Саясат

«Жұдырықша жұмылған бәрін жеңеді»

Written by Aray2005

Ғани Жайлауов,
бокстан халықаралық деңгейдегі спорт шебері:

– Әлемдік пандемияның салдары Жамбыл жұртшылығына да оңай тиіп жатпағаны белгілі. Десе де, дер кезінде қабылданған сақтық шаралары дерттің дендеп кетуіне жол бермеуде.
Әрине, ел басына күн туған сәтте жұдырықша жұмылу керек. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жасаған мәлімдемесі жүректерге үміт отын сыйлап, жұртты жұдырықша жұмылдырғаны даусыз. Президент еліміздің басты байлығы адам және оның өмірі екенін меңзей отырып, халық саулығы қай кезде де бәрінен биік тұратынын анық аңғартты. Сондықтан барша жерлестерімді індеттің таралуын болдырмау мақсатында дәрігерлердің айтқан кеңесіне құлақ асып, үйде отыруға шақырамын. Бұл сіздің ғана емес, жақын туыстарыңыздың, түптеп келгенде тұтас елдің амандығы үшін маңызды.
Ал әлемдік пандемия басталғаннан бері алдыңғы шептен табылып жүрген ақхалатты абзал жандарға айтарым тек алғыс. Оларға Мемлекет басшысының Жарлығымен арнайы үстемақы төленіп жатқанын қос қолдап қолдаймын. Әрине, медицина мамандарына дерттен сауығып шыққан науқастың алғысынан артық баға болмайтындығы белгілі. Десе де, бұл дәрігерлерді жігерлендірудің таптырмас тетігі.
Бұдан бөлек, қиын сәтте табысынан айырылған тұрғындарға төленіп жатқан төлемақы да қамқорлықтың көрінісі. Сондай-ақ шағын және орта бизнеске деген демеу болашаққа салынған инвестиция екені анық. Әсіресе қара халықтың тұрмысымен тығыз байланысты ауыл шаруашылығын қолдау бағытында жасалып жатқан жәрдемдер жан жадыратады.
Ендігі кезекте бізге Президенттің тапсырмаларын тиянақты орындап, бір үйдің баласындай жұмылып үн қосқанымыз абзал. Себебі бірлік қашанда бәрін жеңетіні анық.

ПІКІР