Жуалыда агросала алға басып келеді

0 33

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына ерекше тоқталып, саланы дамыту мақсатында Үкіметке бірқатар тапсырмалар берді. «Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездер болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды. Осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі қолданыстағы мемлекеттік бағдарлама келесі жылы аяқталады. Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесіп, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуге кірісуді тапсырамын», деп нақты міндеттер жүктеген болатын.

Осы орайда табиғаты ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге қолайлы Жуалы ауданында Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы аясында қандай жұмыстар атқарылғанын, алдағы жоспар мен меже, жер емген диқандарға жасалған жағдай туралы жауаптылардан сұрап, өңірдегі ахуалды зерделеп көрген едік. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаевтың айтуынша, өңірде
8 374 гектар суармалы жер бар екен. Сектор меңгерушісі су тапшылығына байланысты кейінгі жылдары су үнемдеу технологиясын енгізу жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын айтады. Мәселен былтыр барлығы 1 903 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізіліп, барлық суармалы алқаптың 22,7 пайызын құраған. Биыл суармалы жер көлемін тағы да 736 гектарға ұлғайту көзделуде.
– Биылғы жылға дейін «Дарқан», «Даниял», «Зылиха», «Жаңаталап», «Дәулет» шаруа қожалықтары мен «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңбырлатып, тамшылатып суғару технологияларын енгізді. Алдағы уақытта су үнемдеу қондырғылары көптеп ендірілген жағдайда мал азығын дайындау мәселесі шешіледі.
Қазіргі таңда ауданда жайылымдық жер жетіспейді. Сондықтан «Гамбург» серіктестігі мүйізді ірі қараны фермадан сыртқа шығармай-ақ, мал азығын жаңбырлатып суғару қондырғысы арқылы дайындауда. Биыл «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы бірқатар ауылдық округтегі шаруа қожалықтар барлығы 15 дана жаңбырлатып суғару қондырғысын алуға ниет білдіріп отыр.
Сондай-ақ «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы уақытқа дейін 1 253 гектар алқапты жаңбырлатып суғарып келсе, биыл тағы да 250 гектар жерге аталмыш қондырғыны орнатуды жоспарлап отыр,– дейді Сәбит Әмірханұлы.
Жуалылықтар тұқым сапасын жақсартуға да мән беруде. Нақты айтқанда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ережесіне сәйкес, субсидия барлық сатып алынған тұқымдарға элита, І репродукциялы дақылдар бойынша беріліп жатыр. Ол үшін шаруалардың барлық егістік жері «Минагро» электронды жүйесінде тіркеуде болуы қажет. Сонымен қатар сатып алынған тұқымдардың ғылыми-зерттеу институттарынан, тұқым өндіруші тәжірибе мекемелері және тұқым өндіруге рұқсат берілген шаруашылықтардан толық қажетті құжаттары болуы керек. Аудан шаруашылықтарын жоғары репродукциялы тұқыммен қамтамасыз ету үшін «Сансызбай» қожалығы тұқым шаруашылығы қатарына өтіп, биыл бірінші репродукциялы 50 тонна мақсары және 70 тонна арпа дақылдарын сатуға ниеттенген. Жалпы тұқым сапасын арттыру мақсатында Түркістан облысындағы Қарабау тұқым шаруашылығынан 5 тонна мақсарының элиталы тұқымы, Алматы облысынан 10 тонна арпаның элиталы тұқымын алу үшін келісімшарт жасалыпты.
Көктемгі дала жұмыстары үшін қажетті техника да сақадай сай. Шаруаларды кепілдендірілген дизель отынымен қамту мәселесі де басты назарда. Аудан бойынша осы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қажетті кепілдендірілген дизель отынын тарату қызметтерін атқаратын операторды таңдау үшін ағымдағы жылдың 26 қаңтарында өткізілген комиссия отырысының шешімі бойынша «Аққайың» серіктестігі таңдап алыныпты. Көктемгі, күзгі дала жұмыстарына жалпы 2 417 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген.
– Қазіргі таңда ауданда механизатор, агроном мамандарының тапшылығы туындап отырғанын жасыруға болмайды. Механизатор болып еңбек етіп жүргендер – негізінен орта және егде жастағы адамдар. Бүгінгі таңда ауданда шаруа қожалық жетекшілері трактор айдауға ынтасы бар жастарды байқай қалса, оларды өз қаражаты есебінен оқытып, жағдай жасауда. Тіпті механизаторларға үй салып беріп жатқан шаруалар да бар, – дейді Сәбит Нұрлыбаев.
Сәбит Нұрлыбаевтың сөзіне сүйенсек, Ақбастау ауылында орналасқан №16 Жуалы колледжінің шәкірттері дуальді оқыту жүйесі арқылы шаруа қожалықтарда механизатор болып жұмыс істеп, тәжірибе жинауды үрдіске айналдырыпты.
Егілген өнімнен сапалы әрі мол өнім алу үшін аталған мамандықтардың маңызы айрықша екені белгілі. Алайда қазір көптеген шаруашылық иелері агрономның жұмысын өздері атқаруға көшкен. Дегенмен білімді маманның орны бөлек емес пе? Бұл бір жағынан шаруаның агроном мамандарға қомақты еңбекақы төлегісі келмейтінінен де туындауда. Осы жайт жас мамандардың ауылда тұрақтамай, сыртқа кетуіне де себеп болып отыр екен.
Ашығын айтсақ, қазір барлық мамандықта біліміне, қабілетіне қарай емес, кездейсоқ оқып жатқан жастар көп. Өкініштісі сол, олардың көбі оқу бітірген соң өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Сондықтан әркім мамандықты өзінің жан қалауымен таңдаса, мұндай мәселе туындай қоймас еді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
журналист
Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.