Жамбыл жаңалықтары

Жетісулықтардың жемісті жобасы

Талдықорғаннан бастау алған «Рухани керуен» Таразға табан тіреді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру әрқайсымыз үшін маңызды. Осы орайда, Алматы облысы әкімдігі дін істері басқармасының бастамасымен былтыр «Рухани керуен» жобасы қолға алынған болатын. Бағалы бағдарламадан туындаған байыпты бастамаларды елге насихаттап, өңір-өңірді аралап, жұртшылықтың жүрегіне жеткізуді өз міндетіне алған жетісулықтар жақында біздің өңірге де ат басын бұрды. Алматы облысының «Жер жәннаты Жетісу жерінен көне Тараз өңіріне» атауымен облысымызға сапарлап келген аталған керуен құрамында елге танымал тұлғалар, Алматы облысының Құрметті азаматтары, білікті дінтанушы ғалымдар, өз ісіне жетік мамандар мен мәдениет, өнер майталмандары бар. Оларды апта басында, қас қарая шаһардың шығыс қақпасынан Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов пен облыс әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров бастаған топ айрықша қошеметпен күтіп алды.
Алматы облысының «Жер жәннаты Жетісу жерінен көне Тараз өңіріне» атты «Руxани керуеннің» бірқатар мүшелерімен облыс әкімі Асқар Мырзаxметов кездесті. Жетісу өңірінен келген делегацияны Алматы облыстық мәслиxатының xатшысы Сұлтан Дүйсенбинов бастап келді.
Асқар Исабекұлы қонақтардың қадамына құт тілеп, қос өңірдің терең тариxы мен руxани байланысына, мәдени-әлеуметтік тығыз қарым-қатынасына кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ, Елбасының «Руxани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын тілге тиек етті.
Кездесуде Алматы облысының Құрметті азаматы, «Тақиялы періште» фильмінің бас кейіпкері Әлімғазы Райымбеков, Сұлтан Дүйсенбинов және өзгелер сөз алып, орамды ойларын ортаға салды. Екі тарап бір-бірлеріне сыйлықтар – өңір тариxынан сыр шертетін кітаптар табыс етіп, естелік үшін суретке түсті.
Меймандар аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып, халықпен жүздесуді «Достық» үйінен бастады. Онда «Рухани жаңғыру: дін – дәстүрім, салтым – санам» тақырыбында сурет және кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Рухани жаңғыру – ұлттың ұлы мұраты» тақырыбында келелі кездесу өтті. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков көне Тараз жеріне қадам басқан қадірлі қонақтарға ілтипат көрсете отырып, «Рухани керуен» жамбылдықтардың рухани кемелдене түсуіне септігін тигізетініне сенім білдірді.
Басқосу барысында сөз алған Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Сұлтан Дүйсенбинов Қазақ хандығының алғашқы туы тігілген, елдің бірлігі мен тұтастығы үшін күн кешкен Төле би, Бөлтірік шешен, Ақтанберді, Жамбыл, Кенен сынды дана, би-шешендер мен ақын-жыраулар және Кеңес Одағының Батыры, ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлы шыққан өңірге аяқ басып отырғанын айрықша сезіммен жеткізді.
– Ұлтқа ортақ ұлы тұлғаларымыздың өшпес ізі қалған киелі Тараз жерінде ел қамы үшін елеулі орны бар осындай маңызды шарада сіздермен жүздесіп отырғанымызға аса қуаныштымыз. Ең алдымен шығыс пен батыстың, мәдениет пен өркениеттің алтын көпірі – Ұлы Жібек жолының ізімен келіп отырған «Рухани керуенді» жылы шыраймен қабылдап отырғандарыңызға зор алғыс білдіреміз.
Халқымызда «Бармасаң, келмесең жат боласың…» деген нақыл сөз бар. Жер жәннаты Жетісу мен киелі Тараз өңірі еншісі бір, тарихы сабақтас, қойы қоралас қос мекен. Бұдан бөлек, мәдениет, өнер, руханият жағынан да ортақ істеріміз көп. Сол ортақ міндеттерді абыроймен бірлесе атқару, ұлт мүддесі үшін ірі іс тындыру «Рухани жаңғыру» аясында тіпті тереңдей түсті. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік аренада қазақ елінің беделін биіктетіп, орнымызды айқындап берді. Бүгінде ел мүддесіне бағытталған Президентіміздің дәстүрлі Жолдаулары кемел болашақты тануымыз үшін жасалып отыр. Соның ішінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарлама жаңа дәуірде жасампаз ұлт болуымызға, ұлттық құндылықтарды құнттап, жаңғыртуға бастайды. Әсіресе, ұлттық код пен біртектілікті сақтауда маңызы айрықша, – дей келе Сұлтан Мырзабекұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы облысында осы күнге дейін атқарылған істерге егжей-тегжейлі тоқталды.
Кино және театр артисі, Қазақ КСР Халық артисі, Алматы облысының Құрметті азаматы, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының жоғарғы санаттағы артисі, «Құрмет» орденінің иегері Алмахан Кенжебекова елдік пен еркіндік туралы ой қозғады. Ұлт көшбасшысының аталған бағдарламасы дер кезінде қолға алынғанын, жаһандық дәуірде жұтылып кетпей, әлемдік өркениетте алға шығуға жарқын жол сілтеп отырғанын жеткізді. Одан кейін «Мәртебесін талайдан биік қылып,
Қойған соң баршамызға сүйікті қып.
Қасиетті топырақтың бар мазмұнын,
Бүгіндері санама түйіп тұрып.
Ат арылтып Әулиеатаға келіп тұрып,
Қарт Тараздың құшағына еніп тұрып,
Киелі топырағыңа табаным тиіп тұрып,
Ассалаумағалейкум деп сәлем бердім!
Баршаңызға басымды иіп тұрып», – деп сөз бастады Алматы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев. Ол Керей, Жәнібек хандар мен кешегі елім, ұлтым, тілім деп өткен Б.Момышұлы, Шона Смаханұлы, Кенен Әзірбаевтар мен шындық десе алмастың жүзіндей болған Шерхан Мұртаза, Қайрат Рысқұлбеков секілді тарихи тұлғалардың өнегелі өсиеттерінен үзінді келтіріп, ел перзенті болуда тараздықтарға үлгі өз ішінде жетіп артылатынын алға тартты. Тілдің шұбарлануына жол бермеуді Шона ақын қылышынан қан тамған КСРО кезінде-ақ қолға алып, «Анамның тілі» атты өлең шығарғанын, оған талантты композитор Әбиірбек Тінәлі саз жазғанын айта келе, «Анамның тілі» әнін жұртшылық алдында баяулатып қоңыр дауыспен орындай бастағанда көпшілік қосыла шырқады. Жұртшылықты өзіміздің салт-дәстүрімізден айнымауға, жастарды тіліміздің жоғалуына жол бермеуге шақырды.
– Қазақтың даласы қазақтың баласы үшін ғана қасиетті. «Әркімнің туған жері☺– Мысыр шаһары». Десе де, мен қасиетті Тараздың топырағын басып тұрып, ұлт мүддесі үшін қызмет еткен, осы жерде туған перзенттердің тілімен сөйлеп, солардың аманатын жеткізіп тұрмын. Бір қазақтың емес, бар қазақтың жүгін көтеруге бейіл болайық, – деді ол.
ҚР Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы, барлығымыздың сүйікті киномыз «Тақиялы періште» фильмінің бас кейіпкері – Тайлақтың рөлін сомдаған Әлімғазы Райымбековтің салмақты сөзі, тұшымды ойы жұртшылық жүрегінен жол тапты. Келелі кездесуде облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков те сөз алып, өз ойымен бөлісті.
Бұдан кейін Алматы облысы дін істері басқармасы мен Жамбыл облысы дін істері басқармасының арасында әріптестікті арттыру мақсатында меморандумға қол қойылды. Алматы облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетовтің айтуынша, «Рухани керуен» жобасының басты мақсатының бірі деструктивті ағымдардың жетегіне кеткен жастарды тура жолға түсіру екен.
Жалпы, «Достық» үйінде өткен жиын «Рухани қазына» атты Алматы облысының ұсынған концерттік бағдарламасына ұласты. Сондай-ақ, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде де «Дін – зайырлы мемлекеттің рухани тірегі» тақырыбында діни бірлестік жетекшілерінің қатысуымен жиын өтті. Ал, Тараз сервис және технологиялар колледжінің мәжіліс залында өрбіген «Рухани жаңғыру: ел ертеңінің бастауы» тақырыбындағы басқосу жастарға арналды. Бұдан кейін қонақтар үшін тарихи және мәдени орындарға экскурсия ұйымдастырылды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР