-бабасын білу әрбір азамат үшін перзенттік парыз болған. «Жеті атаға дейін қыз алысуға болмайды» деген талапты өрескел, көпе-көрнеу бұзғандар жазаланып отырған. Сан ғасырдан бері жадымызда жатталып, қанымызға сіңіп жеткен осы бір тыйым қанның тазалығы мен тектіліктің асылдығына кепіл беретіні даусыз шындық. Оны бүгінгі ғылым да мойындап, тайға таңба басқандай жария етіп отыр.

Белгілі журналист, танымал қаламгер Әділ Бек Қаба өзінің «Қаның таза ма, бауырым?» деген мақаласында қазақтың жеті атаға дейін қосылмауының нәтижесі әрбір рудың 500 жылдан кейін ғана үйленуге рұқсат етілетіндігіне алып келетінін дәлелдейді. Осы 500 жылдың ішінде қанның тазаланатыны соншалық, оның құрамында әу бастағы генетикалық-туыстық белгілерден ештеңе қалмайтынын, қалса да жекелеген ерекшеліктері ғана сақталуы мүмкін дегенді айтады.

Бұл ретте жеті атаға дейін қан тазалығын сақтау түркі тектес халықтардың бәріне бірдей ортақ емес екендігін де айта кеткен орынды. Мысалы, түрік, ұйғыр, өзбек, татар және тағы басқа түбі бір ағайындардың өз аталастарына құда түсіп, «бір емшек ембеген» туыстарына үйленіп жататындығын жақсы білеміз. Өздеріңіз байқағандай, мұндай дәстүр тек қазақ халқына ғана тән. Сондықтан да, бүкіл бір ұлтты бір-біріне бауыр етіп, басын біріктіріп, ұлт тұтастығын орнықтырып отырған да қазақтың осы дәстүрі.

Ал, енді жеті ата деген кімдер?
Жеті ата шежіресі өзімізге дейінгі ата-бабаларымызға байланысты таратылады. Яғни: 1. Бала. 2. Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6.Түп ата. 7. Тек ата. Осы орайда «Ататекті білгеннің айыбы жоқ», «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген ғибратты сөздер тектен-тек айтылмаса керек.

Десек те, біздің талайлы тарихымызда аналардың алар орны ерекше. Зер сала қарасаңыз, қазақтағы көптеген рулардың аты асыл аналарымыздың есімімен тығыз байланысты. Көптеген жер-су атаулары да ұлы аналардың есімімен, яки соларға қатысты аңыздар желісімен қойылғаны айдан анық.
Атам қазақ туыстық қатынастарды өзара сабақтас үш жұртқа-топқа бөліп атайтынын жақсы білеміз. Үш жұрт та жанашыр, сүйеніш, қорғаныш.
«Өз жұртың күншіл келеді. Бар болса, көре алмайды. Жоқ болса, бере алмайды. Жақсы болсаң, күндейді, жаман болсаң, жүндейді. Қайын жұртың міншіл келеді. Қолыңның ұзындығына, жағаңның қызылдығына қарайды. Берсең жағасың, бермесең дауға қаласың. Нағашы жұртың сыншыл келеді. Жақсылығыңа сүйінеді, жамандығыңа күйінеді. Әрқашан тілеуіңді тілеп, қамқоршы болады» деп дана халқымыз әр жұрттың бітім-болмысына, ниет-пейіліне қарап, сипаттама берген.

Жігіттің шешесінің туыстары нағашы аталып, өзі оларға жиен болатыны баршаға белгілі. Қазақ халқында қалыптасқан дәстүр бойынша нағашы мен жиен арасындағы қарым-қатынастың өзіндік ерекшеліктері бар. Олар бірін-бірі күндемейді, жүндемейді, араларында бақталастық, қызғаныш болмайды, өзара әзілдесіп, қалжыңдасады. Жиеннің еркелігін де, тентектігін де көтереді. «Балалығың ұстаса нағашыңа бар» деген мәтел соны меңзейді. Ал, «Нағашымен күрескен жиен жығылады» деген мәтелдің мәні үлкенді сыйлауға, жөн-жосықты білуге үндейтіндігімен сабақтас.
Әлбетте, әрбір адам туған анасын жақсы көреді. Ендеше, анасының әке-шешесін, аға-інісін, басқа да ет жақын туыстарын қалайша құрметтемесін?!

Соңғы жылдары өздерінің өмір жолдары туралы естеліктер құрастырып, ғұмырнамалық шежірені тарататын немесе отбасылық өнегені баяндайтын қилы кітаптар көбейіп кетті. Бір қызығы, солардың қайсыбірін парақтап көрсеңіз де нағашы жұрт туралы жылы лебіздерді, көңіл толқытатын қимастық пен сағынышқа толы жүрекжарды пікірлерді аз кездестіретініңіз анық. Ең өкініштісі, көптеген шежірелік кітаптардан анамыздың аналарына байланысты бірде-бір мәлімет таба алмай қынжыласың.

