"Кәсіпкерлік" Сұхбат

«Жетістікке жету үшін демалыссыз жұмыс жасадық»

Written by Aray2005

 

Біздің қоғамда заман ағымына мойынсұнып, мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау саласында еңбек етіп, кәсіпкерлік пен басшылықты тізгіндеген арулар аз емес. Сондай талапты жастың бірі – «Novacom Tecnology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Индира Сатыбалдиева. Еңбекпен көз ашып, қызметтің барлық сатысында абыройға бөленген замандасымыздың айтары да көп.

–Индира Әбдіәшімқызы, бизнес нәзік жандылар тұрмақ кейде ер азаматтардың өзін тұқыртып жіберетін сала. Ал сіздің еңбек жолыңызға қараған адам бизнеске кездейсоқ келмегеніңізді байқайды. Әңгімеміздің әлқиссасында сізге өмірлік тәжірибе сыйлаған сол шақтарды қайта еске түсіруден бастасақ…
– Мектепті тәмамдаған соң мен Тараз қаласындағы «Парасат» колледжінің сырттай бөліміне оқуға түстім. Күндізгі бөлімдегі оқу ақысын төлеуге ата-анамның мүмкіндігі болмады. Сондықтан да маған жұмыс жасауға тура келді. 18 жасқа толғанға дейін үй қызметшісі, ас үй қызметшісі, даяшы болып ақша тауып жүрдім. Ал кәмелеттік жасқа толған соң әкем маған байланыс компаниясына басшылық жасайтын достарының біріне есепшінің көмекшісі қажет екенін айтты. Бұл ұсынысты қуана қабылдаған мен сол күннің ертеңіне-ақ әкемнің досының кеңсесінен табылдым. Қолымда есепшілік мамандығын меңгергенім туралы ешқандай құжат болмағандықтан есепшінің көмекшісі емес, байланыс номерлерін тіркеу менеджері атандым.
Шынында есепші болу бала күнгі арманым болатын. Алайда сол сәттегі отбасылық жағдайымызбен есепшілік қызмет қол жетпестей көрінетін. Сол себептен маған байланыс компаниясындағы алғашқы жұмыс күнінен қарым-қабілетімді көрсету үшін барымды салуға тура келді. Нәтижесінде екі айдан соң басшылық менің іскерлігімді байқап, ұялы телефондарды сату менеджері қызметіне тағайындады. Мұнан соң аталған компаниядағы кәсіби мансабым сатылап өсе берді. Сату бөлімінің менеджерінен кассирлікке, одан қойма меңгерушілігіне бекітілдім. Қойма меңгерушісі бола жүріп бала күнгі арманымды ақиқатқа айналдыруға кірістім. Есепшіліктің тиісті курстарынан өтіп, қажетті компьютерлік бағдарламаларды толық меңгердім. Осылайша мен компанияның есепшісі атанып шыға келдім. Араға көп уақыт салмай директордың орынбасары болдым.
Сол бір тұста қаржылық қиыншы­лық­­тармен бетпе-бет келдік. Мен телефон номерлерін тіркеу менеджері болып қызмет еткен компания сол кездегі «Pathword», «Neo» байланыс операторларының облыстық дистри­бьюторы саналатын. Нарыққа бренд маркалы смартфондармен өзге байланыс операторлары келгенде бұл компания бәсекелестікке төтеп беру қабілетін жоғалтты. Осылайша бір ғана байланыс операторларына арналған ұялы телефондар сату пайда әкелмейтіні белгілі болды. Сол тұстарда компания байланыс қызметі үшін төлем қабылдауды бастады. «Касса 24», «Qiwi Qazaqstan» бағдарламаларымен бірлесе жұмыс жасауға көшті. Алайда, төлем қабылдау да компанияға табыс әкеле қоймады…
– «Novacom Tecnology»-дың қыз­метін жолға қою туралы ой осы кезде келді ме?
– Иә, байланыс компаниясының бизнес ортадағы бәсекелестікке қабілеттілігі төмендеген сәтте біз төлем терминалдары, ақпараттық киоскілер, турникеттер өндірісін жолға қойып, компания қызметін нөлден бастадық. Жасыратыны жоқ, алғашында аталған қызмет түрлерін ұсынатын компанияның қызметін ұйымдастыру, оны нарықта таныту оңайға соқпады. Бастапқы жылдары өндірістен бұрын компанияның құжаттарын реттеуге күш салдық. Кейіннен түрлі байқауларға қатыса бастадық. Осы тұста біздің әлеуетімізді байқаған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы «Қазақстанның үздік тауары» байқауында бақ сынауды ұсынды. Былтыр Астана қаласында өткен байқау қорытындысында біз Президенттің «Алтын сапа» сыйлығына ие болдық.
– Бұл сыйлықтың сіздерге «Халық­қа арналған үздік тауар» аталымы бойынша берілгенін білеміз. Ал жақында сіздер ұсынған «Ақылды мектеп» жобасының таныстырылымы өтті. Білім саласына, жалпы ұрпақ тәрбиелеу ісіне бұл жобаның қосар үлесі қандай болмақ?
–Бұл жоба Елбасының бастама­сымен өмірге келген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын өңірде іске асыруды ілгерілету мақсатында қолға алынды.
Ал «Ақылды мектеп» несімен тиімді дейсіз ғой… Бұл көптеген ата-аналардың да көкейінде жүрген сауал екеніне еш күмәнім жоқ. Қазіргі таңда біздің қоғамда жаппай цифрландыру жүріп жатыр. Демек білім беру орындарында да бұл үрдісті оқушылар, студенттер тек дәріс кезінде ғана емес сабаққа кірген сәттен сезіне білуі қажет. Біз ұсынған жобаға сай оқушылар, студенттердің сабаққа уақтылы қатысуы, оқытушылардың оқу ғимаратына келу-кету мерзімі толықтай жүйенің бақылауында болады. Ата-аналар балаларының мектептегі әрбір іс-әрекетін қолындағы смартфондағы мобильді қосымша көмегімен қадағалап отырады. Тіпті асханада өз баласының күнделікті тұтынатын тағамының мәзірімен таныса алады. «Ақылды мектеп» жобасын құптаған мектептерге 2 турникет және ақпараттық киоскі орнатылады. Ақпараттық киоскі асханаларда тұрады. Ол да турникеттер сияқты оқушының биологиялық мәліметтері бойынша жұмыс жасайды. Оқушы құрылғыға жақындаған сәттен киоск оны танып, ас мәзірін ұсынады. Мұнан соң жасалған таңдауды автоматты түрде ата-анасының ұялы телефонындағы мобильді қосымшаға жөнелтеді. Осы киоскіден түскен хабарлама арқылы ата-ана баласының қандай ас мәзірімен тамақтанғанын, оған жұмсалған қаржы көлемін біледі. Бұл жүйе ата-аналардың балаларының сабаққа қатысуын бақы­лаудан бөлек, олардың құнарлы тамақтануын қадағалауға мүмкіндік береді.
Ата-аналардан бөлек білім сапасына бақылаушы органдар да «Ақылды мектеп» жобасы енгізілген мектептердегі оқушылардың сабаққа қатысуына, оқытушылардың жұмысқа келіп-кету мерзіміне қатысты статистикалық мәліметтермен айына немесе тоқсанына бір рет таныса алады.
– Енді аяққа тұрды демесеңіз компаниямен жасалған жұмыс аз еместігіне көз жеткіздік. Ал сіз компания директоры ретінде барлық жауапкершілікті абыроймен көтеріп келе жатырсыз. Нәзік жанды аруға басшылық қызмет қиындық туғызбады ма?
– Әрине, басшылық қызметтің қай деңгейде болмасын оңайға соқпасы анық. Сол секілді мен де қызметте табысты болу үшін бәрін құрбан еттім. Әлі күнге тұрмыс құрған жоқпын (күліп). Себеп – жеке өмірге көңіл бөлуге уақыт жоқ. Алтынмен бағаланар уақыттан бөлек осы деңгейге жету үшін аянбадым. Демалыссыз жұмыс жасаған күндеріміз болды. Түнгі 02:00-де жұмыстан қайтқан сәттерді қалай ұмытамын? Алға басу үшін аянбау керек. Соның арқасында ғана осыған қол жеткізе алдым деп ойлаймын. Алайда, алда әлі атқарылар қыруар шаруа күтіп тұр.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР