Жамбыл жаңалықтары

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»

Written by Aray2005

Жамбылдықтар Мақтаарал ауданына материалдық көмек жөнелтті

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазақ даналағы. Бірлікті ту еткен «Nur Otan» партиясы да бұл бағыттан ешқашан айныған емес. Осы орайда партия облыстық филиалы «Жамбылдық «нұротандықтар» – мақтааралдықтармен бірге!» ұранымен Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккендерге 15 тоннадан астам азық-түлік пен бірінші кезекте қажет заттарды жөнелтті.

– Бүгін еліміздегі бас партияның Жамбыл облыстық, Тараз қалалық, аудандық филиалдарының белсенді мүшелері Түркістан облысына 15 тоннадан астам гуманитарлық көмек, оның ішінде азық-түлік пен бірінші кезекте қажет заттар жөнелтті. Сонымен қатар «Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық филиалы Мақтаарал аудандары тұрғындарының сұраныстары бойынша «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға және балаларға арналған көпбейімді қоларбаны (инвалидная коляска) арнайы алдыртып, жолдады, – деді партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев.
Жамбылдық «нұротандықтар» жөнелткен материалдық көмекте көп сақталатын пастерленген сүт, түрлі сүт және макорон өнімдері, балаларға бөтелкелер, жуынатын ыдыстар, темір және пластмасса шелектер, сүлгілер, тұрмыстық техника, гигиеналық заттар, балалар мен ересектерге, нәрестелерге арналған көктемдік, жаздық жаңа киім-кешектер, аяқ киімдер, ыдыс-аяқ пен азық-түліктер бар. Оның ішінде айта кетерлігі «Тараз май» ЖШС 500 литр сұйық май, «Рола7» ЖШС 1 тонна макарон өнімдерін, «Бурный сүт компаниясы» ЖШС 3 тонна пастерленген сүт, 300 келі сары май және тағы да басқа түрлі өнімдер мен тұрмыстық техникаға қажетті заттармен көмек көрсетті.
Сондай-ақ партия облыстық филиалы жанындағы 25 «Jas Otan» жастар қанатының еріктілері заттарды жүк көлігіне тиеп, Мақтаарал ауданына алып кетті. Жасотандықтардан құралған еріктілер су тасқыны болған жерде көмек көрсетіп, халыққа жәрдемдесетін болады.

* * *

Кеше Тараз қалалық мәслихатының депутаттары ұйымшылдық танытып, көрші облысқа азық-түлік пен тұрмыстық техникалар жөнелтті.
Қалалық мәслихат, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі және №1 мектеп-гимназиясының басшылығының бастама көтеруімен қалалық мәслихат депутаттарынан 1 теледидар, 1 тоңазытқыш, 1 кір жуу машинасы, 5 үтік сынды бірқатар тұрмыстық техникалар мен гигиеналық заттар, киім-кешек, 4,5 тонна азық-түлік жиналыпты. Қайырымдылық көлігін Жамбыл жоғары политехникалық колледжінің ауласынан қалалық мәслихат хатшысы Батырбек Құлекеев бастаған депутаттар жолға шығарып салды.
Депутаттар көрші облысқа алдағы уақытта тағы да көмек жіберуге ниет танытып отыр.

* * *

Су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғындарына көмек көрсету мақсатында еліміздің барлық өңірлері мен кәсіпорындары, мекемелері, қоғамдық ұйымдары және басқа да жекелеген тұлғалары қатысып, қолдарынан келгенше қолдау көрсетуде. Жамбыл өңірінде де көмек беру мен қолдау акциясы апат жөніндегі суыт хабар жетісімен-ақ басталып кетті.
Дүйсенбі күні облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және өңірдегі этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен Мақтаарал ауданы тұрғындарына гуманитарлық көмек жөнелтілді.
– Күні кеше Қордай ауданындағы дүнген этномәдени бірлестігінің өкілдері тарапынан Түркістан облысына гуманитарлық көмек жөнелтілсе, бүгін облыс орталығында жалғасын табуда. Игі іске өзбек, күрд, орыс, неміс, дүнген, түрік этномәдени бірлестігінің өкілдері ерекше белсенділік танытуда. Сонымен қатар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жастар жаңғыру жолы» қозғалысының белсенділері де жүкті көлікке артысып, қолдан келген көмектерін аямауда, – дейді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығындағы облыс әкімінің бас инспекторы Жанболат Нұрмолдаұлы.
Ал облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамзан Магомадов аудан тұрғындарын қиын сәтте төзімді әрі сабырлы болуға шақырып, аман-саулық тіледі.

ПІКІР