"Гүлдәурен"

Жұдырықтай жұмылғанда ғана жұмыс жанданады

Written by Aray2005

Жақында облыстық «ARAI» газетінің редакциясында Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының жалпы жиналысы өтті. Облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев, облыстық «Знамя труда» газетінің директор-Бас редакторы Бекет Момынқұл, облыстық «Ғұмыр-дария» газетінің директор-Бас редакторы Жаңабай Миллионов, республикалық «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, Тараз қалалық «Jambyl Taraz» газетінің директор-Бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали, республикалық «Еgemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман, республикалық «Жас алаш» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек, облыстық «77 TV» телеарнасының директоры Зарина Қуаттегі, Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің директор-Бас редакторы Берік Жакулаев және өзге де бір топ журналистер қатысқан басқосудың басты мақсаты – аталған филиалдың жаңа төрағасын сайлау. Одан бөлек филиалдың алда атқаратын міндеттері талқыланып, кейбір мәселелер пысықталды.

Жиынды «Ғұмыр-дария» газетінің бас редакторы, «Қазақстанның Құрметті журналисі» Жаңабай Миллионов ашып, басқосудың мақсатына тоқталды.
– Араларыңызда жас жағынан ең үлкені мен екенмін. Бұрынғы уақытта мұндай жиындарда сөзді үлкендер жағы бастайтын. Бұл қазақтың үлкенді құрметтей білуінің белгісі. Осы үрдіске сүйеніп, маған осы басқосуды ашып беру үшін сөз беріп отырғандарыңызға алғысымды білдіремін. ҚР Журналистер одағы филиалының төрағасы қызметін атқарып келген Көсемәлі Сәттібайұлы маған өтініш жасап, «Журналистердің ішінде үлкенінің бірі –сізсіз. Облыстық «Aq jol» газеті аптасына үш мәрте жарыққа шығатын болғандықтан, күнделікті газеттің қауырт жұмысынан қолым босамай жүр. Оның үстіне жеке шығармашылық жұмыстарыммен де айналысуым керек. Сол себепті, өз еркіммен ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағалық қызметінен бас тартқалы отырмын. Осыны сіз әріптестеріме жеткізіңіз» деп өз қолымен ҚР Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың атына өтініш жазып берді, – дей келе журналистер қауымын оның өтінішімен таныстырды. Сонымен қатар ол филиалдың жұмысы Көсемәлі Сәттібайұлы төраға болып тұрған сәтте барынша жанданғанын атап өтті.
Жиын барысында облысқа белгілі қаламгер Жаңабай Миллионов, Светлана Манько, Әбділдә Сәрсенбиев, Петр Норкин секілді аға журналистер «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағына ие болғаны, бұдан өзге бірқатар журналистер одақ тарапынан марапатталып, үздік фотожурналистерге арналған конкурс ұйымдастырылғаны сөз болды. Филиалдың бірқатар жұмысы тілге тиек етілген соң Ж.Миллионов облысымыздағы журналистер одағы филиалы жетекшіліне өз кандитурасын ұсынды.
– Негізінен филиалға облыстық басылымдардың біреуінің басшысы төраға болғаны жөн деп есептеймін. Біздің өңірде «Знамя труда», «Aq jol», «ARAI» газеттері ғана облыстық газет деуге негіз бола алады. Осының ішінде менің таңдауым «ARAI» облыстық жастар газетінің директор – Бас редакторы Дәулет Төлендіге түсіп отыр. Оның жас екенін, бұл жұмысты алып кетуге қарым-қабілеті жететінін ескере келе, мен Дәулет Төлендінің кандидатурасын ұсынамын, – деді Жаңабай Миллионов.
Өз кезегінде сөз алған облыстық «Знамя труда» газетінің бас редакторы Бекет Момынқұл бұрынғы төраға жүктелген міндеттен өз еркімен бас тартса, оны ешкімнің күштеп ұстауына құқығы жоқ екенін, өйткені бұл қоғамдық жұмыс болып саналатынын тілге тиек етті.
– Филиалдың жұмысын бір адамға артып қоюға болмайды. Кім төраға болса да соған болысу, бір мәселені шешуде тізе қосып қимылдау бәрімізге ортақ міндет болуы тиіс. Десе де шыны керек, біз қоғамдық ұйымның жұмысы тұрмақ, бір-біріміздің жағдайымызды сұрауға қолымыз тимей жүр. Біреудің бұған жұмысбастылығы, ал енді бірінің шығармашылық немесе өзге де шаруасы мұрша бермейді. Біз өзімізді аға буын санап отырмыз. Осы аға буын өкілдерінің бірінің еңбегі еленіп, наградаға ұсынылса, бұл кім-кімге болса да қуаныш. Қазір соңымызда өсіп келе жатқан небір талантты жастар көп. Олардың лайықтыларына да награда беру үшін оның басында осы қоғамдық ұйым тұруы қажет. Оларды қолдау, демеу осы ұйымның жұмысына қатысты.
Бұрынғы КСРО дәуірінде аталған ұйымның облыстағы филиалына міндетті түрде облыстық
«Aq jol» газетінің редакторы төраға болып сайланатын. Бұл сол партия заманынан бері қалыптасқан үрдіс. Оларға бұл жұмыс қосымша атқаруға міндеттелетін. Ал ол кездің редакторлары жүктелген міндетті өз беделінің арқасында алып шығатын. Мәселен, Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосын сынды редакторлардың абырой-айбынынан кез келген мекеменің басшысы ығып жүретін. Қазіргі облыс әкімінің міндетін атқарушы – сол кездегі облыстың бірінші хатшысының оң жағында Баттал Жаңабаев ағамыз тұратын.
Негізгі айтпағым, Дәулет Төлендіұлы осы филиалға төраға болуға ұсынылып отыр. Мен қолдаймын. Осындай жұмысты жастар істемегенде кім істейді?! Өз басым сенімімді ақтайды деп сенемін. Үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. «Сырт көз – сыншы» демекші, сені бүгін өзіміз сайлап, ертеңгі күні сырттан «мынау түк бітіріп отырған жоқ» деп өзіміз-ақ айта салуымыз мүмкін. Сондықтан сынға ілікпеген дұрыс, – деді Бекет Әбілдаұлы.
Басқосуда Тараз қалалық «Jambyl Taraz» газетінің директор-Бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали облыста журналистердің өз кәсібін шыңдай түсуі үшін республика көлемінде жиын өткізуді, ол жерде сөз сөйлейтін модераторларды таңдауда өзге қоғамдық бірлестіктер емес, Журналистер одағының облыстағы филиалының шешуші рөл атқаруы жөнінде ой тастады.
– Облыс орталығында белсенді журналистер онсыз да көзге түсіп жүр. Бұл филиал аудандық газеттердің редакторларымен тығыз байланыс орнатуы қажет деп ойлаймын. Өйткені аудандық газетте қызмет ететін журналистер елеусіз қалып бара жатқандай көрінеді. Бұл ұйым облыстық филиал болғандықтан аудандағы тілшінің, осы саладағы қызметкердің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтындай деңгейде болуы шарт.
Мен Дәулет Төлендінің азаматтығына, іскерлігіне күмән келтірмеймін. Сондықтан «Жас келсе – іске» демекші, оның кандидатурасын қолдаймын. Бұл жұмысты алып кету оңайға соқпайтыны анық. Десе де, біз жалау болуға дайынбыз, – деді Э.Мырза-Ғали.
Бұдан кейін сөз алып, пікір білдірген облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев журналистердің қоғамда, төрде өз орны бар екенін, тілшілер қауымының идеологиялық жұмысты жандандыру бағытында өлшеусіз еңбектеніп келе жатқанын тілге тиек ете отырып, аталған одақтың облыстағы филиалының алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар аға буын журналистердің мерейтойын өткізу, жастардың жетістіктерін бағалау тұрғысында ұсыныс болып жатса, аталмыш басқарма тарапынан қолдауға ие болатынына сендірді. Жақында Білім және ғылым министрлігінен «Жас қаламгерлер» сайтын ашып беру жөнінде хат келіп, осыған орай ақындық пен журналистиканы қатар алып келе жатқан бірқатар жастар ұсынылғанын, кеше ғана жыл қорытындысы бойынша облыс әкімінің қатысуымен өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысында қалам тербеп, үздік деп танылған журналистер марапатталғанын сөз етті.