«Қыз — жат жұрттық», «Ұл — қоныс, қыз — өріс» деп білген дана халқымыз басқа шаңырақтың бағы үшін туған қыз баласын шежіреге енгізбегені әмбеге аян. Шежіреден шет қалғанымен, қай заманда да қазағым қызын қастерлеп, ананың айбынын, абырой-беделін асырған ел. Қасиетті халқымыз қызын ұлдан жоғары қойған, босағаға отырғызбаған, төрге оздырған, жаны нәзік деп көңіліне қараған, қонақ деп құрметтеген. Тіпті, кей тұста ұлға балап өсірген. Ұлттың алтын қазығы қыздың ибасында, ананың ақ жаулығында екенін ой-санасына дарытқан. Ел шеті бүлінсе, ерлердің қатарына қосып, қолына кейде қару да ұстатқан.

Халық ауыз әдебиетінен басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан ұлттық руханиятымыз да нәзік жандылардың жанарына үңіліп, жүрегін жібітіп, көңілін демдеп келеді. Қазақтың қасиетті қара өлеңінде қарапайым қазақ қызының дегдарлығын, сүйегінің асылдығын жырлаған жолдардан артық дүниені табу қиын.
Ендеше, ататек ұстанымды алға тартқан секілді, жеті анамызды неге дәріптемеске? Біз аналарымыздың анасы туралы білеміз бе?

Аталған мәселені жете зерделемек мақсатында Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл аудандарының үлкенді-кішілі тұрғындарынан сұрастырғанымызда, бірде-бірінің жеті анасын атап бере алмағандығының куәсі болдық. Тіпті, «АРАЙ»-дың тосын сауалына тосырқай қарап, аң-таң болғандар да аз емес.

Ал, жеті ананы жеті атаға сәйкестендіріп жіктейтін болсақ, біздің пайымдауымызша: 1. Бала. 2. Шеше. 3. Нағашы апа. 4. Нағашы әже. 5. Ұлы ана. 6.Түп ана. 7. Тек ана деп атағанымыз жөн сияқты.
Жарық дүниедегі ананың аялы алақаны, асыл жардың ер-азаматының бағасын білер тектілігі, ару қыздың аңсарлы сезімі біз үшін қашанда қымбат. Өлеңнің бастауы, жұмбақтың шешімі, өмірдің мазмұны – сұлулық пен әдемілік. Сананы сұқтандырған сұлулық барда, әлемді әлпештеген әдемілік барда қыз-келіншектер қауымының қадірі арта беретіні даусыз. Парасат та, мейірім де, білім мен ғылым да баланың бойына анасының ақ сүтімен беріледі. Әлемді тәрбиелейтін – ананың ақ махаббаты. Сол себепті, аналарымызға қандай құрмет-қошемет көрсетсек те жарасады.
Қазақ анасы – әлмисақтан шаңырақтың иесін, ошақтың киесін қастерлеп, берекесін қашырмай ұстап отырған құт дарытушы!
Қазақ анасы – әлмисақтан ұрпағын ұлы іске баулыған Ұлы ұстаз!

Қазақ анасы – әлмисақтан жан баласын бесік жырымен емізіп, ертегісімен еліктірген, аңызымен уыздандырған ұлағат иесі!
Қазақ анасы – әлмисақтан батырлар жырымен ұрпағының бойына ерлік рухын сіңірген, ері жоқта елін қорғау үшін атқа қонып, қолына қару ұстаған батыл да батыр, жүректі жан!
Қазақ анасы – әлмисақтан туған жері, өскен елі мен отбасы ошағының оты маздап жанып, түтіні түзу ұшуы үшін жанын салуға дайын намыс найзасы!
Қорыта айтқанда, ел басқарған, сөзіне дүйім жұртты ұйытқан, ақылы мен парасатына төңірегін тәнті еткен, қала берді ұлтымыздың ұрпағын заманның қилы-қилы ұйытқи соққан өкпек желдеріне қарамастан өрбітіп отырған әз Аналарымызға «Жеті ана» жобасы арқылы тағы бір құрмет көрсететін кезең келіп жетті деп есептейміз. Газетіміздің осынау бағалы бастамасы жанашыр жамбылдықтар тарапынан қызу қолдау табады деген ойдамыз.
Ал, сіз жеті анаңызды білесіз бе?

Масат БЕРІК

ПІКІР