Sport

Жұлдызы биік Жамбыл спорты

Жамбыл спортының жұлдыз­ы әркез биік. Мұны толағай­лары­мыз талай бәсі биік бәсекелерде дәлелдеп жүр. Тіпті, саңлақ­та­ры­мыз Тәуелсіздік жылдарында өткен бірде-бір Олимпиададан жүлдесіз қайтқан емес. Бұл өңір спортының өрістеп дамып келе жатқанын айғақтап тұр.
Соңғы жылдары да Жамбыл спорты жаңа қырынан таныла бастады. Әсіресе, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының тізгінін Нұрбол Жүнісбеков қолға алғалы ұмыт болған ұлттық ойындарымыз қайта жаңғырып, жампоздарымыз жүлдені жаңбырша жаудыруда.

Сөзімізді нақты дәлелдермен ұштастырсақ, ағымдағы жылдың төрт айының өзінде спортшыларымыз халықара­лық, құрлықтық және республикалық жарыстарда 633 медаль иеленді. Оның 193-і алтын медаль болса, 195-і күміс және 245-і қола медаль.

Ең ірілерін атап айтсақ, биыл Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен Азия чемпионатында Мейіржан Әшіров еркін күрестен чемпион атанды. Ал, дзюдо спортынан соңғы жылдары қарсылас шақ келтірмей жүрген Аида Карчаева Ливанда алауы тұтанған Азия ойындарында алтыннан алқа тағынды. Дәл сондай, Тайланд мемлекетінің Бангкок қаласында бокстан жалауы желбіреген Азия біріншілігінде де жас спортшымыз Жансая Абраймова қарсыластарын қоғаша жапырып, Жамбыл бокс мектебінің мерейін үстем етті. Бұдан бөлек, грек-рим күресінен Ташкент қаласында жасөспірімдер арасында өткен сары құрлық бәсекесінде Дінмұхамед Қошқаров жасындай жарқылдап, абыройымызды тағы асқақтатты. Түркия мемлекетінің Стамбул қаласында каратэ-до-шотоканнан өткен додада болса, Ақбала Айнабекова, Айша Мұхамеджан, Дамир Бижанов, Әсел Сейдалиева есімді саңлақтарымыз төрт бірдей алтын медаль жеңіп алып, төбемізді көкке жеткізді. Сондай-ақ, Моңғолия мемлекетінің Ұлан-Батыр қаласында таэквондодан ұйымдастырылған Азия біріншілігінде де Алина Абдрахманова, Тимур Абдрахманов және Нұрғалия Мәлімнің чемпиондық атаққа қол жеткізуі біз үшін үлкен олжа.

Жерлестеріміздің жеткен жетістіктері мұнымен толастамайды. Армрестлинг спорты облыста енді дамып келе жатқанымен, АҚШ мемлекетінде өткен Әлем чемпионатында Екатерина Ляхова, Антонина Лисанская, Мамет Жүсіпов, Вали Фараджов және абсолютті салмақ дәрежесінде Дмитрий Трубин Әлем кубогының иегерлері атанды. Ал, еркін күрестен Юнус Гафуров Ташкент қаласындағы Азия біріншілігінде күміс жүлде иеленсе, Тайландта түндігін түрген Азия ойындарында бокстан Бейбарыс Жексенбай қола жүлдемен қуантты.

Бұқаралық спортты дамыту бағытына келсек, мұндағы көрсеткіштер де көңіл көншітерліктей. Биыл өңірде бұқаралық спортты жанына серік еткендердің саны 321 мың адамға жетіп, 28,8 пайыздық межені көрсетті. Өткен жылмен салыстырғанда бұл спортпен шұғылданушылар санының 2 000 адамға артқанын айғақтап тұр. Елбасының бұқаралық спортқа қатысты 2020 жылға дейін белгілеген межесі 30 пайыз болса, бүгінгі қарқынмен бұл белесті уақытынан бұрын бағындыратынымыз сөзсіз. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтың айтуынша, мұндай жетістікке жетуге спорт нысандарының елге қолжетімді бола түсуі сеп болған екен.

– Қазіргі таңда, облыста 46 спорт мекемесі елге қызмет көрсетуде. Олардың қатарында 6 спорт клубы, «Бұқаралық-спорттық шаралар өткізу орталығы», «Жоғары спорт шеберлігі мектебі», «Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығы», «Тараз-Арена» спорт сарайы, «Облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектеп-интернаты» және 35 балалар-жасөспірімдер спорт мектептері бар. Бұл мектептерде 22 олимпиадалық, 12 олимпиадалық емес және 9 ұлттық спорт түрлерінен тәлім берілуде.

Бұдан бөлек, Тараз қаласы мен аудандарда 25 аула клубы ашылып, 41 жаттықтырушы 3 000-нан астам адамды түрлі спортқа баулуда. Сондай-ақ, осы сәуір айында Байзақ ауданында қосымша тағы бір клуб құрылып, жыл соңына дейін Қаратау қаласы мен бірқатар аудандарда спорт кешендерінің лентасын қию жоспарлануда.

Ал, жалпы алғанда облыста 2 119 спорт нысаны болса, соның 1 605-і қарапайым халыққа қолжетімді. Оның 517-сі Тараз қаласында орналасқан болса, 1 088-і аудандарда. Міне, осы спорт кешендерінің көмегімен бүгінде бұқаралық спортқа тартылған азаматтардың санын арттырып, жоспарды артығымен орындап жатырмыз, – дейді Нұрбол Әбдімажитұлы.

Әрине, спорт кешендері санының артып, қолжетімді бола түсуі құптарлық қадам. Одан бөлек, бүгінде Орта Азияда баламасы жоқ «Тараз-Арена» спорт кешені де халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде. Бұл нысан қазір әлемдік додалардың түндігі түрілетін құтты орынға да айналып отыр. Оған дәлел, соңғы бір жылдың бедерінде мұнда Бүкіләлемдік бокс сериясының 8-маусымының кезекті кездесуі, КСРО спорт шебері Б.Ташметовты еске алуға арналған дзюдодан жасөспірімдер арасында XIV халықаралық турнирі, дзюдо, таэквондо, еркін және грек-рим күрестерінен «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы» кубогы, армрестлингтен «Open Asian Armwrestling Cup» халықаралық додасы, мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевты еске алуға арналған еркін күрестен құрлықтық аламандар өтті. Осылайша, «Тараз-Арена» спорт кешені арқылы да талай мемлекет тарихи Таразды танып, Жамбыл спортының беделін білуде.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылы Тараз қаласында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық спорт түрлерінен «Алаңдағы тоғызқұмалақ» және «Аула ойындары фестивалі» ұйымдастырылып, ұмыт болғанымыз қайта жаңғыра түсті. Айта кету керек, бұл республика бойынша алғаш Жамбыл облысында бастау алған жоба.

Міне, бұл Жамбыл спортының бүгінгі биігі мен жеткен жетістіктері. Әрине, бұған дейін де болған толайым табыстарды жоққа шығармаймыз. Десе де, биыл басқарма жұмысы басқаша бағдар алғаны айқын. Ол, әрине, спортшылардың жеңіске деген жігерін жани білген білікті басшы мен тәжірибелі мамандардың арқасы.
Жасай бер, Жамбыл спорты!

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР