Жолаушылар тасымалындағы жүйесіздік

0 9

Елімізде бизнес өкілдерінің, кәсіпкерлік субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында бірқатар шаралар қолға алынды. Әсіресе соңғы жылдардағы жұмыстарды жоғары бағалау керек. Соның ішінде жолаушылар тасымалында мемлекеттік тапсырыс аясында тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беру және жүктемесін барынша арттыру ісін де атап айтқанымыз жөн. Десе де жергілікті жауапты мамандардың көзжұмбайлығынан әлде салғырттығынан тиісті көмекті немесе мүмкіндікті пайдалана алмай отырған кәсіпкерлер де бар. Мәселен Сарысу ауданындағы жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар мемлекеттің қолдауынан шет қалып келеді.

Мәселені әлқиссасынан бастасақ, біз бұл шаруаға әбден талдау жасап, зерделедік. Аудандағы «Жаңатас көлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1996 жылдан бері автобустармен тұрақты тасымалдау қызметін жүзеге асырып келеді. Кәсіпорынның жолаушылар тасымалдау қызметін жүзеге асыратын, толық инфрақұрылымы бар өндірістік базасының аумағы 2,2 гектарды құрайды. Жобалық қуаттылығы 250 автобусқа есептелген. Жаңатас қаласының бас жоспарына сәйкес салынған автобекет кешені де осы кәсіпорынның теңгерімінде.
Бүгінде серіктестік өзінің 30 автобусымен ғана «Қазфосфат» серіктестігінің Жаңатас қаласында орналасқан «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені филиалының жұмысшыларын тасымалдайды. Жүктемесі бар-жоғы 12 пайызды құрайды. Толық мүмкіндігі бола тұра, Жаңатас– Тараз – Жаңатас, Жаңатас – Шымкент – Жаңатас, Жаңатас – Түркістан – Жаңатас және тағы да басқа облысішілік және облысаралық бағыттарда жолаушыларды тұрақты тасымалдау қызметіне тартылмаған. Ауданішілік жолаушыларды тұрақты тасымалдау қызметі де бүгінгі күнге дейін жабайы түрде жүзеге асырылып келген. Кәсіпорынның бұл желілерде қызмет етуге тартылуына жауапты жергілікті атқарушы органдар неге мүдделі емес?
2018 жылы Сарысу аудандық Қоғамдық кеңесінің тікелей араласуымен тиісті субсидия бөлініп, экономикалық тиімділігі төмен, бірақ әлеуметтік маңызы зор Жаңатас қаласындағы жолаушыларды тұрақты тасымалдау қызметін көрсетуден де «ЖаңатасКөлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тыс қалып кетті.
Осы орайда тағы бір мәселені назарға алғанымыз жөн. Еліміздің «Автомобиль көлігі туралы» Заңы және Жолаушыларды автомобиль көлігімен тасымалдау ережелерінің талаптарына сәйкес облысаралық, қалааралық, ауданаралық жолаушыларды тұрақты тасымалдайтын автокөліктер тек автобекеттерден қозғалуы керек. Сонымен қатар аталған нормативтік-құқықтық актілерде елді мекендер арасында тасымалдау қызметін ұйымдастыру, маршруттық сызбалар мен қозғалыс кестелерін дайындаған кезде жол-жөнекей орналасқан елді мекендерді де тұрақты қамту міндеттелген. Ал бүгінде қоғамдық жолаушылар тасымалымен айналысушылардың қолданысындағы маршруттық сызбалар мен қозғалыс кестелері ұйымдастырушылар тарапынан орындалып отырған жоқ. Бұл кемшіліктің себебін жергілікті атқарушы органдар түсіндіріп бере алмады. Осыған жіті назар салып, заңдылықтардың орындалуын қадағалау қажет.
Осы сияқты «АмирТрансСервис» ЖШС аталған Заңның талаптарын толық орындап, жеті жыл бұрын облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасына тиісті хабарлама жіберіп, такси тасымалдаушылардың мемлекеттік реестріне енгізілген. Кәсіпорын жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасаған. Айталық, Жаңатас қаласының өндірістік аймағында орналасқан арнайы өндірістік базасында сертификатталған техникалық тексеру желісі және лицензияланған медициналық пунктті пайдалануда. Автокөлік құралы үшін таксометрлер және тіркелген бақылау-кассалық аппараттары әзір, пайдалануға қажет барлық рұқсат құжаттары рәсімделген, тұрақты және тасымалды рациялармен толық жабдықталған, ақпараттық-диспетчерлік қызметі жұмысқа қосылған. Кәсіпорынның жеке көліктері де, өз автокөлігімен жолаушылар тасымалдауға тартылған жүргізушілері де бар. Бұл міндетті процедураларды атқаратын мамандар жұмысқа қабылданған. Оның үстіне бұл талаптардың орындалуын қамтамасыз етпей және мемлекеттік такси тасымалдаушылар реестріне енгізбей таксимен тасымалдау қызметін атқаруға заңмен тыйым салынған.
Өкініштісі сол, жергілікті атқарушы органдар тарапынан заң талаптарының орындалуы қамтамасыз етілмегендіктен, адам қауіпсіздігі және өмірімен тікелей байланысты жауапты қызмет түрін көрсету тәртібі көп жылдардан бері қажетті деңгейде орындалмай, серіктестік жолаушыларды таксимен тасымалдау қызметін бүгінгі таңда толыққанды жүзеге асыра алмай келеді. Рас, Сарысу ауданында жолаушыларды таксимен тасымалдау қызметін заңдастырып, жүзден аса жеке тұлғаны кәсіпкерлік субъектісі ретінде рәсімдеуге барлық жағдай жасалған. Алайда соған қарамастан, заңсыз тасымалдаушылардың іс-әрекеттерінен аудандық бюджет жыл сайын кем дегенде 8-10 миллион теңгедей міндетті салық түсімдерінен айырылып отыр.
Аталған кәсіпорын жолаушыларды тасымалдау қызметін жүзеге асыруда «Автомобиль көлігі туралы» Заң мен Жолаушыларды автомобиль көлігімен тасымалдау ережелерінің орындалуын қамтамасыз етуін өтініп, жауапты мекемелерге бірнеше рет хат жолдаған. Бірақ бұл мәселе осы күнге дейін шешімін таппай келеді.
Жергілікті билік бекіткен, бірақ әлі күнге дейін арнайы жабдықталмаған аудандағы такси тұрақтарын жолаушыларды жеке көлігімен тасымалдаумен заңсыз айналысып жүрген жеке тұлғалар «жаулап» алып, жергілікті биліктің өзіне ұйымдасқан түрде қарсылық көрсетуде. Ол аздай, қолданыстағы заңдарды өрескел бұзып, кез келген жерден заңсыз тұрақтар ашып алған. Бұл олқылықты ретке келтіру – аудандық атқарушы және өкілетті мемлекеттік органдардың тікелей міндеті. Осылай десек те, аталған күрделі мәселені бірде-бір мекеме қолға алып, шешуге ынталы емес.
Әкімшілік кедергілердің орын алуы және заңсыздықтарға қасақана жол берілуіне байланысты кәсіпкерлік субъектінің құқықтары мен мүдделері шектеліп, толыққанды өз кәсібімен айналыса алмай келеді. Егер барлығы нақты талаптар деңгейінде орындалатын болса, осы саланың өзінен қаншама жұмыс орнын ашуға болатын еді. Бұл орайда осы қызмет түрін реттейтін заңнамалардың орындалуын камтамасыз ету, бақылау және қадағалау облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының негізгі міндеті бола тұра, дәрменсіздік танытып отырғаны бізді таңғалдырады.

Шыңғыс АБДРАХМАНОВ,
облыстық мәслихаттың депутаты,
Сарысу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.