"Дін"

Жолдамасыз жат елде оқи алмайсың

Written by Aray2005

Қазіргі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы рұқсатынсыз бір де бір студент Сауд Арабиясының діни оқу орындарына түсе алмайды. Мұндай қатаң шаралар болмаса, жастарымыз өзге елге дін үйренемін деп кетіп, сол елдің тұрғылықты діни танымын, тәжірибесін, діни санасын өзімен қоса алып келіп жатады.

Жалпы қазақтың рухани дүниетанымы негізінде қалыптаспаған қабаттар адамның санасын діни фанатизмге әкеліп соқтырады. Әсіресе араб мемлекеттерінде білім алған жастардың танымына қарасаңыз, олардың қазақтың рухани тарихынан, мәдениетінен бейхабар болып, мемлекетпен дін арақатынасын, зайырлылық пен дінді, қазақ халқының діни тәжірибесін білмейтіндігі байқалады.
Сондай-ақ еліміздің Дін істері комитеті мен Білім және ғылым министрлігі бірлесіп, діни білім алу үшін ұсынылатын шетелдік теологиялық жоғары оқу орындарының тізімін жасақтады. Бұл тізімге Мысыр, Түркия, Ресей және Өзбекстан елдерінің теологиялық 9 жоғары оқу орны енді. Олардың қатарында «Әл-Азхар» университеті, Стамбул университеті, Мәрмара университеті, Анкара университеті, «Селжүк» университеті, «Хасеки» институты, Нажмеддин Эрбакан атындағы университет (Түркия), Ресей ислам университеті (Қазан қаласы), Мәскеу ислам университеті және Ташкент ислам университеті бар. Яғни, шетелдерде діни білім жетілдіргісі келетін азаматтар ҚМДБ жолдамасы арқылы аталған оқу орындарында білім ала алады.
Қазіргі уақытта өңірлердегі дін істері басқармалары мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп, шетелдердегі әртүрлі күдікті діни оқу орындарында оқып жүрген азаматтардың ата-аналары мен туған-туысқандарымен тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оларға шетелдегі қауіп-қатерлер туралы, әртүрлі діни оқу орындарында берілетін білімнің еліміздің қалыптасқан дәстүрлі діни ұғымдары мен салт-дәстүрлеріне сәйкес келмейтіндігі туралы жүйелі түрде түсіндіріп отырады.
Жалпы, еліміздің азаматтары шетелдегі беделді әрі ресми діни оқу орындарында сапалы білім алған жағдайда мемлекет тарапынан оған қарсылық білдірмесе де, қатал қадағалау жұмыстары жүргізіліп отырады.
Бүгінгі әлеуметтік жағдайда елімізде белгілі бір идеологиялық білім ретінде дінге деген қажеттілік бар. Сол себептен, Қазақстан қоғамының түрлі этностық, конфессиялық сипатын ескере отыра, соған қоса ұлттық діни мұраны сақтап қалатындай қазіргі зайырлы қоғамға, заман талабына сай дінтану пәнін оқыту, дінтанушы мамандар даярлау қашан да өзекті болып қала бермек.

Бақтияр АЛПЫСБАЕВ,
облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» инспекторы, дінтанушы-магистр

ПІКІР