Айна

Жігерлі ақынмен жүздесу

«Асыл Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми- әмбебап кітапханасында «Тектұрмас жаққа ұшқан құс» атты жыр жинағының авторы, Жамбыл ауданы, Еңбек ауылының тумасы, жас ақын Қуаныш Ауғанбаевпен кездесу өткізілді.

Ақын поэзиясын, шығармашылығын өскелең ұрпаққа тереңірек таныстыруға, «сөз патшасының» құдіретін ұғынуға арналған шара барысында талант иесі отты өлеңдерін оқып, оқырмандарымен емен-жарқын ой бөлісті.

«Мөлдір әлем» тақырыбында ұйымдастырылған кездесуде студенттер мен оқушылар ақынның жалынды жырларын жатқа айтып, сыр-сұхбат құрды.

Ғұмырым бар құлақты елеңдеткен,
Тағдырымды таныдым менен де өктем.
Аллам мені осылай жаратты ғой,
Мүгедек боп әйтпесе келем деп пе ем? – деп жырлаған жігерлі жас ақын «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты республикалық фестивальде 2013 жылы «Алтын қауырсын» номинациясы бойынша бірінші орынды иеленген болатын.

Жастайынан арбаға таңылып, тағдырынан қанша теперіш көрсе де өмір сүруге деген құлшынысын жоғалтпаған ол жаны жабырқағанда өлеңнен жұбаныш тауып, қазақтың көркем сөзінен қуат алатынын айтады.

Қамар Қарасаева

ПІКІР