Sport

«Жігіттерді әдейі жеңілді деп жазғырмайық…»

Өткен аптада айырқалпақты ағайын­дар атшаптырып, ІІІ Дүниежүзілік көш­пен­ділер ойынын өткізгені белгілі. Айтулы додада қазақ-қырғыздың асыға күткен ойыны – көкпар болатын. Алайда, жайшылықта кез келген қарсыласты жұғым көрмейтін жігіттеріміз, бұл жолы ақтық айналымға жете алмады. Осы жеңілістен кейін «қазақтар қырғыз­дармен күш сынасуға қорқып, өзбектерге әдейі ұтылды» деген гу-гу әңгіме де желдей есті.

Әлеуметтік желіде тараған видеода Қырғызстан құрамасының бұрынғы жетекшісі Талас Бегалиев қазақ көкпаршыларына қатты қапа болғаны былай тұрсын, жігіттеріміздің ар-намысына тиетін ауыр-ауыр сөздер айтты. Сөзбе-сөз келтірсек:
«Былтыр сендерге барғанда жап-жақсы ойнап бердік. Барлық ережелеріңе мақұл болып, ойнап бергенбіз. Астанаға мен барғанмын. Сол кезде қалай болды? Барлығына шыдап, ойнадық қой. Енді неге сендер солай ойнамайсыңдар? Намыс деген бар ма, сендерде? Бұл спорт қой. Неменеге саясатты араластырып отырсыңдар? «Көк бөріден» неге сонша қорқасыңдар? Бұл ойын ғой, спорт қой. Жігітше ойнап, күліп-жайнап кетпейсіңдер ме, елдеріңе? Өзбекстан өмірі көкпар ойнаған жоқ. Қалай ұтылып барасыңдар елдеріңе? Қай беттеріңмен барасыңдар?…», – дейді бейнежазбада ашынған қырғыз азаматы.
Бұған біздің көкпаршылар тарапынан ләм-мим деген ешкім болмады. Автобус­тың алдыңғы қатарында отырған бір шабан­­дозы­мыз «Біз қолдан келгенді істедік, осыған дұға қылыңыздар» деп жауап беруге ғана шамасы жетті.
Осы оқиғадан кейін «Әулие-Ата» ат спорты клубының директоры Нұрдәулет Момыновқа хабарласып, болған жайдың ақ-қарасын білген едік.
– Жігіттер жеңісті қолдан беріп қойды деп айта алмаймын. Өйткені, Өзбекстанның көкпаршылары осал емес. Өзбек шабандоздарының капитаны Заман есімді азаматтың түп тегі қазақ. Ол ат жалында өсіп, көкпар спортының қыр-сырын меңгерген мықты жігіттерден құраманы жасақтай білген. Ал, көшпенділер ойынында өнер көрсеткен біздің көкпаршыларымыз қосалқы құраманың ойыншылары. Ондағы жігіттер 1997-1998 жылғы жас көкпаршылар. Оған қоса, олардың ішінде Құрманбек Тұрғанбек есімді жалғыз шабуылшы ғана салым салып жүр. Осы көшпенділер ойынында Құрманбектің бір өзі 32 салым салды. Бірақ, жартылай финалда ол шаршап қалды. Өзге көкпаршыларымыз да, аттары да шаршады. Содан есе жіберіп қойды.
Негізі ашып айтсам, бұл көшпенділер ойынының ашылу салтанатында көкпарға қазандық қойылатындығын естіген бойда қатыс­пай­тынымызды айтып, кетіп қалған бола­тынбыз. Алайда, Қордай ауданындағы шекараға жетіп қалғанымызда белгісіз себептермен кері қайттық. Бірақ, шыны керек, жігіттердің бойында ойынға деген құлшыныс болмағандықтан, жарысқа қосалқы құрамымызды жібердік. Оған қоса, олардың аттары да болмады. Содан әу бастан-ақ ойын өрнегіміз бұзылды. Егер қырғыздар қазандыққа емес шеңберге ойнау ережесін бекіт­кенде, бәріміз жеңіске жетуге жан салар едік. Негізі, қазандықтан ат қана емес, көкпаршының өзі жарақат алып қалу қаупі жоғары. Сондықтан, біз елімізде шеңберге ойнау ережесін қабылдағанбыз. Бірақ, қырғыздар оған оғаш қарап келеді.
Тағы бір айта кететінім, әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен видеодан кейінгі менің сұхбат беріп тұрған бейнежазбамды қырғыздар жариялап жіберіпті. Бірақ, бұл 2016 жылғы көшпенділер ойынында түсірілген таспа. Оның биылғы жағдайға еш қатысы жоқ. Ол жылы шынында бізді бір түнде Қырғызстанға аттандырып, еш дайындықсыз додаға қосқан болатын. Осыны халық түсінсе екен деймін.
Енді осы айда Астана қаласында қазақ, қырғыз, өзбек, түрік бас қосатын үлкен құрылтай өткелі тұр. Сонда қырғыздарға қазандықты көкпар ойынынан алып тастау туралы мәселе төтесінен қойылмақ. Егер олар бұл шартпен келіспесе, оларды халықаралық жарыстардан шеттету туралы шешім шығарылуы мүмкін.
Ал, жалпы айтқанда біз әдейі ешкімге жеңілген жоқпыз. Спорт болғаннан кейін жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді, – дейді клуб директоры.
Иә, ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, көпшіліктің көзайымына айналған даңқты шабандозымыз осылайша бар мәселені бүкпесіз ашып айтуда. Демек, «жеңісті қолдан берді» деп жігіттерімізді жазғыруымыз артық сияқты.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР