Жоба көп, бірақ нәтиже жоқ

0 9

«Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына жұмысты ширататын уақыт жетті

Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуге аз қолдау білдіріліп жатқан жоқ. Жылда жанданып жатқан жоба да, қаралған қаржы да жетерлік. Алайда жобаларды үйлестіруші ретінде бекітілген мекемелер қызметінде «қалғып», талай тірліктің тетігін таппаған. «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының бес айда атқарған жұмысына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осындай баға берді.

Жалпы аталған мекеме түрлі бағдарламалар мен инвестициялық жобаларды қаржыландыруға жауапты болған. Сондай-ақ «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасын жүйелі ету де корпорацияның міндетінде еді. Ал өткен жылы «Бизнеске арналған үкімет» орталығы құрылып, кәсіпкерліктің өрісі кеңейеді деп күтілген. Алайда жоба жүрісінен жаңылып, мекеме бағытынан айнығандай.
– Әр тоқсан сайын «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының жұмысын қорытындылап отырамыз деп келіскен болатынбыз. Бүгін бес айдың жұмысын тыңдаймыз. Корпорацияның негізгі міндеті – елімізде жанданған жобаларды жүзеге асыру. Азық-түлік бағасын бақылауда ұстап, оның бұлқынуына жол бермеу. Тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын жинақтап, халыққа нарықтық бағадан 10-15 пайыз төмен өткеру. Сондай-ақ кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсету. Және берілген несиелердің дер кезінде қайтарылуын қадағалау да корпорацияның міндетіне кіреді, – деп жиынды ашқан аймақ басшысы есепті баяндама жасау үшін сөзді «Тараз» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Нұрғали Көрпетаевқа берді.
Басқарма төрағасының сөзіне сүйенсек, инвесторлар мен кәсіпкерлерге сервистік қызмет көрсету орталығына келушілерге 31 түрлі қызмет көрсетіледі екен. «Бизнеске арналған үкімет» орталығы ашылған сегіз айда 1850 кәсіпкер жүгінсе, жыл соңына дейін олардың санын 2300-ге жеткізу көзделуде. ««Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы және өзге мемлекеттік бағдарламалар бойынша несие қарызын қайтару жұмыстары да жолға қойылған. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша бағаны тұрақтандыру үшін әлеуметтік дүкендер іске қосылған. Осы және өзге де бағыттар бойынша атқарылған жұмыстарды басқарма басшысы тілге тиек еткенімен аймақ басшысы статистикаға түзілген баяндамаға қанағаттанбады.
Нұрғали Көрпетаев кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жобаларға бөлінген қаржының мақсатты, әлде мақсатсыз жұмсалғанын да дөп басып айтып бере алмады. Мәселен корпорацияның «Мерке-Финанс-кредит» филиалы арқылы Сарысу мен Талас аудандарының тұрғындарына кәсіп ашу үшін 120 миллион теңгеден берілгенімен басқарма әлі күнге дейін филиалдан бірде-бір ақпарат ала алмаған. Басқа жобалар бойынша да осындай кемшіліктер аз емес.
– Кеңседе отырып мәлімет жинауды ғана білесіңдер. Кәсіпкерлердің мәселелерін барып тыңдап, көзбен көрмейсіңдер. Кабинеттен шықпағаннан кейін құр қағаздағы сандарды сөйлетіп отырсыңдар. Бұған дейін корпорация тарапынан тың жобалар жанданып, лизингке трактор, жаңбырлатып суару сынды қондырғылар алынып берілсе, қазір сіздердің тараптан еш ұсыныс түспейді. «Бизнеске арналған үкімет» орталығының жұмысын да жүйелі ете алмай келесіңдер. Күніне 15-20 адамға ғана кеңес бергенді қанағат тұтып отырсыздар. Біздің бұл орталықты ашу себебіміз – кәсіпкерлерді демей отырып, оған банктен несие алуына көмектесіп, жобасын жүзеге асыруына ықпал ету болатын. Алайда сендер де кәсіпкерге «ертең кел, арғы күні кел» деп, әуре-сарсаңға салып отырсыңдар, – деген Бердібек Машбекұлы тұрақтандыру қорының жұмысын үйлестіре алмай отырған корпорация мен облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының да жұмысын сын тезіне алды. Оған негіз де жоқ емес. Себебі қазір әлеуметтік дүкендерде азық-түлік түрлері таусылып қалған. Күнбағыс майы 73 теңгеге қымбаттап кеткен. Одан бөлек аймақ басшысы инвестициялық жобалар бақылаусыз қалып, қайтарылмаған несиелердің қарызы көбейіп кеткенін де шегелеп тұрып атап көрсетті.
Көтерілген түйткілдер мен қойылған сауалдарға басқарма басшысы тарапынан мардымды жауап болмады. Ал жаттанды жауапты жатқа соққандардың мәселесін аймақ басшысы бір-ақ сөзбен қайырды.
– Корпорация жұмысын нөл десек те болады. Өте нашар. Бұған дейін қолға алынған жобалардың барлығы тоқтап қалған. Соңғы кездері сіздерге тіпті кәсіпкерлер де келмейтін болған. Себебі сіздердің қолдауларыңызға сенбейді. Көңілдері қалған. Жоба саны көп, алайда нәтиже жоқ. Бір сөзбен айтқанда корпорация ұйықтап отыр, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Осылайша аймақ басшысы корпорацияның бес айда атқарған жұмысының «бес тиындық» құны болмай тұрғандығын баса айтты. Сондықтан «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының жұмысын ширатуды өзінің орынбасарлары мен тиісті басқарма басшыларына тапсырды.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.