Диагноз

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»

Written by Aray2005

Коронавируспен күреске жекеменшік медицина мекемелерінің қолұшын созатын уақыты жетті

Коронавирус кеселі – бүгін болып, ертең ұмытылар қорқынышты түс емес екенін аңғартты. Індет туралы алғашқы ақпаратқа сенбеген жұрт бүгінде ауруханадан орын таба алмай дал. Не дәріге, не дәрігерге қол жеткізе алмай басындағы бақытсыздыққа билікті кінәлап жатқан жұрт. Бәлкім дұрыс шығар. Аурудың алдын алуда кетіп жатқан ағаттықтар жоқ емес. Бұқараның жанына батып тұрған тұс та – осы. Дегенмен жергілікті билік бірден қордаланған мәселені байыппен шешуге күш салуда. Қара халықты сабырлыққа шақырып, медицина мекемелерін жұмыла жұмыс жасауға үндеуде.

Өткен аптада облыс әкімдігінде өткен жиында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев аймақ ауруханалары бас дәрігерлерінің, дәріхана желілері өкілдерінің және дистрибьюторлардың басын қосып, түйінді түйткілдердің түйінін тарқатуға тырысты.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың сөзіне сүйенсек, дәл қазір провизорлық стационарлардағы төсек қорының толтырылуы шамамен 50 пайызды құрайды екен.
– Науқастарды емдеу және оқшаулау үшін 1 145 төсек қоры әзірленіп, қазіргі уақытта 582 төсек ғана қолданылып отыр. Нақтырақ айтсақ, коронавирус індетін жұқтырған азаматтарға 665 төсек дайындалса, оның 275-інде науқастар ем қабылдауда. Облыстық көпбейінді аурухана инфекциялық стационарға ауысып, 300 орын дайындалса, онда қазіргі уақытта 78 науқас жатыр. Байзақ ауданы Мырзатай ауылындағы санаторийде 102 төсек дайындалып, 68 адам ем алуда. Ал облыстық балалар жұқпалы ауруханасында 235 төсек дайындалса, онда 133 науқас жатыр.
Салада маман тапшылығы айқын сезіледі. Қажетті мамандар тапшылығын шешу мақсатында зейнетке шыққан азаматтарды, резиденттерді тартудамыз. Одан бөлек фтизиатор, кардиолог, терапевт секілді мамандар қысқа мерзімді оқытудан өтетін болады. Сол арқылы маман тапшылығын жоюды жоспарлап отырмыз.
Дәрі-дәрмекпен облысымызды «СК-Фармация» компаниясы қамтамасыз етеді. Компания денсаулық сақтау саласындағы мекемелермен келісімшарт жасасқан. Жақын күндері қосымша дәрі-дәрмек жеткізілетін болады, – деп Марат Сейтбекұлы өңірдегі жағдайды қалыпты қылып көрсетуде. Бірақ бұл ақпаратқа сену қиын. Себебі ауруханалардан орын таппай зар жылап жүрген халық көп. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та осы тұсты баса айтты.
– Адамдар ауруханаға келіп, қабылдау бөлімінде бірнеше сағат кезек күтіп отырады. Науқастарға барлық қолайлы жағдай жасаудың орнына ауруханалар одан әрі нашарлатады. Жағдайды тез арада түзету қажет.
Тұрғындар ауруханаға жатқызылғаннан кейін де қажетінше емдеу шараларын ала алмайтындықтарына, дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігіне шағымдануда, – деп Бердібек Машбекұлы жауапты сала маманынан жауап алды.
«СК-Фармация» ЖШС өкілдігінің басшысы Айжан Тортаеваның айтуынша, пневмониямен ауыратын науқастардың көбеюіне байланысты жуырда 25,3 миллион теңгеге шұғыл дәрі-дәрмектер жеткізіліпті. Ол медициналық ұйымдардың өтініші бойынша дәрі-дәрмектерді жеткізуді жалғастыра беретіндіктерін айтты.
Дәрігерлер науқастардан бөлек олардың туыстарымен де жүйелі жұмыс жүргізбей отыр. Соның салдарынан жақынынан көз жазып қалған жұртшылық арыз-шағымдарын үйіп төгуде. Әсіресе уақытша провизорлық стационар болып жабдықталған облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігерлеріне айтылған сын да, тағылған мін де көп.
Аталған аурухананың бас дәрігері Азат Сәтжанов кемшіліктер бойынша жұмыстар жүргізілгенін, дәрігерлерге түсіндірілгенін айтады. Қазіргі уақытта ауруханада жедел орталық жұмысы іске қосылыпты. Онда халықтың наразылығын не тудыруда?
– Бас дәрігерлер кабинетте тығылып отырмай, шығып, адамдарға қазіргі жағдайды түсіндіруі керек. Сонымен қатар қиын жағдайлардағы азаматтардың денсаулығын сақтау үшін шұғыл нақты шаралар қабылдауы тиіс, – деп өңір басшысы мұндайда ақталуды емес тұрғындардың өмірін сақтауды ойлау қажеттігін ескертті.
Ал облысқа дәрі-дәрмек тасымалдаушы «Садыхан-Лидер» дәріханалар желісінің директоры Асқар Ағатаев, «Жасұлан» мен «Әмір және Д» дәріханалар желісінің директоры Әмір Нұрсеитов, «Қоныс Б» директоры Мөлдір Жанысбекова мен «24» дәріханалар желісінің директоры Гулистон Ескандерова дәрі тапшылығына тұрғындар мен дәрігерлерді кінәлап отыр. Олардың сөзіне сүйенсек, сау тұрғындардың өзі дәрі-дәрмекті артығымен сатып алып жатқандықтан дәріханаларда дәрі тапшылығы туындауда екен. Ал дәрігерлер бір дәрінің бірнеше аналогы болатындығын науқастарға түсіндірмеуде. «Осының себебінен дәріханаларда ұзынсонар кезек туындауда», дейді тасымалдаушы компаниялар.
Бәлкім бұлардың да сөзінің жаны бар шығар. Алайда облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жекеменшік медициналық мекемелердің жұмысын сынға алып отыр. Оның сөзіне сүйенсек, кейбір медицина мекемелері нысандарды сенімгерлік басқаруға алып алып, оны іске қоспай отыр екен. Сондықтан Бекболат Серікбекұлы сенімгерлік басқаруға алған нысандардың ішін жабдықтап, қажет болған жағдайда науқастар қабылдауға әзірлеуге жекеменшік медицина мекемелерін шақырды.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР