Жолаушылар тасымалы талапқа сай ма?

0 3

Тараз қаласындағы қоғамдық көлік қызметі электронды билеттендіру жүйесіне көшкелі 9 айдың жүзі болды. Бұл уақыт аралығында жүйе өзінің тиімділігін дәлелдеп, жолаушы тасымалымен айналысатын компаниялардың табысы еселеп өсті. Наурыз айындағы жол жүру ақысының 65 теңгеден республикадағы ең жоғары баға – 85 теңгеге дейін көтерілуі де автопарктердің қалтасын қалыңдата түсті. Алайда жолақы қымбаттағанымен, қоғамдық көліктердің сапасы, жүргізушілер мәдениеті мен өзге де қызмет көрсету деңгейі әзірге бұрынғы қалпынан өзгермей отыр. Бұл жайтты тараздықтар әлеуметтік желілерде жиі көтеріп, тасымалдаушылардан қызмет сапасын бекітілген бағаға сай етуін талап етуден таймай келеді. Аймақ басшылығының назарынан түспей тұрған аталмыш мәселе кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен е-билеттендіру және қоғамдық көліктерді жаңарту жөніндегі кеңесте кеңінен талқыланды. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек, Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев, облыстық басқармалардың басшылары мен тасымалдаушы компания өкілдері қатысты.

Әуелі қоғамдық көліктің жайы облыс орталығының тұрғындарын толғандырып отырған негізгі сұрақтың бірі екенін айтқан өңір басшысы е-билеттендіру жүйесінің жұмысына аз-кем тоқталып өтті.

– Қоғамдық көліктердегі тәртіп пен тазалықты, ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында электронды билет жүйесін іске қостық. Өткен жылдың қыркүйегінен бері қол жеткізіліп отырған көрсеткіштерге көңіл толады. Көктемде жол жүру ақысын қымбттатарда біз тұрғындар алдында тарифті көтеру арқылы автобустарды жаңартамыз, тәртіп пен мәдениетті арттырамыз деп уәде берген едік. Айтылған сөз әзірге іс жүзінде көрінбей отыр. Әсіресе көліктердің қатынау аралығы, валидаторлардың жұмыс істемей тұруы жайында арыз-шағым азаяр емес. Осы мақсатта аталған мәселені ортаға салу үшін жолаушы тасымалдаушы мекемелердің басшыларымен жүздесуді жөн санадым. Өйткені облыстың орталығы, айнасы болғандықтан ондағы өмір сапасын осы жолаушылар тасымалының деңгейінен аңғаруға болады. Алдағы уақытта көне шаһарды үлкен туристік орталыққа айналдырамыз деп отырмыз. Келген қонақтардың алдында жерге қарамау үшін әуелі осы жүйені ретке келтіру қажет, – деді Бердібек Машбекұлы өз сөзінде.

Келесі кезекте сөз алған қала басшысы Ержан Жылқыбаев е-билеттендіру жүйесінің жайын баяндады. Оның айтуы бойынша, «TulparCard» электронды билеттендіру жүйесі бойынша жалпы саны 215 мың көлік картасы шығарылып, 185 047 карта қолданысқа енгізілген.
– Е-билеттендіру жүйесінің енгізілуімен жолаушылар тасымалы арта түсуде. Атап айтқанда, өткен жылдың қазан айында 1 630 539 жолаушыға 107 714 075 теңгеге қызмет көрсетілсе, ағымдағы жылдың сәуір айында 3 166 505 жолаушы 190 982 415 теңгеге тасымалданып, нәтиже 94 пайызға артып отыр.
Жүйе енгізілгелі бері тасымалдаушы мекемелердің табыстары және тасымалдауға кететін бірқатар шығындар көлемі айқындалып, бюджетке төленетін салық көлемі 10,6 миллион теңгеден 31,9 миллион теңгеге дейін ұлғайып отыр, – деген Ержан Жұматұлы автобус паркін жаңарту бойынша да бірқатар жұмыстар қолға алынғанын айтып өтті.
Мәселен аталған бағытта «БРК-Лизинг» АҚ-ның автобус парктерін жаңарту бойынша лизингтік қаржыландыру бағдарламасы аясында тасымалдаушы мекемелер мен «БРК-Лизинг» АҚ арасында тығыз байланыста жұмыстар жүргізіліп келеді екен. Сонымен қатар жуырда ғана «NarTrans» ЖШС 12 бірлік «Golden Dragon» маркалы үлкен сыйымдылықты автобустарын жеткізіп, олар жуырда қала көшелеріне шықты.
Аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген Б.Сапарбаев қоғамдық көліктегі қаражат айналымы ашықтығын қалыптастыру үшін әлі де жолаушылардың электронды билет жүйесін қолдануын қадағалап, қолма-қол төлем жасауды азайту керектігін айтты.
Жиында тарифтің көтерілуіне байланысты 4 мамырдан бастап субсидия көлемінің азаюы сөз болды. Жолақы көтерілгенге дейін бір айлық субсидия көлемі орта есеппен 80 миллион теңгені құраса, қазір 43 миллион теңгеге дейін төмендеген екен. Нәтижесінде ай сайынғы шығынын әрең жауып отырғанын айтқан автопарк басшылары оқушылар мен студенттер демалыста болатын жаз айларында субсидиялауды қайта қолға алса деген өтініштерін жеткізді.
– Қымбатшылық салдарынан ай сайын түсетін табысымыз несиемізді төлеп, шығындарды өтеуден артылмай отыр. Тіпті бірнеше автобус бағытын тоқтатуға да тура келді. Осы орайда тоқтатылған субсидияны жыл он екі ай болмаса да жолаушы азаятын маусымда қайта қоссаңыздар деген өтінішіміз бар. Сонда біз тараздықтар алдында берген уәдемізді толықтай орындауға мүмкіндік алар едік, – дейді жолаушылар тасымалы қызметімен айналысатын мекемелер атынан сөйлеген «Әулие-АтаТрансПасс» ЖШС-ның директоры Рашид Пірманов.
Өтініш иесінің пікірін мұқият тыңдаған облыс әкімі автопарктердің өз міндеттерін толық орындаудың орнына мемлекеттен қайта-қайта көмек сұрайтындарына кейіді.
– Естеріңізде болса, жол жүру ақысын 20 теңгеге қымбаттатып, республикадағы ең жоғарғы деңгейге жеткізер алдында да тура осылай уәде бергенсіздер. Әрине, қазіргі ахуал оңай болып тұрған жоқ. Дегенмен мұндай жағдай барлығының басына түсіп отыр. Дәл осындай халде Алматы қаласында 80 теңгеден, Түркістан қаласында 70 теңгеден жолаушы тасымалдауда. Алайда қыңыр мінез көрсетіп, субсидия сұрап отырған ешкімді көріп отырған жоқпыз. Сол себепті көмек сұраудың орнына нақты іске көшіңіздер, тығырықтан шығатын амалдарды қарастырыңыздар. Мемлекеттің қаржысын бейберекет жұмсауға болмайды, – деген аймақ басшысы мемлекеттен субсидия сұрауға әуестенбей, жолаушы тасымалы сапасын көтеру үшін жүйелі жұмысқа көшуді міндеттеді.
Кеңес соңында аймақ басшысы жиында сөз болған мәселелерді назарға алып, шешімін табуды жауаптыларға тапсырды.

Мұратхан ӘЛІМХАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.