Sport

«Жұдырықша жұмылудың арқасында жоғары лигаға өттік»

Written by Aray2005

Биылғы маусымда «Тараз» футбол клубы жоғарғы лигаға өткені белгілі. Жерлестеріміздің бұл жетістігі жамбылдық жанкүйерлерді желпінтіп тастағаны анық. Әрине, футбол ұжымдық ойын болғаннан кейін, мұнда «жұмыла көтерген жүк ғана жеңіл» болатыны айқын. Осы орайда, биыл «Таразды» тығырықтан алып шыққан бас бапкер Нүркен Мәзбаевтың ұйымдастырушылық ұтқырлығын ерекше атап өткен жөн. Сол себепті, клубтың бас жат­тық­ты­ру­шы­сы­мен жуырда аз-кем тілдескен едік.

– Нұркен Қалдыбекұлы, «Тараз» тізгінін қолыңызға маусым ортасында алдыңыз. Алайда жүйелі жұмысыңыздың арқасында клубты жоғарғы лигаға қайта әкелдіңіз. Айтыңызшы, жалпы сізге бас бапкерлік ұсыныс қалай түсті?
– Жыл басында «Тараз» футбол клубының директоры қызметіне Қанат Мұсатаев тағайындалғаннан кейін, ол кісі мені жаттықтырушы-селекционер ретінде шақырған еді. Содан басшымен ойымыз бір жерден шығып, жаңа құрамды жасақтауға мықтап кірісіп кеттік. Біраз уақыт өткен соң клубтың спорт жөніндегі директорының орынбасары қызметі маған сеніп тапсырылып, қосымша міндеттер жүктелді. Менің жауапкершілігіме клубтың футбол орталығымен қоса, спорттық бөлігі де берілді. Бірақ төменгі лигадағы командамыздың жолы болмай, ойын сайын ұпай жоғалтумен болдық. Ал маусымның алтыншы турында Ваит Талғаев өз еркімен жұмыстан кетіп, бас бапкердің орны бос қалды. Содан клуб басшылығы оның қызметін атқаруды маған ұсынды. Өзіме сеніп тапсырылған жауапкершілікті түсініп, бірден жұмысқа кірісіп кеттім. Екі ойыншымыз алаңнан қуылып кетсе де, «Алтаймен» тең ойнаған алғашқы ойынымда команданы Премьер-лигаға шығара алатындығыма сендім. Нәтижесінде тынымсыз еңбек пен жұдырықша жұмылудың арқасында бүгінгі биікке жетіп отырмыз.
– Бас бапкерлік қызметті қолға алғаннан кейін нақты қандай өзгерістер жасадыңыз?
– Біз ең бірінші команданы бір мақсат, бір мүддеге жұмыс жасауға үйреттік. Алдыңғы шептегі шабуылшылар­дың ойынын күшейтіп, қорғаныста да сауатты өнер көрсету үшін 1-4-3-3 жүйесіне көштік. Трансферлік терезеден жаңа ойыншыларды алғаннан соң 1-3-5-2 сызбасына ауыстық. Бұл үлкен футболда «қорғаныс тәсілі» деп аталады. Алайда ойын кезінде Мақсат Әмірханов, Сағадат Тұрсынбай сынды жылдам ойыншыларымыз шабуыл шебін күшейтіп, 7-8 футболшыға дейін қарсыластар айып алаңында жүрді. Ал қорғаныста нақты үш адам жұмыс жасады. Міне, осы жүйені жаттығу кезінде пысықтап, қорғаныстан бірден шабуылға көшуге машықтандық. Нәтижесінде командада анық голеадорлар болмағанымен маусым барысында 18 ойыншымыз гол соқты. Сондай-ақ бомбардирлер сапынан шабуылшылар ғана емес, жартылай қорғаушылар мен таза қорғаушылар да көрінді. Яғни, біз командалық ойын мен командалық қимылды таба білдік.
– Қай кездесу ерекше есіңізде қалды?
– Маусым барысында тартысты да қызықты ойындар аз болған жоқ. Десе де, «Қайрат-А»-мен қонақтағы ойынымыз біз үшін үлкен сабақ болды. Қақпамызға гол жіберіп алғаннан кейін, үзілісте дұрыс тактика қол­дан­­бағанымызда жағдайымыз мүшкіл еді. Осы кез­десу жүйкемізге біраз ши жүгіртті. Шымкенттік «Қыранмен» өз алаңымызда күш сынасқанымызда да «жан алысып, жан берістік». Алғашқы 45 минуттықта тең ойнағанымызбен үзілістен кейін есеп ашып, тактикалық тұрғыдан ұтып кеттік. Өздеріңіз білесіздер, 18-турдан кейін «Қыран» турнир кестесінде жеке-дара көш бастап тұрған болатын. Алайда шымкенттіктердің жеңіліссіз сериясын біз үздік. Нәтижесінде «Қыранды» қуып жетіп, тіпті басып оздық. Осы кездесулер жігіттерімізге жеңіске деген жігер беріп, маусымды сәтті аяқтауымызға сеп болды. Сондықтан да осы ойындар ерекше есімде қалды.
– Жалпы жамбылдық жанкүйерлердің мәдениет­тілігіне қатысты көп сын айтылып жатады. Төрешінің шешімімен келіспегендері былай тұрсын, бас бапкерге де шағымдарын айтып жататын кездері көп. Осы жағдайды өзіңіз қалай қабылдайсыз?
– Жасыратыны жоқ, кездесу барысында жанкүйерлер тарапынан балағатты да, кеңесті де естідік. Ойыншы ұрымтал сәттен гол соға алмай қалса болды, оны ауыстыруды талап етіп, айқай-шуға басады. Алайда футболшының бір мәрте допты дәл қақпаға бағыттай алмағанына қарап, оның бүкіл ойынын жоққа шығаруға болмайды. Ол одан сабақ шығарып, келесі сәтте гол соғуы мүмкін. Немесе қорғаушылардың бәрін өзіне тартып, басқа ойыншыларға жол ашып беруі ықтимал. Дегенмен, жанкүйерлердің осы сын-ескертпелері бізді көп қамшылады. Ол үшін тек алғыс айтамын.
Негізі команда мен жанкүйерлер бір тұтас болғаны абзал. Сонда ғана екі жақта бірдей түсіністік болады.
– Енді Премьер-лигада «Тараздан» не күтсек болады?
– Биылғы маусымда Евгений Шипицын, Илья Воротников, Берік Айтбаев, Бекзат Бейсенов, Мақсат Әмірханов, Предраг Говедарица сынды ойыншылар өте жақсы ойнады. Одан да басқа команда үшін жанын салған жігіттер аз емес. Осы құраммен жоғарғы лигада да сауатты ойын өрнегін көрсетеміз деп сенемін. Қазір клубтың қаржылық мәселелері пысықталып жатқандықтан, өзгерістер туралы айту ерте. Десе де, Премьер-лигадағы ойындар басқаша болатыны анық. Оған біз де өзгеше талпыныспен, айрықша қарқынмен келетін боламыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР