Жастар.kz

Жоба жеңімпаздарының жарқын ісі

bty

Елімізде еңбек етемін деген адамға жұмыс көп. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалуда. Тек мүмкіндікті мүлт жібермеген абзал. Осы орайда Жамбыл ауданында «Бүгін бастамасаң, ертең өкінесің» деген қағиданы ұстанған жалынды жастар баршылық екен. Соның бірі – Аса ауылының тұрғыны Дастан Қайсаров. 23 жастағы жігіт осы уақытқа дейін бизнесті қалай және неден бастау жөнінде ойға батып жүргенде аудандық жастар ресурстық орталығының мамандарынан «Zhas project» жобасы туралы естиді. Осыдан кейін ол арнайы кеңес алып, өз жобасын ұсынып, жеңімпаз атанады. Бұл әрине, мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан үлкен көмек.

– «Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасына ә-дегеннен білек сыбана кірістім. Бастапқыда орындалмайтын арман сияқты көрінді. Бірақ, ұсынатын жоба тиімді болса, лайықты бағасын алатынына сендім. Содан әбден ойланып, мүмкіндігі шектеулі жандардың отбасыларына арнап әткеншек, керме, зілтемір секілді спорттық құрал-жабдықтарды қолдан жасап беру жөніндегі бастамамды жобаға енгізіп, бақ сынауға бекіндім. Жобаны дайындауға бар-жоғы 2 сағат қана уақыт жұмсадым. Бұл ойымды достарыма айтып, олар мені қолдайтынын білдіріп, команда құрдық, – дейді Дастан Маратұлы.
Шынында да «Талаптыға нұр жауар» деген осы болса керек. «Алма піс, аузыма түс» деген жоқ. Талпынды. Табысқа кенелді. Дастан сияқты өзге де жастар өз жобаларын ұсынған. Аудандық жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыру, дін мәселелерін талдау бөлімінің басшысы Нұрбек Сәкенов аталған жоба аясында аймақтан 15 жоба ұсынылып, оның 14-і қолдау тапқанын айтады.
– Әр жобадағы команда құрамына 3-4 адамнан енген. Оларға 700 мыңнан – 1000000 теңгеге дейін қайтарымсыз шәкіртақы берілуде. Осы шәкіртақы арқылы әр топ өзіне тиісті жұмыстарын атқарып отыр. Міндеттері мұқтаж отбасыларға 6 ай бойы тегін қызмет көрсетеді. Ол отбасылар негізінен жағдайы төмен, мүгедек жандар болуы тиіс. Жоба аяқталған соң, ары қарай ақылы қызмет атқаруына болады. Шәкіртақы жоғарғы оқу орнын бітіргендерге 60 000, арнаулы орта оқу орнын бітіргендерге 40 000 теңге көлемінде төленеді. Мәселен, Шайдана өнер орталығы – ауыл жастарын ән айтуға баулып, сахна мәдениетін ұстануға үйретсе, «Саумалхана» тобының жетекшісі Аят Намазбай 2 сауынды бие сатып алып, саумалын мүмкіндігі шектеулі және жағдайы төмен отбасыларға үлестіруде. «Саламатты ауыл тұрғындары» жобасы бойынша Шайқорық ауылдық округінде массаж орталығы ашылды. Ол жерде мүмкіндігі шектеулі және жаңа туған нәрестелерге жалпы массаж жасалады. «Мүмкіндік беру керек бәріне» жобасының жетекшісі Дастан Қайсаровтың да өркенді ісі өміршеңдігін көрсетуде, – дейді Нұрбек Сәбитұлы.
Қазіргі уақытта «Мүмкіндік беру керек бәріне» жобасы жүйелі жүзеге асырылуда. Ол бойынша жоба жетекшісі алдымен қысқа мерзімді оқу курсынан өткен. Жоба иелеріне ауданнан Төленді Көпберген есімді азамат ментор болып тағайындалып, талапты жігітке бағыт-бағдар сілтеп, жұмысының жүйеленуіне көмек көрсетіпті. Соның арқасында мүмкіндігі шектеулі отбасылар спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіле бастаған.
– Мен тағдыр тауқыметін тартып отырғаныммен, өзгелер сияқты ойымды, қиялымды жүзеге асыра алатыныма, спортпен айналысуға мүмкіндігім бар екеніне сенімдімін. Біз үшін шынығу залына барып жаттығу жасау оңай емес. Десе де, «Zhas project» жобасының арқасында армандап жүрген спорттық құрал-жабдықтар өз ауламнан табылды. Осы жобаны қолға алған және қолдау білдірген азаматтарға алғысым шексіз, – дейді Нұрзат Елеусінов.
Келер аптада осындай 2 отбасы спорттық құрал-жабдықпен қамтылады деп күтілуде. Жоба алдағы жылдың ақпанына дейін жалғасып, 15 отбасыға көмек беру жоспарланған екен. Айта кету керек, көрсетілетін қызметтер ақысысыз жүргізіледі. Бұл командада үш адам болса, оның бірі қыз баласы. Ол қолдан жасалған жабдықтарды сырлап, әрлесе, екіншісі дәнекерлеуші. Топ мүшелері өз өнерлерін осындай жолмен пайдаға асырып жүргенін мақтаныш санайды. Дастан жоба бойынша ұтып алған 1 миллион теңгенің есебінен осы істі жүзеге асыру үшін темірден бастап қалайыға дейін дәнекерлейтін бесаспап шетелдік аппарат сатып алғанын жеткізді. Жоба аяқталғанда дәнекерлеуші аппарат өзінде қалады. Бүгінде өзге де тұрғындар тарапынан үй ауласына қақпа салып беру жөнінде тапсырыстар да түсіп жатқан сыңайлы. Бұл іске олар ақпан айының ортасынан ауғанда кірісеміз деп отыр. «Жас келсе – іске» дейді халық даналығы. Бойында бар қарым-қабілетті ел пайдасына жұмсаған жастардың бастамасы баянды болғай!

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР