Жуалы жастарының жарқын турнирі

0 0

Адамзат өркениетінің дамуына жылқының қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ал қазақ ат десе, ішкен асын жерге қояды. Бүгінде ат жалын тартып мінетін жамбылдық жастар өз өңірімізде де жетерлік. Бұл ретте Жуалы аудандық жастар ресурстық орталығының ұлттық ойынымызды насихаттаудағы бастамасы көпке үлгі. Олай дейтініміз, аудандық спорт бөлімі мен жастар ресурстық орталығы жастар халық арасындағы көкпар турнирін жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған.

Бүгінде ауданда 14 ауылдық округтің жас шабандоздары 4 аймаққа бөлініп, жарыс көрігін қыздырып жүр. Қыркүйек айында басталатын турнир Наурыз мейрамы қарсаңында қорытындыланады екен. Осылайша 4 аймақтан өрелі ойын өрнегімен өзгелерді шаң қаптырған 4 команда бәсекенің ақтық ойынына жолдама алады. 170-ке жуық жас көкпаршы бақ сынайтын турнирде шабандоздар ауылдардың өзінен сайдың тасындай іріктеліп шығады. Қазіргі таңда ойын командалардың шешімімен алаңда 4 аттан олимпиадалық жүйе бойынша өтуде.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атқа міну мәдениетіне де ерекше тоқталып өткені белгілі. Біздегі турнир аталған мақаладағы алға қойылған мақсат аясында ұйымдастырылып келеді. Шындығында, ауданымызда көкпар жақсы дамыған. Апта сайын үлкен астар беріліп, ат шаптырылып жатады. Ондайда тақымы тастай, әккі шабандоздар жастарға ырық бермей жататындығы белгілі. Сондықтан ауыл жастарына осындай турнир ұйымдастырып, олардың тәжірибелерінің артуына үлкен мүмкіндік беріп отырмыз. Ол үшін Б.Момышұлы ауылының төменгі жағында орналасқан атшабардан арнайы алаң дайындадық. Әрі бұл бәсекеде елімізге танымал көкпаршы, «Әулиеата» командасының белді ойыншысы Құлажан Тоғайбаевтың өзі төрелік етеді. Оған көмекші, төреші ретінде «Ақтөбе» көкпар командасының капитаны Самат Абиров пен ауданға танымал көкпаршылар Нұржігіт Әбдіразақов, Асылхан Абдулла қызмет атқарып жүр, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Мейіржан Телеушов.
Жеңімпаздарға аудан әкімінің сыйлығы мен кубогы табыс етілетін турнирдің тағы бір мақсаты – аудан, облыс намысын қорғайтын білекті жігіттерді шығару. Қазірдің өзінде көпшіліктің көзайымына айналған шабандоздар жетерлік. Олар жаттықтырушылардың көздеріне түсіп, командаға алынуы бек мүмкін. Мәселен, биылғы турнирде Күреңбел ауылдық округінен Бейбарыс Маратұлы, Ақсай ауылдық округінен Дәурен Әбдірәсіл, Қарасаз ауылдық округінен Жамбыл Көпен сынды жас шабандоздар ерекше ойындарымен көзге түсіпті.
– Жасыратыны жоқ осы уақытқа дейін көкпар ойынына келгенде жастар елеусіз қалатын. Үлкен додаға қатысуға да тәжірибе керек. Ал онсыз үлкен көкпарға кіру мүмкін емес. Өз кезегінде аталған турнир жастардың орны бар екенін аңғартқандай. Бастысы ауылдағы жастар бос уақытын тиімді пайдалана бастады. Яғни құр атқа мініп қана қоймай, ауылдың намысы үшін жаттығу жасап, осы іске машықтануда. Айта кетерлігі, турнирге мектеп жасындағы ер балалар да тартылуда. Олар да командалық көкпардың қыр-сырын қазірден меңгеру үстінде. Турнирде топ жару үшін ауылдағы кейбір азаматтар аттарын беріп, білгендерімен бөлісіп-ақ жатыр. Егер турнир осылай жалғасын таба беретін болса, Жуалыдан елімізге танымал шабандоздар шығатыны анық, – дейді жас шабандоз Бейбарыс Маратұлы. Сондай-ақ ол өз сөзінде аталмыш бәсекенің аясы кеңейіп, облыстық дәрежеге дейін жетсе деген тілегін да айтып қалды.
Демек қазақтың әр баласы көкпар тартып, бәсекеге түссе, алдымен ұлттық спортымыз дамиды, жастарымыз бос уақытын тиімді пайдаланады. Сондықтан бұл турнирдің ауқымы кеңейсе, ұтарымыз көп болмақ.

Шынболат Сейдуалиев,

Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.