Жиһаз жасап, жұртқа танылған

0 5

Таяуда Талас ауданына жол түсіп, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне біршама қанығып қайттық. Қойнауы қазынаға толы Қаратау қаласының бұрынғы жұпыны күйден арылып, ажары арта түскені бірден аңғарылады.

Бұған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен моноқалаларды дамыту жөнінде арнайы қабылдаған бағдарламасы арқау болып отыр десек қателеспеспіз. Сондай-ақ тұрғындардың еңбекке деген құлшынысы мен қолынан іс келетін азаматтардың кәсіпке бет бұруы қаладағы жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне әсер етіп отырғанын айта кету керек. Өйткені, шағын және орта кәсіпкерлік ел әлеуетінің тірегі екені анық.
Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаровтың айтуынша, аймақта 2 218 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар болса, оның нақты жұмыс істеп тұрғаны – 86 пайыз. Олардың 91-і шағын кәсіпорын болса, 742-сі шаруа қожалығы, ал 1075-і жеке кәсіпкер. Біздің сөз еткелі отырғанымыз, сол кәсіпкерлердің бірі, Қаратау қаласының тұрғыны Нұрбол Байжановтың заман ағымын әу бастан түсініп, жеке-дара іс қылуда оның табандылығы табысқа жетелегені жайлы болмақ. Шаруаға еп-себі бар ол о баста үйінде тұрмыстық қажеттілік үшін ағаштан бұйымдар жасай бастайды. Өз үйін ағаштан жасалған бұйымға толтырған соң, артығын көрші-қолаңға сатып, пайда табады. Десе де, молырақ ақша табу және осы істің қыр-сырына барынша машықтану үшін Алматы, Қарағанды секілді ірі қалалардағы бірді-екілі жиһаз цехтарында еңбек етеді. Кейіннен Қаратауға қайта келіп, көпқабатты үйдің жертөлесін шағын цех ретінде пайдаланып, ойға алған ісіне кіріседі.
– Нұрбол Байжанов туған жерге оралған соң, інісімен бірге тәп-тәуір тірлік бастады. Бір жолы ол пайдаланатын жертөлені су басып кетіп, біршама бұйымдарының жарамай қалғаны бар. Осыдан кейін ол бізден көмек сұрап келді. Біз «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген ниетпен оның жер учаскесін алуына, несиеге мемлекеттен төмендетілген пайызбен қаржылай қолдауға ие болуына қол ұшын бердік. Қазір жертөледен басталған ісі жанданып, шебердің қолынан шыққан жиһаздар жұртшылыққа танылып үлгерді. Қаратау қаласында бар-жоғы үш жиһаз жасайтын цех пен жиһаз сататын 6 дүкен бар. Соның бірі – тек аудан емес, облыс тұрғындарына да сапалы жиһаз өнімдерін ұсынатын екі қабатты «Нұр Дос» жиһаз дүкені. Дүкен ғимаратының жарты бөлігі жиһаз жасайтын цехқа ыңғайластырылған. Бұл негізінен, отбасылық бизнес көзі. Жалпы, биыл «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 152,5 миллион теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылды. Нұрбол Байжанов наурыз айында жиһаз дүкенінің қосымша құрылыс жұмыстары мен жиһаз жасайтын тағы да арнайы құрал-жабдықтар сатып алу үшін мемлекеттен 8 миллион теңге несие алды. Соның есебінен қосымша 4 маусымдық жұмыс орны ашылып отыр, – дейді А.Тауасаров.
Біз куә болғандай, аталған цехта ДСП, ДВП, МДФ секілді құрылыс материалдарын оятын, кесетін, тесетін бас-аяғы 6 станок бар екен. Нұрбол Ерғалиұлы жиһаздың пішінін, ою-өрнегін өзі есептеп, өзі кесетін автоматтандырылған құрылғының жұмыс сапасы мен өнімділігінің арта түсуіне айтарлықтай септігін тигізіп отырғанын айтады. Олардың жиһаз дүкенінен ас, жатын, балалар бөлмелеріне арналған жиһаздар мен үлкен үстел мен орындықтардың неше түрін табуға болады.
– Жалпы, кәсіпті 2009 жылы бастадым. Осы жылдар аралығында шағын бизнесімнің ауқымы әжептәуір ұлғайды. Бүгінде оншақты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған жайым бар. Шикізатты Алматы, Шымкент секілді қалалардан арнайы тапсырыс арқылы алдырамыз. Көпшілігі отандық өнім. Мұнда жиһаздарды «Home credit bank», «Альфабанк» секілді қаржы ұйымдары арқылы несиеге беру жолдары да қарастырылған. Біз тауарды өз бағасында ұсынамыз. Бұл тұрғындардың жиһаз сатып алу үшін Тараз қаласына сабылмауына септігін тигізуде. Мұндағы ағаш шеберлері Астана, Алматы, Қарағанды секілді қалаларда жұмыс істеп, тәжірибе жинағандар. Жұмысшылардың еңбекақысы 70-100 мың теңгені құрайды, – дейді Нұрбол Ерғалиұлы.
Басты ерекшелік сол, басқа дүкендер жиһазды Тараз қаласынан тасымалдап, құрастырып сатумен айналысса, бұлар кеңсеге немесе үйге қажетті жиһаздардың барлық түрін тапсырыс бойынша өз цехтарында жасайды.
– Менің ас бөлмеме қойылатын жиһаз өзінің ойымнан шығуы қажет. Сол үшін осында келіп, арнайы тапсырыс бердім. Ас үйге қажетті үстел, шағын шкафтар мен орындықтардың бағасы көңілімнен шықты. Қазір осы бұйымдар үшін келісілген 80 мың теңгені төлеп, затымды алып жатырмын. Негізінен, көбіне жиһаздар тасымалдағанда бұранда, шегелері шашылып, болмашы нәрсеге қиюы ажырап жатады. Ол ағаш материалдардың, желімнің әлсіздігінен деп ойлаймын. Ал бұл дүкендегі жиһаздар ел мақтағандай сапалы екені көрініп тұр, – деді қала тұрғыны Ұлбосын Бабаева.
Нұрбол Байжанов бүгінде қосымша мал шаруашылығымен айналысуға да ден қойыпты. Ол үшін арнайы жайылымы бар, қора-жай да даярлап үлгерген. Шаруашылық бағыты – негізінен сиыр, жылқы өсірумен айналысу. Кәсіпкер мал басын көбейткен соң, қайта өңдеу өнеркәсібімен айналысуға бел буып отыр. Нарық талаптарын терең түсінген Нұрболдың ойы шынында да құптарлық қадам. Өйткені, өңірде іргелі кәсіпорындар көбеюінің есебінен «елде болса, ерін қимылдайтыны» анық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

Талас ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.