"100 жаңа есім"

Жетімін жылатпаған жұрттанбыз…

Қазақ едік жетімін жылатпаған,
Қол жайғызып,садақа сұратпаған.
Мұқтаж жанға әрқашан жәрдем беріп,
Намыс туын ешқашан құлатпаған, – деп ақын жырлағандай, тарих беттеріне зер сала қарайтын болсақ, қазақ даласында жетімдер үйі деген түсінік еш уақытта да болмағандығына көз жеткізетініміз анық. Алайда, заманның құбылғаны ма, әлде адамның бұзылғаны ма, өткен ғасырда қоғамға мүлдем жат «көкек ана», «тірі жетім» деген ұғымдар пайда болып, соның салдарынан жер-жерлерде балалар үйі ашыла бастады.

Тәуелсіздік туын көкке көтеріп, егемендігіміз еңсесін биіктеткен тұста дана бабаларымыздың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген көргенді сөзіне жол ашып, жарық дүние есігін ашқан әр сәби әке мен ананың аялы алақанында өсуіне жете мән беріле бастады. Ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларды өз тәрбиесіне алған азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, бертін келе еліміздегі бірқатар балалар үйі жабылды. Есігіне қара құлып салынған мекеменің бірі – Меркі ауданындағы Савва атындағы балалар үйі.

Дәл осы Савва атындағы балалар үйінен 8 бірдей бүлдіршінді өз қамқорлығына алған Ғалым Арыстанбаевтың жанұясы бүгінде көп балалы отбасына айналып отыр. Ол қанында бар қазақы қасиетін танытып, сегіз ұлттың балаларын бір шаңырақ астында бабалар салған салтпен тәрбиелеуде. Оның игі ісі елеусіз қалған жоқ. «100 жаңа есім» жобасына еніп, азамат атын бүкіл ел таныды.
Екінің бірінің қолынан келмейтін өнегелі істі көпке үлгі ету мақсатында таяуда Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана өз оқырмандарын Ғалым Арыстанбаевпен кездестіріп, келелі әңгіме өрбітті. Кітапхана оқырмандарымен жүздесуге ол жұбайы Әлия Көбегенованы және қос анасын, 11 баласын ерте келді. Сол басқосуда біз де мейірімді жандармен емен-жарқын пікір алмастық.
– Бала тәрбиесі – аса жауапты және өте нәзік іс деп білемін. Себебі, бүлдіршіндер – бүтін бір елдің болашағы. Балалар үйі сәбилер үшін жылы ұя болғанымен, жақын жандардың жүрек мейірімін бере алмасы белгілі. Ал, бала алдың екен, онда оны өз туғаныңнан кем қарамауға міндеттісің, – дейді Ғалым Қазбекұлы.
Оған бала асырап алу туралы алғаш жұбайы Әлия ұсыныс жасапты.

– Үш ұлымыз дүниеге келгеннен кейін жолдасыма балалар үйінен қыз бала алсақ деген ойымды жеткіздім. Бірден құптады. Екеуміз ауданымыздағы Савва атындағы балалар үйіне бардық. Алайда, ол жерден біз ойлағандай бүлдіршін емес, жасөспірім қыз кездесті. Неге екенін білмеймін, назарымыз сол Заринаға түсті. Танысып-біліскеннен соң оны үйімізге шақырып, өзіміз де балалар үйіне жиі барып тұрдық. Демалыс күндері біздің үйге келіп тұрды. Бір жолы өзімен бірге тәрбиеленіп жүрген құрбысын, інілерін де ерте келіп, бізбен таныстырды. Олар Ғалым екеумізді «Әке», «Ана» деп атап та кетті. Осыдан кейін жалғыз қызды алып кете алмайтынымызды түсіндік. Балаларды бір-бірінен айырғымыз келмеді. Онсыз да тағдыр оларды әке-анасынан айырды ғой. Сол жақындары бере алмаған жан жылуын сезіндіріп, бүтін бір отбасы болу үшін өз қамқорлығымызға бәрін бірдей алдық. Сөйтіп, ә дегенде 5 балаға бірден ата-аналық құқықты иелендік. Кейін тағы 3 сәбиді бауырымызға бастық. Өзіміздің 3 ұлымызбен қосып, 11 баланың ата-анасы болып шыға келдік. Балаларымыздың бәрін бірдей қазақы дәстүрмен тәрбиелеп отырмыз. Дастархан басынан бата қайырмай тұрмайды. Әр істі «Бісмілләдан» бастауды жаста болса әдетке айналдырды. Шүкір, осы балалардың арқасында бүгінгідей абыройға кенелдік, – деді көп балалы ана Әлия Көбегенова.
Үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсеткен жанұя осы ұстанымдарымен «Мерейлі отбасы» байқауында да жеңімпаз атаныпты. Соңынан ерген перзенттерімен бірге Елордаға сапарлап, Астананы аралап та келіпті.

– Мұндай құрметке періште бүлдіршіндердің нәсібімен және Елбасы мен қалың халықтың қолдауымен жетіп отырмыз. «100 жаңа есім» жобасына енуіме тікелей атсалысып, дауыс берген халыққа отбасымыздың шексіз алғысын айтамын, – дейді Ғалым Арыстанбаев.

«Алып анадан туады» дейді халық даналығында. Жүрегі кең, өресі биік Ғалым Қазбекұлының анасы Нұрсұлу Жапарқұлова 11 балаға әке атанып, үлкен шаңырақтың иесі болған, есімін бүкіл ел таныған ұлын әлі де баладай көретінін жасырмайды.

– Ана үшін бала қанша жасқа, қандай биікке көтерілсе де, сәби кейпінде қалады екен. Бүгінде ел-жұрты құрмет көрсетіп, төрге оздырған Ғалымым маған әлі де кешегі бала бейнесінде. Сондықтан да шығар, балалар үйінен алғашқыда 5 сәбиді аламыз дегендерін естігенде, кәдімгідей ойланып қалдым. Мемлекет қамқорлығындағы баланы өз жауапкершілігіңе алу оңай іс емес. Не де болса «Ниеттенген екенсіңдер Жаратқан ием өзі жар болсын!» деп батамды бердім. Шүкір, балалары тілалғыш, ата-анасының қадір-қасиетін жақсы түсінеді. «Бала бақытқа жеткізеді» деген рас екен, – деп ұлының балдәурен шағын еске алды.

Бір ауылда дүниеге келіп, тай-құлындай тебісіп, қызықты күндерді бірге өткізген, әскери борышын да бірге атқарып келген досы Талғат Абитбеков:
– Ғалым нендей жағдайлар болса да, үнемі жымиып, күліп жүреді. Қазір де солай ғой. Ел-жұрт қошемет көрсетіп, аты көпке танылып жатса да, ол бәз-баяғы қарапайым қалпынан танбаған. Бала күнінде басынан тастамайтын құлақшыны бір жағына қисайып, күліп тұрған кейпі әлі де көз алдымызда. Сол аңғалдық, адалдығымен, басқаларға деген жанашырлық мейрімімен 8 ұлттың өкілін сәби күнінен өз балаларымен бірге панасына алып отыр. Талай шет елдік ғалымдар айтып кеткен қазақтың бауырмал да меймандос пейілін іс жүзінде дәлелдеп жүр. Әрине, мұндай үлкен жауапты істі атқаруда жұбайы Әлияның көмегі де орасан. Балаға ең алдымен ананың аялы алақаны, ыстық құшағы керек. Барлық достарымыздың атынан Ғалым мен Әлияға шын ризалық ниетпен рахметімізді айтамыз. Осындай ұл-қызды дүниеге әкеліп, қайырымды етіп тәрбиелеген Нұрсұлу апа мен Жұмакүл апаға мың алғыс! – дейді.

Ізгілік. Ізеттілік. Ілтипат. Біз сыр-сұхбат барысында Арыстанбаевтар отбасының ақжарқын қалпын айқын аңғардық. Мұндайда дана қазақ «Кең болсаң, кем болмайсың» деп тектен-тек айтпаса керек. Көздері жәудіреген жеткіншектерді бауырына басып, мейірімі мен махаббатын төгіп келе жатқан жанұяның жан жылуы өзгелерге үлгі болса, қанекей.
Біз де өз тарапымыздан көп балалы отбасының бүгіні берекелі, келешегі кемел болуына тілеулестік білдірдік.

Қамар Қарасаева

ПІКІР