"Топжарған"

Жойқын жұдырық

Геннадий Головкин тағы да жеңіске жетті
Кәсіпқой бокста ел намысын абыроймен қорғап жүрген отандасымыз Геннадий Головкин Лас-Карсон (Калифорния штаты, АҚШ) қаласында америкалық Ванес Мартиросянмен жұдырықтасты. Тартысты өткен жекпе-жек нәти­жесінде отандасымыз 2-ші раундта нокаутпен жеңіске жетті.

Жекпе-жек атақты «StubHub Center» аренасында өтті. Гонг соғылысымен буырқанған бурадай арқырап алға ұмтылған қарағандылық қабылан қарсыласын таптап өте шығатындай болып көрінді. Шынында солай болды.

Головкин алғашқы минуттардан бастап шабуылға шығып, Ванестің осал тұсын іздеді. Америкалық боксшы да бірнеше қарымта шабуыл ұйымдастырғанымен, сауатты қорғана білген Головкин қарсыласының соққыларын өзіне дарытпады. Дегенмен, кейбір соққылары дөп тиіп жатты. Геннадийдің шалт шабуылы мен толассыз тегеурініне тап келген қарсыласы екінші нөмірмен ойнауға мәжбүр болды. Бірте-бірте үдеп келе жатқан Генаның тура да ауыр соққыларынан бой тасаламақшы болған америкалық боксшының қауқары екінші раундқа дейін ғана жетті. Раундтың ортасына таяған сәтте қарқынға қарқын қосқан Головкин қарсыласын шыркөбелек айналдырып түсірді. Отандасымыздың қарша боратқан соққыларынан кейін есінен ауып қалған адамның кейпін танытқан Ванес Мартиросянның әлемтапырық түрін көрген төреші жекпе-жекті тоқтатты. Жеңіс! Осылайша отандасымыз биылғы маусымдағы бірінші жекпе-жегін де жеңіспен бастады. Бұл кездесуде Геннадий Головкин өзінің WBA титулын 19-шы, WBC белдігін төртінші және IBO титулын 17-ші рет қорғады. Сонымен қатар, Г.Головкиннің кәсіпқой бокстағы 38-ші жеңісіне қол жеткізіп отырғанын айта кету керек. Ал, Мартиросян карьерасын­дағы төртінші жеңілісіне ұшыра­ды.

Кездесуден соң журналистерге жекпе-жек жайында пікірін айтқан Ванес Мартиросян «Құдды пойыздың астында қалып қойғандай болдым. Оның бір ғана емес, барлық соққысы маған өте ауыр тиді. Бұған дейін мені ешкім бұлай қатты соққының астына алмаған еді. Головкин-сұмдық панчер. Әрбір соққысы мығым әрі жойқын «Канелоның» әлгі етті не үшін жегенін енді түсіндім», деді Мартиросян.
Ал, Головкин кездесуден кейін өзін жақсы сезінгенін айтады. «Мені қолдаған барша қазақстандықтарға, достарыма алғысымды айтамын. Ванес – мықты боксшы. Бірінші раундта жасаған бірнеше соққысы дәл тигенде жекпе-жек қиынға соғады деп ойладым. Бірақ, екінші раундта бәрі сәтті аяқталды. Жанкүйерлерім үшін Синко де Майо мерекесіне керемет сый жасадым», деді Головкин.

Сонымен қатар, Гена алдағы айқасына жақсы қарсылас іздейтінін мәлімдеді. «Қыркүйекте «Канеломен» қарымта кездесу дейсіз бе? Ол дайын болса, мен дайынмын. Тоғыз жыл бойы чемпионмын. Жігіттер, қолдарыңнан келсе, белдігімді алуға тырысып көріңдер», деді ол.

Осылайша, орта салмақтың оғланы Геннадий Головкин кіммен болсын жұдырықтасуға дайын екенін жеткізгенімен, отандасымызға қарсы қай мықтының жүрегі дауаларын алдағы уақытта біле жатармыз.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР