Экономика

Жол картасы жұмыссыз қалдырмайды

Written by Aray2005

Елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар біршама оңды істердің атқарылуына сеп болуда. Солардың қатарындағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының орны ерекше. Оның аясында мыңдаған қазақстандық «екі қолға бір күрек» тауып, тұрмыстарын тіктеуде. Мемлекеттік бағдарламаның қоғамның өзге де салаларына тигізіп жатқан оң ықпалы аз емес. Оны жол картасының Тараз қаласындағы іске асу барысынан анық байқауға болады.

Жалпы, облыс орталығында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында іске асырылатын инфрақұрылымдық жобалардың сапасын бақылау, аумақтық округтерді абаттандыру және санитарлық тазалығын қадағалау мақсатында 11 мобильдік топ құрылған. Бұл топтар шаһардың 11 аумақтық округі бойынша жұмыс жүргізуде. Мобильдік топтар құрамына зиялы қауым өкілдері, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, учаскелік полиция инспекторы, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері енгізілген.
Аталған топтар қала аумағында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 568 тонна күл-қоқыс шығарылған. 3228 тал-дарақ бұталып, аялдамалардағы 319 дана жабайы жарнамалардан тазартылған. Сондай-ақ, қала көркін бұзып тұрған аялдамалар сырланып, қалыпқа келтірілген. Бұдан бөлек, 11 топ жұмысының нәтижесі ретінде Тараздағы 68 шақырым арық жүйелерінің тазартылуы мен 79 құрылыс нысандарының қоршаулары қалыпқа келтірілгенін атауға болады. Облыс орталығының мәдени-сәулеттік келбетінің бұзылмауын қадағалап жүрген топтар 413 бей-берекет орналастырылған жарнаманың алынып, заңсыз орналасқан 62 сауда орыны мен 42 дүңгіршектің алынуына үлес қосқан. Сондай-ақ, 13 «қызыл сызық» нормаларын бұза салынған құрылыс нысандарының бұзылуына, 47 кәсіпкерлік субъектілері ғимараттарының эскиздік жобаға сәйкес жаңартылуына септігін тигізген.
Ал жуырда мобильдік топ мүшелері волонтерлармен бірлесе карантин режимін бұзып, жұмыс істеп тұрған 13 шаштаразды анықтады. Шаштараз иелеріне ескерту беріліп, жұмыстары тоқтатылса, 1 кәсіпкерге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіне сәйкес айыппұл салынды.
Жалпы, Тараз қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 94 жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар іске қосылғанда 5 664 жұмыс орыны ашылады деп күтілуде. Нәтижесінде, «Жұмыспен қамту орталығында» ресми жұмыссыз ретінде тіркелген 2 822 азамат жұмысқа орналастырылмақ.

Мұратхан ӘЛІМХАН

ПІКІР