Жамбыл жаңалықтары

Жуалыда жүйелі жұмыс бар

Written by Aray2005

Өткен аптада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барды. Бұл сапарында өңір басшысы жергілікті жердегі ахуалды мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың барысымен танысты.

Биыл Жуалы ауданында жалпы құны 4 миллиар 600 миллион теңгеге 38 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 28 жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында атқарылады. Осы бағдарлама шеңберінде Нұрлыкент ауылында суару науалары орнатылып жатыр. Ағымдағы жылдың мамыр айында өз жұмысын бастаған «Жігер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі нысанды тамыз айының аяғында пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Алайда нысан пайдалануға берілмей тұрып пайда болған жарықтарға назар аударған облыс әкімі бұл кемшіліктерді уақыт оздырмай жоюды ескертті.
– Мердігер және техникалық қадағалау қызметтері өз міндеттерін жауапсыз атқарып жатыр. Осы күйінде нысанды қабылдау мүмкін емес. Барлық ескертулерді жою үшін шаралар қабылдаңыздар, – деді Бердібек Сапарбаев.
Өңір басшысы мердігер тек суару науаларын сапалы орнатып қана қоймай, су қосалқы шаруашылықтарға жету үшін әр үйге бұрылатын «құлақтарды» қалпына келтіруге міндетті екенін атап өтті.
Сондай-ақ, аудандағы Теріс ауылына су құбырын тарту жұмыстарына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 180 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Құрылыс алаңында болған өңір басшысы жұмыстың бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанына көз жеткізді. Осы орайда ағымдағы жылдың қазан айында Терістегі 155 үй таза ауызсумен қамтылмақ.
Сумен қамту жүйесі «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Т.Дүйсебайұлы ауылына да тартылып жатыр. Бүгінде мердігер «Интеллект Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыстың 70 пайыздан астамын аяқтап үлгерген. Жоспарға сәйкес, келер жылға өтпелі құрылысты компания биыл аяқтауға ниетті.
Жуалы ауданының тағы 12 ауылында таза ауызсу тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек аудандағы білім саласындағы 5 жобаны жүзеге асыруға 284 миллион теңге бөлінген. Қоңыртөбе ауылында орта мектептің құрылысы және 4 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.
Б.Момышұлы ауылындағы №29 орта мектебі ғимаратының сыртқы қасбеті жаңартылып жатыр. Сонымен қатар мектеп асханасы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жаңғыртылып, санитарлық тораптары жергілікті бюджет есебінен жабдықталады. Мектептің кабинеттері мен спорт, акт залдарының жағдайы жақсы. Оқу орнының басшысы Мұхамеджан Бейшеновтің айтуынша, мектепте 600-ге жуық бала білім алады. Сәйкесінше жыл санап оқушылардың саны да арта түскен. Өңір басшысы директорға балаларға қолайлы жағдай жасай отырып, білім сапасын да арттыруды тапсырды.
– Жыл сайын интерактивті тақта мен компьютерлер санын арттырып отыру қажет. Бұл маңызды мәселені шешуге мектеп түлектерін тартудың маңыздылығы зор. Олар өз мектебіне қуана-қуана көмектеседі деп ойлаймын. Сондай-ақ бұл жас ұрпаққа да керемет үлгі болар еді.
Мектеп директоры беделді түлектердің оқушылармен кездесулерін ұйымдастырғаны жөн. Балалар да солар сияқты болуға ұмтылып, жақсы оқуға күш салатын болады, – деді Бердібек Сапарбаев.
Жұмыс сапары кезінде өңір басшысы орталық аудандық ауруханаға арнайы ат басын бұрды. Облыс әкімінің ауданға жұмыс сапарына енбеген нысандағы науқастарды емдеудің барысы туралы бас дәрігердің міндетін атқарушы Нұрбай Ергебеков жан-жақты баяндады.
– Мен әкімдерге әр жұмыс күнін ауруханаларға барудан бастау керектігін тапсырдым. Егер ауруханаға бірдеңе жетіспесе, дереу айтыңыздар, жасырмаңыздар. Барлық мәселелер бірлескен күш-жігердің нәтижесінде шешіледі. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің демалыс уақытына ерекше назар аударыңыздар. Олар қазір мықты болуы тиіс. Біз сонда ғана бұл қауіпті вирусты жеңе аламыз, – деді Бердібек Сапарбаев аурухана басшылығына.
Бұдан соң облыс әкімі «Қар-Алма» тау шаңғы курорттық базасындағы құрылыс алаңына барды. Жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырылуда. «Альтаис групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әлімбек Жұмабаев үлкен қанатты жол және кәсіпкерлік нысандар құрылысы қалай жүріп жатқандығы, инфрақұрылым тарту жұмыстары туралы баяндады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР