"Алтын бесік"

Жомарт маусым жақындай түсті

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Т.Рысқұлов және байзақ аудандарындағы егістік алқаптарын аралады

Ала жаздай иығына кетпенін асынып, бел жазбай еңбек еткен диқандар қауымының төккен тері жиын-терін түсімімен өлшенетіні белгілі. Сондықтан да, Алла берген ырзық-несібені шашпай-төкпей жинап алу – диқандар үшін басты мақсат. Әсіресе, теңіздей толқыған астық алқаaптарындағы басын жерге иген арпа-бидай жомарт маусымның жақындап қалғанын сездіре түскендей.

Осындай көңіл тояттандыратын көрініс облысымыздың әр ауданына тән. Десе де, облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдегі масақты дәнді дақылдарды жинау науқаны мен жазғы дала жұмыстарының іске асырылу барысымен танысу мақсатындағы жұмыс сапарын көрші жатқан қос аудан – Т.Рысқұлов пен Байзақ аудандарынан бастады.
Ондағы шаруалардың жай-күйіне назар аударып, айтар уәжіне құлақ асты. Жалпы, аграрлық салада атқарылып жатқан жұмыстардың барысын басы-қасында жүріп саралап, бағамдады.

Ең алдымен Асқар Исабекұлы Т.Рысқұлов ауданы, Өрнек ауылдық округіне қарасты Сұмқайты елді мекеніндегі «Шәушен» шаруа қожалығына ат басын бұрды. Ондағы тұқым шаруашылығындағы жоғарғы репродукциялы күздік бидай алқабының ору жұмыстарымен танысты. Жалпы, «Шәушен» шаруа қожалығы 1996 жылы құрылыпты. Шаруашылықтың негізгі бағыты – асыл тұқымды мал шаруашылығын және егін шаруашылығын дамыту. Нағыз қажырлы еңбектің үлгісін көрсетіп, толайым табыстарға қол жеткізіп жүрген «Шәушен» шаруа қожалығы бүгінде облысқа ғана емес, республикаға танымал. Соңғы жылдарда шаруашылықтың аты жалпақ жұртқа мал және егін шаруашылығын дамытудан бөлек, өз ауылына мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандар мен жұмысшыларға баспана салып беру сынды аталы істердің арқасында танылып жүр.

Шаруа қожалықтың жалпы жер көлемі 26 мың 632 гектарды құраса, оның 10 мың 156 гектары егістік алқаптарына арналған. Шаруашылық биыл 4 мың 195 гектарға күздік, 3 мың 750 гектарға жаздық арпа сеуіп, бүгінде оны орып, жинап алу қамына кіріскен. «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаев жаздық арпа мен күздік бидайдың бітік шығуын, жалпы егіннің бойы 1,5 метрге дейін жетуін ауа райының қолайлы болуымен және көктемгі дала жұмыстарының сапалы жүргізілуімен байланыстырды. Мұндағы дала төсін тіршілік дүбіріне бөлеуге жақында ғана 420 миллион теңгеге шет елден алып келген 6 бірдей дала кемесі себепкер болып тұр. «New Holland СХS.90» маркалы су жаңа комбайндар Бельгия және Польша елдерінде құрастырылған екен. Адуыны мықты техникалар астық алқабының жұмысын жеңілдететіні көрініп-ақ тұр. Негізінен, шаруашылық иелігінде бұдан басқа 22 дана трактор, 12 дана жүк көлігі, 3 дана комбайн бар. «Шәушен» шаруа қожалығында еңбек ететін 175 адам орта есеппен айтқанда 120 мың теңге жалақы алып отыр. Шаруашылықтағы уақ мал 52 мыңға, жылқы саны 2 мың 620-ға жеткен.

Егістік басындағы елеулі тірліктер мен жалпы шаруашылықтың жай-күйін баян еткен С.Дөненбаев өз кезегінде өңір басшысы Асқар Исабекұлынан ет өндіретін база соғуға жақын маңнан жер қарастыруға ықпал етуін сұрады. Нақты айтқанда, өңірдегі ет қабылдайтын комбинаттардың дені сойылған малдың бас сүйегін, терісін, ішек-қарнын алмай, құлықсыздық танытатыны шындық. Бұл шаруасын дөңгелетіп отырған «Шәушен» сынды шаруа қожалықтардың өз ісін алға бастыруына кедергі келтіретіні анық. Шаруа қожалығы басшысының меңзеп отырғаны осы мәселе. Десе де, аймақ басшысы А.Мырзахметов өзінің ауыл шаруашылығы бойынша салалық орынбасары мен басқарма басшысына таяу арада жер қарастырып, сойылған малды толығымен кәдеге жарату үшін комбинат соғудың тиімді жолдарын іздестіруді тапсырды. Бұдан бөлек, облыстағы ет экспорты жұмысын одан әрі дамыту үшін етті уақытша сақтау базасы мен ет мұздататын камераларды жаңарту қажеттігін де қадап айтты.

Тегінде, Т.Рысқұлов ауданы облысқа тек мал шаруашылығы ғана емес, егін шаруашылығына да бейім өңір ретінде танылған. Аталған ауданда биыл орақ түсетін 86 мыңға жуық гектар масақты дақылдың 36 мың гектары күздік бидай, 3 мың гектары жаздық бидай, 47 мың гектары жаздық арпа. Науқан барысында масақты дақылдарды ору жұмыстары аяқталғаннан кейін 17 мың гектарға жуық мақсары дақылы орылады деп күтілуде. Бүгінде «Ақбұлақ», «Нұрдәулет», «Раушанбектегі», «Құлбарақ», «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі секілді шаруа қожалықтарында да егін орағы басталды. Соның есебінен, комбайн жүріп өткен астық алқабының көлемі 10 мың гектарды құрап, орташа өнімділік 23-24 центнерден асып жығылған. Негізінен, аудан бойынша егістік алқабына 77 комбайн тартылған. Бұдан бөлек, алдағы уақытта егін орағына әртүрлі маркадағы 80 доңғалақты трактор мен 170 дана автокөлік, 42 дана су таситын көліктер жұмылдырылатын болады. Аудан көлемінде 393 шаруашылық егінге орақ салады деп жоспарланса, бұл жұмыстар 25-28 күнде аяқталады деп күтілуде.

Бұдан кейін аймақ басшысы Байзақ ауданы, Суханбай ауылдық округіндегі «Талап» шаруа қожалығына барды. Сонау бір қаржылық дағдарыс қыспаққа алған тоқырау жылдары, яғни осыдан 22 жыл бұрын құрылған, аталған шаруашылық бүгінде 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұндағылардың жалақысы орташа айтқанда, 70-75 мың теңгені құрайды. Шаруашылықтың иелігіндегі 1 мың 500 гектарға жуық жердің 700 гектары егістік. Ауыл шаруашылық техникаларының саны – 33. Өз ісін дөңгелетіп отырған бұл шаруа қожалық та меже үдесінен шығуға ниет білдіруде.

Асқар Мырзахметовтің жұмыс сапары Бурыл ауылдық округіндегі «Яшар» шаруа қожалығындағы тіршіліктің жай-жапсарын көріп, танысумен түйінделді. Бұл шаруашылық та 1997 жылы құрылыпты. Қазір мұнда 25 жұмысшы өз нәсібін осы қожалық есебінен айыруда. Жер көлемі 94 гектарды құраса, жұмысшылар 70-75 мың теңгені қанағат тұтады. Мұндағы қожалық басшысының айтар уәжі өз өнімдерін өткеруде келтірілетін кедергілер жайында болды. Мәселен, қант зауыты диқандардың еңбегін елемей, бағаны 8 теңгеге дейін түсіріп жіберген. Бұл орайда Асқар Исабекұлы тиісті мамандарға шаруа қожалықтардың бірігуі арқылы, қант шығаратын цех соғуға болатынын айтып, соның тиімді мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

Жалпы, облыста биыл дәнді дақылдардың өсу көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға артқан. Шамамен 260 мың гектар дәнді дақыл егілсе, оның 150 мың гектарына арпа, 100 мыңға жуық гектарға күздік бидай себілген. Бұл дақылдардың жоспарлы түсімі 23-25 центнерден айналады деп күтілсе, қазіргі уақытта кей шаруашылықтардың көрсеткіші 30-40 центнерге жетіп отыр. Ал өңірдегі дәнді дақылдардың биылғы өнімділігі 750 мың тоннаны құрайды деп болжануда. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30 мың тоннаға жоғары болмақ. Егін егу мен ору, астық тасу секілді жалпы ауыл шаруашылығы жұмыстарына биыл 2 мың 800-ге жуық техника жұмылдырылған.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР