Жуалылықтар асарлатып үй салуда

0 44

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығы жөнінде айтылған болатын. Сондай ұлттық игі дәстүрдің бірі – асар. Халқымыздың асар дәстүрі қазіргі таңда заманауи сипат алып, ел өңірлерінде қарқынды жүріп жатыр. Бұл дәстүрдің ерекшелігі сол, адамдар бірлесіп үй салып, басқа да игі мақсатта бір-біріне көмектесу арқылы ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті жарастыруда.

Осы ретте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің бастауымен, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауына ие болған бұл «Асарлатып үй салу» жобасының басты мақсаты – асар үрдісін жаңғырта отырып, әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы отбасыларға тұрғын үй салып беру.
Биыл Жуалы аудан бойынша аз қамтылған, көпбалалы 13 отбасыны «Асарлатып үй салу» жобасы аясында баспанамен қамту жоспарлануда. Оның ішінде қазіргі таңда төрт үйдің, яғни Ақтоған, Тасбастау, Диқан ауылдарында және Б.Момышұлы ауылында құрылысы жүргізілуде. Ал Көкбастау және Шақпақ ауылдық округінде аз қамтылған бір-бір отбасының үйіне күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.
Облыс әкімінің бастамасымен қолдау тапқан аталған әлеуметтік жоба аясында ауданға қарасты Жетітөбе ауылдық округінің Тасбастау ауылында көпшіліктің күшімен бір үйдің іргетасы қаланды. Құрылыс аяқталғанда аталған ауылдан аз қамтылған бір отбасы баспаналы болады деп күтілуде.
Ел-жұртты бірлік пен ынтымаққа ұйыстырып, жарасымды татулықты паш етіп қана қоймай, мұқтаж жандарды үймен қамтуды көздеген қайырымдылық шарасы өз жемісін беруде. Осы ретте жоба аясында өткен жылы Жетітөбе ауылдық округінде екі бірдей үй күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілген болатын. Ал биыл жергілікті қоғамдастықтың кезекті жиналысында ауыл тұрғындары Лилия Царскихке үй салып беруді бірауыздан қолдаған. Сол шешімнің негізінде бүгінде қаражат жиналып, Әлімхан және Айнабек Жапарбековтер бастаған ауыл азаматтары үйдің іргетасын қалады.
Елдің бірлігін, жанашырлығы мен мейірімін, көпшіліктің бірігуімен қолға алынған игі тірліктен ауыл азаматтары да тыс қалмай, оған қазыналы қарттар, шаруа қожалықтардың жетекшілері, жастар шет қалмай, атсалысуда. Игі істі бастауға қожалық басшылары Александр Уразовский, ағайынды Рақымбек және Мағзымбек Жақсылықовтар, Болат, Рүстем, Жандос Қожаназаровтар бас көтеріп, алғашқы қаржыны да осы азаматтар берген.
– Асар – үлкен әрі ата-бабамыздан жеткен бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсететін дәстүр, – дейді ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Рақымжан Сатаев. – Кезінде ауылда қариялар жастарға үндеу тастап, асарлатып үй салатын. Қариялардың айтқанын жастар тыңдап, ешкім сауапты істен тыс қалмаушы еді. Міне, сол игі бастама бүгінде өз жалғасын тауып, көмекке мұқтаж жандарға көптің көмегімен баспана сыйлауда. Бұл дәстүрді аға буын өкілдері жақсы біледі. Ал енді асар дәстүрін қазіргі артымыздан ерген жастар білуі тиіс. Бір-бірінен жырақтамай, көмектесуді, қайырымдылықты бойына сіңіруі қажет. Ол қасиет көзбен көріп, істің басы-қасында жүргенде ғана жастардың бойына дариды.
Лилия жұмыссыз әрі тұрмыс жағдайы төмен отбасы. Оның үш жасқа толмаған қызы бар. Мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Ата-анасы да өмірден озған. Бұл үйде оның атасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Федор Пархоменко тұрған. Ардагердің ауылды дамытуға қосқан үлесі мен еңбегі зор болатын. Бұл үй шамамен 1950 жылдары салынған. Бүгінде бұл үйдің қабырғасы опырылып, жарылып тұр. Іші де ескірген.
«Көп түкірсе – көл» дейді дана халқымыз. Көпшіліктің атсалысуымен биыл Лилияға үш бөлмелі баспана салып, пайдалануға беретін боламыз. Ауыл тұрғындары қаржыны жергілікті қоғамдастық мүшесі Алмаз Үсіпбаевқа тапсыруда. Ол барлығын тізімге жазып, оны керекті құрылыс заттарына жұмсап жатыр. Тұрғындар да шама-шарқынша қаржыларын беріп, асарға атсалысуда. Ауыл болып құрылысқа қажетті тасын, құмын түсірді. Үйдің іргетасы дайын болған соң, жігіттер қабырғасын қалауды бастайды. Ол үшін 3000 дана қолдан құйылған кесек кірпіш дайындалып қойды. Бұл игі істе әр азаматтың өзіндік үлесі бар, – дейді ол.
Сонымен қатар облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Ақтөбе ауылдық округінің Ақтоған ауылында Дамир Надыршинге арнап салынып жатқан тұрғын үйдің құрылысы бүгінде 68 пайызға орындалған.
Ауылдық округ әкімі аппаратының мәліметінше, құрылыс жұмыстарын жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен ағымдағы жылдың наурыз айында бастап, тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр.
– Қазіргі таңда үш бөлмелі тұрғын үй толығымен тұрғызылып, есік-терезелері салынған, іші-сырты сыланып, әктелген, жылу жүйесі жүргізілген. Құжаттарын заңдастыруға, электр желісіне қаржы жинақталуда. Жалпы аумағы 64 шаршы метрді құрайтын баспана іске қосылғанда, оған толық емес, әлеуметтік аз қамтылған Надыршиндер отбасы иелік ететін болады, – дейді ауылдық округтің әкімі Көбейсін Хайралапов.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.