Жұмағанбетов құмда жылыжай жайқалтып отыр

0 9

Облыстың ең шалғай Мойынқұм ауданының тұрғыны Исағали Жұмағанбетов жылыжай салып, кәсіптің жаңа түріне ден қойды. Ол ауа райы ыстық, жер қыртысы шөлейт пен құм болса да мемлекеттің көмегіне қол жеткізіп, қияр өсірумен айналысуда.

Мойынқұм ауданының табиғаты мал шаруашылығы үшін қолайлы аймақ. Алайда атакәсіптен бөлек мұнда өсімдік шаруашылығымен де айналысушылардың қатары артып келеді.
Ауыл тұрғыны нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының 2-бағыты бойынша 583 400 теңгені құрайтын қайтарымсыз грантқа ие болып, жылыжай шаруашылығын қолға алды. Қазіргі таңда ол жылыжайда қияр өсірумен айналысады.
Бүгінде халық жылыжай салу арқылы төрт маусымда да қажетті көкөніс алуға бейімделген.
– Бұл кәсіп үнемі күтімді талап етеді. Құмын қопсытып, суарып, қалыпты температураны сақтап отыру қажет. Табыс жаман емес. Ауыл тұрғындарына қиярдың 1 келісін 200 теңгеге сатып отырмын. Алдағы уақытта жылыжайды үлкейтіп, қызынақ егуді жоспарлап отырмын, – дейді кәсіптен нәсіп тапқан Исағали Жұмағанбетов.
Жалпы Жамбыл облысы бойынша 66 шаруашылықта көлемі 34,6 гектарды құрайтын жылыжай бар. 2021 жылы І кезеңінде оның 14,1636 гектар алқабына көкөніс, дәмдеуіш шөптер және құлпынай отырғызылған. Бүгінге дейін 385,1 тонна қияр, 108,6 тонна қызанақ және 88,8 тонна дәмдеуіш шөп, құлпынай жиналып, өнімдер Тараз, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының тұтынушыларына өткерілуде.

Кәмшат КӘДІРБЕК,
Мойынқұм ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.