Облыстық әкімдікте

Жолаушы тасымалына жүрдім-бардым қарауға болмайды

Written by Aray2005

Қоғамдық көлік Тараз қаласы тұрғындары үшін өзекті әрі жиі талқыға түсетін тақырыптардың бірі. Әлеуметтік желілерде қалалықтардан автобус маршруттарына қатысты көптеген шағымдар түсуде. Әсіресе мереке күндері қоғамдық көлік қозғалысының айтарлықтай қысқартылды. Осы мәселеге айрықша көңіл бөлген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көне шаһардағы автобус парктерін аралап, олардың жұмысымен танысты.

Нақтырақ айтсақ, өңір басшысы әуелі облыс орталығындағы қоғамдық көлік бағытының 40 пайызына қызмет көрсететін «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Күн сайын серіктестікке тиесілі 162 автобус 17 бағыт бойынша қатынайды. Мұнда жыл сайын жаңа техникалар қатары толықтырылып, GPS жүйесі енгізілген. Соған қарамастан тұрғындардың көрсетіліп отырған қызметтердің сапасына көңілі толмайды.
– Соңғы бірнеше күн ішінде азаматтардан шағымдар көп түсуде. Автобустар өте сирек жүргені мереке күндері тұрғындарға айтарлықтай қиындықтар туғызған. Автопарктер Тараз қаласы әкімдігімен жасалған шартқа қол қойған. Ол сіздерді қоғамдық көлікті таза ұстауға, тасымал кестесін және халықпен қарым-қатынас жасасу мәдениетін барынша сақтауға міндеттейді. Бүгінгі таңда автобус паркінің барлық пункттері бойынша наразылық бар, – деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі қала әкімдігіне автопарктер басшылығымен бірлесе орын алып отырған мәселелерді шешуді тапсырды. Сондай-ақ өңір басшысы бұл секілді келеңсіздіктер қайталанатын болса, тасымалдаушы компанияларға қатаң шаралар қабылданатынын атап өтті. Ол кезде ескертумен шектелмейді.
«ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС директоры Рашид Пірманов ұжыммен түсіндіру жұмыстары жүргізілгендігін жеткізіп, бұл күндері кіріс жоспары бекітілмейтініне сендірді. Алайда, жүргізушілер алынған түсім тіпті жанар жағармай шығындарына да жетпейтінін айтып шағымдануда. Осыған ұқсас көрініс «СапарТранс 2012» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де кездеседі.

Өз кезегінде тасымалдаушылар қоғамдық көлік қозғалысын жолға қою және жүру кестесін бұзбауға уәде берді. Олардың айтуынша автобустардың тозуы өткір мәселеге айналған. Нашар жолдардың салдарынан қолдағы бар техникалар тез жарамсыз күйге түсуде. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев облыс орталығының көшелерін жөндеу жұмыстары көп ұзамай басталатынын тілге тиек етті.
– Тағы бір өзекті мәселе кәсіби жүргізушілердің жетіспеушілігі болып отыр. Бізге жұмыс істеуге көп адамдар келе бермейді, – дейді «СапарТранс 2012» ЖШС директоры Бауыржан Әділов.
Тасымалдаушы-компаниялар өз жұмыстарының сапасын жақсарту үшін жергілікті биліктен тарифті көтеруді немесе субсидиялау арқылы қол ұшын беруді сұрап отыр.
– Тарифті көтеру мәселесі мұқият қарауды талап етеді. Себебі ол қала тұрғындары үшін, әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар үшін оңай соқпасы анық. Менің ойымша қызмет көрсету сапасын арттыруға қол жеткізбей тұрып, тарифті арттырған дұрыс емес. Оның үстіне мынандай қиын уақытта оған жіті мән беру керек, – деп жауап берді Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ, автобус парктерін аралау барысында Бердібек Сапарбаев қалалық автобустарды дезинфекциялау шаралары қалай жүргізіліп жатқанын тексерді. Таразда коронавируспен күресу үшін санитарлық жұмыстармен айналысатын төрт компания бар. Бұл ретте қоғамдық көлік пен аялдамалар күніне екі рет дезинфекциялануда.
Бұдан соң өңір басшысы «Nur Otan» партия облыстық филиалына ат басын бұрды. Бүгінде 60 мыңнан астам жамбылдық партия мүшесі болып табылады. Бердібек Сапарбаев партиялықтардың санын арттырып, өндіріс қызметкерлерін, шаруаларды, жастар мен қоғамдық пікір көшбасшыларын тарту қажеттігін атап өтті. Облыс әкімі партия мүшелерін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау танытқан «Бейбітшілік пен келісім» жобасын жүзеге асыруға белсенді түрде қатысуға шақырып, бастауыш партия ұйымдарының рөлін күшейту керектігін жеткізді.
– Халықпен кері байланыс орнату қажет. БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы атқарылған жұмыс туралы тұрғындарды кеңінен ақпараттандыру маңызды. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне түскен барлық шағымдар назардан тыс қалмауы тиіс. Тұрғындар өз сауалдарына қысқа мерзімде жауап ала білуі керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
Сонымен қатар өңір басшысы «Jas Otan» жастар қанатына түрлі бағыттар бойынша еріктілікті дамытуға атсалысуды тапсырды.
Облыс әкімі барған келесі нысан– «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Жамбыл өндірістік филиалы болды. Бүгінде облыс елді мекендерінің 51 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Ағымдағы жылы 48 мың тұрғын тұратын 35 елді мекенге газ тарту жұмыстары жоспарлануда. Өңір басшысының назарына облысты одан әрі газдандыру бойынша жоспарлар ұсынылып, компанияның баға саясаты туралы баяндалды.
Айта кету керек, қызметкерлердің дені қашықтықтан жұмыс істеу режиміне ауысқанына қарамастан, өндірістік филиал жанында халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеуде. Осы орталық арқылы тұрғындар коммуналдық қызметтерді төлей алады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР