Сұхбат

«Жол картасы аясында жарқын жобалар жанданады»

Written by Aray2005

Жастар – ел болашағы. Өмірден көргенін кейінгі ұрпағына өсиет етіп қалдырған бабалардың «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген нақыл сөзі де бар. Сондықтан да болар, Ұлы дала елінің көшін бастаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жалынды жастарға үлкен үміт артып, зор қамқорлық жасап келеді. Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны белгілі. Міне, асыға күткен жылдың басталғанына да он күн өтті. Осы орайда «Жанам деген жүрекке от беру» мақсатында қандай жұмыстар жүргізілмек? Жамбылдық жастардың ой-мақсаты қандай? Міне, осы сұрақтар аясында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтенмен сұхбаттасып, әңгіме өрбіткен едік.

– Мәди Мейірбекұлы, бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Сол сияқты өткен жылдың да өзіндік ерекшелігі бар. Жалпы, 2018 жылды облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы қалай қорытындылады?
– Әрине, әрбір жылдың, тіпті күннің өзіндік ерекшелігі болады. Өткен жылды да басқармамыз жақсы жұмыспен қорытындылады десем, артық болмас. Басқарма тек идеологиямен шектелмей, идеологиялық-әлеуметтік бағытқа толықтай бет бұрды. Яғни, бұрынғы бірізді шаралардан бас тартып, облыстық басқармадан бастап қалалық, аудандық Жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері өңіріміздегі барлық аймақтың, 153 ауылдық округтің жас азаматтарымен тығыз байланыста жұмыс жасады. Нақты істерге басымдық бердік. Мысалы, бізде «NEET» жастар деген ұғым бар, яғни еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін азаматтар. Міне, осындай жастар бұрнағы жылы 9 айдың көрсеткішінде 13,5 пайыз болса, былтырғы 9 айда 8,1 пайызға түсті. Негізгі меже 8,5 пайыз болу керек еді.
Көптеген жастардың негізгі проблемасы– жұмыссыздық. Жамбылдық жастардың арасындағы жұмыссыздық деңгейі бұрнағы жылғы 3,7 пайыз көрсеткіштен былтыр
2,1 пайызға төмендеді. Бұл – республика бойынша ең жақсы көрсеткіш.
Осындай жұмыстарды жүйелеу мақсатында тұңғыш рет жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жөнінде арнайы индикаторлық көрсеткіштерді межеледік, оның ішіне 6 бағытты белгіледік. Олар вакантты бос жұмыс орындарға жастар тәжірибесімен жұмысқа орналастыру, әлеуметтік жұмыс орындарына тарту, кәсібиліктен өткізу, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және шағын несиеге қол жеткізуді көздеді. Жалпы 12 мыңға жуық жасты осы бағыттар бойынша қамтуды жоспарлағанбыз, 11 айдың қорытындысында 16 пайызға артық орындалды. Нәтижесінде 8 мыңға жуық жас бос ваканттық орындарға орналасты. 2 566 түлек жастар тәжірибесімен жұмысқа орналасса, 311-і әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Ал 1 621-і кәсібиліктен өткізілді,
763-і кәсіпкерлік негізде оқытылды. Бұдан бөлек 147 жас шағын несие алып, бүгінде өз істерін бастады. Сонымен қатар, жастарды маусымдық еңбекпен қамтудың да маңызы зор. Былтыр тұңғыш рет 1 305 жас «Жасыл ел» еңбек жасағы сапында жыл он екі ай бойы жұмыс істеп, орташа 40 мың теңге айлық алды. Енді осы жылы бұлардың қатарын 1 500-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Облыс басшысының тапсырмасымен жастарды қаладағы ықшамаудандарды күл-қоқыстан тазарту ісіне жұмылдыруды және тұрғындармен идеологиялық жұмыстарды жүргізуді ұйымдастырдық. Енді облыс әкімі Асқар Мырзахметов келесі жылы жастардың әлеуетін пайдаланып, қала ішінен өтетін, техника кіре алмайтын каналдарды тазартуға тартуды тапсырды. Бұған 1 000-ға жуық жасты жұмылдыруды жоспарлаудамыз.
Өткен жылы оқу орындарының студенттері арасынан жазғы демалыс уақытында 253 жасты құрылыс жасақтарына қосқанбыз. Мердігерлермен жасасқан келісім арқылы жұмыс істеген студенттер орташа 60 мың көлемінде жалақы алды.
Еш жерде тіркелмеген жұмыссыз жастарды үй-үйді аралап жүріп жалпы 11 мыңнан астам жасты аты-жөндерімен жазып алып, анықтадық. Олардың ішінде оқуын аяқтап, жұмысқа орналаспағандар, еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін, тіркелмеген 297 «NEET» жастар, ҰБТ-дан өте алмай оқуға түспей қалғандар, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандар бар. Міне, осылардың базасын жасақтадық. Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарымен меморандумға отырып, 4 190 бос ваканттық жұмыс орындарының тізімін алып, әр жас азаматпен дербес әңгімелесіп, түсіндіріп, жұмыс берушілермен байланыс орнаттық. Соның нәтижесінде 563 жас жұмыспен қамтылды.
Еңбек күші аз облыстарға біздің өңірден 11 айдың қорытындысы бойынша 189 отбасы қоныс аударыпты. Оның құрамындағы 192-сі 29 жасқа дейінгі жастар.
– Әне-міне дегенше «Жастар жылына» да аяқ басып отырмыз. Облыс жастарымен тікелей жұмыс істейтін басқарма қандай тың жобаларды жоспарлап отыр? Жастардың игілігіне арналған нендей істер бастау алмақ?
– Арнайы 2019-2020 жылға дейінгі аралыққа бағытталған жастарды әлеуметтендіруді көздеген жол картасын әзірледік. Әлі де талқылануда. Жастар саясатына қатысты барлық уәкілетті органдардан түрлі тақырыптағы 300-ге жуық іс-шаралар қамтылған желілік кесте де жасалды. Осы бағыттарда жұмыс жүргізіледі.
Біріншіден, жастарды ақпараттандыру жұмысын күшейтеміз. Шын мәнінде мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктер, қолдаулардан көптеген жастар хабарсыз қалып жатады. Басқарма, жастар ресурстық орталығы тарапынан ақпараттық істер жүргізіледі. Бірақ бір қиыны біраз жастар енжар. Мысалы, арнайы мамандардың басын қосып, елді мекендерді аралағанда, ауыл жастары кездесуге қатысуға құлықсыздық танытады. Шынын айтқанда, үйінен жетелеп әкеліп қатыстырамыз. Осындай олқылықтың орнын толтыру үшін екі жылдан бері жүргізіліп келе жатқан ақпараттық керуеннің аясын кеңейтпекпіз. Бұны облыс басшысы да нықтап тапсырды. Қаржы да қомақты бөлініп отыр. Әр ауданда екі күн бойы барлық саланың мамандары кешенді түрде кездесулер өткізеді. Олар тек ақпарат беріп кетумен шектелмейді. Кездесуге келіп, өзіне кездескен кедергілерді айтқан жастардың мәселесін шешіп беруге күш салады. Айталық, 11-сынып оқушылары үшін көңілді күпті ететін мәселе сұранысқа ие мамандық таңдау және жоғары оқу орнына түсу десек, бұған тиісті кеңесті арнайы мамандар береді. Ал жұмыс таппай жүргендерге қай жерде қандай бос орын немесе қандай еңбекке тартылуға мүмкіндік бары да тиісті қызметкерлер тарапынан айтылады. Діни нанымында адаспайтын жол таба алмай жүргендер болса, оған да сауатты мамандар оң бағыт көрсетеді. Яғни, әр аймақта барлық сала мамандары екі-үш күн бойы ашық әңгімелесіп, түйінді мәселелерін шешуге көмектеседі.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Мұнда да этнографтар, мәдениет саласының қызметкерлері, тарихшылар секілді түрлі сала өкілдері әр аудандағы тарихи орындар, әпсаналар туралы деректерді жинап, жастарға толыққанды мәлімет береді. Сол арқылы жас азаматтарды Отанын, елін сүюге тәрбиелеп, бойына патриоттық рух сіңіруді мақсат етудеміз.
Осы жылы бастағалы отырған тағы бір ісіміз– облыс әкімінің тапсырмасымен жастарға оң бағыт-бағдар, тәлім беретін, түрлі бағыттарды қамтитын роликтер әзірлеу. Бұл дүниелерді телеарналардан көрсетіп, әлеуметтік желілер арқылы кеңінен тарататын боламыз.
– Еріктілер қозғалысын дамыту туралы да естіп жатырмыз. Нақты қандай шаралар ұйымдастырылмақ?
– Иә, еріктілер жұмысын дамытуды облыс басшысы да міндеттеп отыр. Облысымызда мыңға жуық еріктінің базасы бар. Солардың ықпалымен «Асар», «Тағзым» дегендей кең мағыналы атау тағып, қайырымдылық істерге күш саламыз. Мәселен, тарихи-мәдени орындарды тазалау, мүмкіндігі шектеулі кісілер мен қарттарға барып, көмектесу бұрыннан да атқарылып келген, енді оны одан ары жандандырмақпыз. Сол арқылы жас тұлғаларды қайырымдылыққа, мейірімділікке тәрбиелеу басты назарда. Осындай істің түбегейлі жүйесін қалыптастыруды мақсат етудеміз.
– «Ел іші – өнер кеніші» дейді халық даналығы. Расында да дарындылардың басым бөлігі ауылдан шыққаны бәрімізге белгілі. Дегенмен тасада қалып, танылмай жүрген таланттар аз емес. Бұл бағытта қолға алынған бастамалар бар ма?
– Бізде бүгінге дейін де өткізіліп келе жатқан Дельфий ойындары бар. Онда 20-дан астам өнер түрлері қамтылған. Бұрын тек облыс орталығында ғана өтіп жүрсе, енді әр ауылдық округте, содан соң аудан орталықтарында өткізілмекші. Жас айтыскер ақындар мектебін қалыптастыру да жоспарда бар.
Биылға жоспарланған іс-шараларға бөлінген қаржы өткен жылғыдан әлдеқайда артты. Соның бәрі де тасада қалған таланттарды танытып, жас дарындарды қолдауды көздейді.
– Көптеген жас азаматтардың талабын шыңдаған «Zhas Project» жобасы жалғасын таба ма? Жұртшылықты толғандырып жүрген сұрақтың бірі осы. Бұған не дейсіз?
– «Zhas Project»-пен облысымызға 400 миллион теңгенің көлемінде инвестиция тартылды. Жалпы 762 жас жұмыспен қамтылды, 206 жоба мақұлданды. Бұл жоба еліміздің 6 облысында өткізілді, соның ішінде Қызылордадан кейін мақұлданған жобалары көптігімен 2-орындамыз. Мақұлданған 206 жобамыздың 129-ы аудандарда, қалғандары облыс орталығында. Оның ішінде 33-і мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бұйырды. Бәрі де 70 пайыз қаржыларын алып, кәсіптерін жүргізіп отыр. Енді осының қаншалықты нәтижелі болғанын алдағы ақпан айында байқаймыз. Соған сәйкес ары қарай да жобаны жалғастыруымыз мүмкін. Өткенде облыстық «Jambyl» телеарнасында өткен әкім сағатында өңір басшысы Асқар Исабекұлы «Zhas projekt» жобасының өңірлік баламасы жасалуы мүмкін екенін айтты. Әрине, қаржыға тірелетін дүние. Сондықтан көбірек зерттеп, түбегейлі қарастырылу керек. Жалпылама жобасын жасап та қойдық. Тиісті орындармен келісімшарттарын да жүргіздік. Әйткенмен «Zhas projekt»-пен қанша жас азамат өз кәсібін бастап, ары қарай жүргізіп әкете алатынына байланысты болып тұр. «Іс бітті, қу кетті» дегендей, жастар кәсібін ары қарай жалғастырмай, тағы жұмыссыз қалмай ма? Міне, осының бәрі зерттеледі.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева

ПІКІР