Облыстық «77 TV» теле­ар­на­сы­ның директоры Зарина Қуаттегі 10 жылдан бері журналистика саласында еңбек етіп жүргенін, өзінің ҚР Журналистер одағына мүше болғысы келетінін айтты.
– Шыны керек, одақтың облысымызда филиалы жұмыс істейтінін осыдан бір жыл бұрын Көсемәлі Сәттібайұлы ағамыздан естідім. Мен өзімді белсенді журналиспін деп есептеймін. Десе де, менің осы уақытқа дейін бұл ұйымға мүше болу шарттарынан хабарсыз болуым, менен кейінгі жастардың, аудандағы әріптестердің, телеарна, радиода жұмыс істейтін журналистердің одақ мүшелігінен тыс қалып отырғанын байқатады.
Тележурналистердің «WһatsАpp» желісінде республика бойынша ортақ чаты бар. Онда байқап отырсақ, бізге қарағанда өзге өңірлер белсенділік танытып, әртүрлі мәселелер көтеріп жатады. Мәселен, Түркістан облысы, Отырар ауданының бір телеарнасының журналисі «Дарын» сыйлығын иеленген өз әріптесі туралы әлгі чатқа жазба жүктеді. Басында мен оны бір ақын немесе жазушы шығар деп ойлағанмын. Сөйтсем, өзіміз секілді тележурналист. Ал бізде сол «Дарын» сыйлығын иеленген журналистің жоқ екеніне сенімдімін. Бұдан бөлек өңірімізде орыстілді әріптестеріміз қандай да бір мәселе көтеріп мақала жазса, оны орыстілді журналистер қолдап, қолпаштай жөнеледі. Ал қазақтілді журналистер мұндай жағдайда үнсіз қалып, керісінше «Соңы не болар екен?» деп әліптің артын бағады. Сондықтан тек одаққа мүше журналистер ғана емес, осы салада жүрген барлық әріптестердің басы бірігіп, қоғамда орын алған мәселелер бойынша бірге бастама көтеруі қажет, – деді ол.
Ал республикалық «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай соңғы кездері одаққа аты да, заты да белгісіз адамдар мүше болып алғанын, болашақта мұндайды болдырмау қажеттігін мәселе етіп көтерді.
– Мен облыстық «Aq jol» газетінде басшы болып тұрған жылдары ҚР Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаевпен келісіп, ол кісі осында арнайы келіп, бірқатар журналистер одаққа мүше болған еді. Содан кейін бұл филиал жұмысынан бейхабармын. Шынымды айтсам, Дәулет Төлендіұлының осы жұмысты қатар алып жүруге ынта білдіріп отырғаны мені қуантып отыр. Бәріміз ортақ мәселені бір кісідей көтеріп, жұмыла атсалысайық деген көпшіліктің пікірі де өте орынды. Айтылған ұсыныстар тек марапат төңірегінде, ал филиал жұмысы жарна төлеудің айналасында қалып қоймауы тиіс. Сосын одаққа мүше болып алғаннан кейін тек жарнаны төлеп, құр сүлдені сүйретіп жүру журналист деген атқа лайық емес. Біз қоғамның қозғаушы күші болуымыз қажет. Айтқандай, қолына қалам ұстады екен деп көлденең көк аттыны одаққа мүшелікке қабылдауға болмайды. Өйткені кейбір адамдар зейнетке шыққаннан кейін, аннан-мұннан әр нәрсені түрткілеп жүріп, газетке 2-3 мақала жариялайды да ебін тауып одаққа мүше болып алады. Одан қалса кейбірінің қай саладан келгені белгісіз, журналистикаға еш қатысы жоқ адамдар. Сондықтан облыстық Ішкі саясат басқармасы мен одақтың филиалы бірігіп жұмыс жасауы қажет. Осындай жұмыстарды жандандыра отырып, қоғамның да, журналистердің де белсенділігін арттыруға күш салса, сонда ғана төрағаның абыройы артып, жүзі жарқын болады. Мен бұл тірлікті Дәулет Төлендінің шыр айналдыратынына бек сенімдімін, – деді Ғалым Иембергенұлы.
Сонымен қатар жиын барысында ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының қорын ашу, одаққа мүше журналистердің тізімін жасау, филиал атынан жас журналистерді әртүрлі номинациялар бойынша марапаттап отыру ұсынылды.
Сөз кезегі келгенде республикалық «Еgemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман ұсынылып отырған кандидатураны қолдайтынын, жалпы айтылып отырған пікірлерге қосылатынын білдірді.
– Жалпы, жақсы еңбек еткен журналистер елеусіз қалмайды. Менің айтайын дегенім, республикалық конкурстарда бақ сынауға келгенде біздің облыстың белсенділігі өте төмен. Негізі Астана, Алматы секілді ірі қалаларда жүлде алып жүрген журналистер өз облысымыздың аудандарында еңбек етіп жатқан әріптестерімізден еш артықтығы жоқ. Сондықтан кез келген басылымдағы журналистерді әртүрлі тақырыптардағы додаларға қатысуға осы филиал міндеттесе, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана біздің өңірлік журналистердің таланттыларының республикаға аты танылады.
Сондай-ақ қазір жастардың кейбірі журналистиканы өз қал-қадірінше әртүрлі деңгейде түсінеді. Сол себепті жоғарғы оқу орнындағы журналистика факультетінің оқытушылары мен өзіміздің ардагер қаламгерлердің басын біріктіріп, жиі-жиі жиын өткізіп отыру керек. Өйткені біреулер «facebook» әлеуметтік желісіне пост жарияласа, соны журналистика деп ұғынады. Жас қаламгерлерді шын мәнінде журналистиканың қандай болатынынан осындай жолдар арқылы шым-шымдап болса да хабардар етіп отырсақ. Бұдан өзге тағы бір мәселе, кейінгі кезде журналистер газет, телеарна деп екіге бөлінетін жайт қалыптасып келеді. Газеттің, телеарнаның журналисі болып бөлек-бөлек жүру журналист атаулының арасын алшақтатады. Сондықтан, филиал алдағы уақытта осы мәселеге бас-көз болса, – деп ой білдірді Хамит Ерболатұлы.
Журналистердің бүгінгі уақыт талабына сай қызмет етуі, қаламгер жауапкершілігі, одақ жұмысын одан әрі жақсарту секілді ой-пікірлер ортаға салынған басқосуда республикалық «Жас алаш» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек, Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің бас редакторы Берік Жакулаев сынды азаматтар да Д.Төлендіұлының кандидатурасын қолдап, тұшымды ойын жеткізді.
Ұсыныстар тыңдалған соң облыстық «ARAI» газетінің директор-Бас редакторы Дәулет Төлендіұлының кандидатурасы дауысқа салынып, бірауыздан мақұлданды. Ал «Ғұмыр-дария» газетінің бас редакторы, «Қазақстанның Құрметті журналисі» Жаңабай Миллионов ҚР Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының кеңесшісі болып сайланды. Филиал төрағасының орынбасары болып Тараз қалалық «Jambyl Taraz» газеті бас редакторының орынбасары Бекнұр Сатыбалдиев, хатшылыққа облыстық «ARAI» газеті бас редакторының орынбасары Тұрсынбек Сұлтанбеков бекітілді.
Төраға ретінде жиын тізгінін қолға алған Дәулет Төленді облыстық филиалдың қоғамдағы ықпалын арттыруға күш салатынын, жүктелген міндет үдесінен шығуда сенімді ақтайтынын жеткізді. Алдағы уақытта бірінші кезекте Тараз қаласы мен әр аудандағы телеарна, радио және басылымдарда еңбек етіп жүрген қаламгерлердің санын нақтылау, одаққа мүше болып тіркелген журналистердің тізімін жасау, оның ішінде дүниеден озған одақ мүшелері мен аты-заты белгісіз азаматтарды қайта қарау, филиалды заңдық тұрғыда тіркеу, әлеуметтік желілерден ресми парақшалар ашып, кейбір мәселелерді сол жерде талқылау секілді тағы да басқа жұмыстар қолға алынатынын айтты.
Жалпы, журналистер қауымы филиалдың жаңа тұрпатта жұмыс бастауынан өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі де жанданатынына, билік пен халықтың арасына алтын көпір болуда БАҚ-тың ықпалы артатынына сенім білдіріп тарасты.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР